Руханият

Мәди мұрасы – мәңгілік

Аласапыранға толы дәуірде өмір сүріп, қысқа ғана ғұмырын қуғын-сүргінде өткізсе де, қазақтың рухани әлеміне өшпес із қалдырған, дауылпаз әнші, композитор Мәди БӘПИҰЛЫНЫҢ туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Осыған орай Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында сирек кітаптар мен қолжазбалар және музей жәдігерлері бөлімі «Даланың дархан дүлдүлі» аталған кеш өткізді.

Мәди – қазақ әнінің құдіретті бір дәуірі. Бұған атақты «Үшқара», «Қарқаралы», «Шіркін-ай» әндері – дәлел. Қыран құстай қазақ әнінің заңғар биігінде самғаған бұл әндер халқымыздың асқақ рухын, даладай дархандағы мен мызғымас мәрттігін айшықтап көз алдыңызға әкеледі.

Шараға Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ермек Балташұлы, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Нұртас Смағұлов, қоғам қайраткері Ерғазы Жазықбаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарих, археология және этнография бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Сұлтан Тұрсынтай және студент жастар қатысты.

Қонақтар өмірі соқтықпалы-соқпақты болған, ғұмыр бойы әділетсіздікке қарсы күресіп, азаттықты ту етіп өткен тарлан тұлға Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты әңгіме қозғады. Журналист Ермек Балташұлы тұлға жайлы тың деректерімен бөлісіп, оның есімін ұрпақ жадында мәңгі сақтауға байланысты соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Ал, Сұлтан Нұрболатұлы «Мәди Бәпиұлы мұрасы» атты бейнеролик көрсетіп, мұражайда сақталған бабамыздың қолданған заттары туралы әнгімеледі.

Сондай-ақ, кеш барысында «Мәди әншінің фотосы мен видеосы табылды» атты бейнеролик, өмірі мен шығармашылығы туралы слайд және Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенттерінің орындауында әдеби композиция көрсетілді. Сонымен қатар, жазушы Жайық Бектұровтың «Мәдиге» жоқтауы мен ақын Серік Ақсұңқарұлының «Мәди» өлеңі оқылды. Мәдидің «Қарқаралы», «Қаракесек» және тағы басқа әндері әуеледі.

Қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button