Мұғалім мерейі
«Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері», Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иесі, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы. Міне, осы атақ-марапат дәл бүгін 70 жасқа толып отырған менің математик мұғалімім Серік Балпановтың білім беру саласында 40 жылдан аса тер төккен еңбегіне берілген әділ баға.
Ол 1953 жылдың 29 тамызында облысымыздың Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылында дүниеге келген. Осындағы орта мектепте болашақ жары Салтанат Арыстанбековамен бір сыныпта оқып, оны 1970 жылы екеуі де үздік бітіреді. Бұлардың әкелері Бәкіш пен Айтмағанбет осы жердегі Қылыш Бабаев атындағы кеңшарды өз қолдарымен құрып, елге еңбегі сіңген азаматтар болса, аналары Зәбира мен Мафруза жеті баладан тәрбиелеп өсірген аяулы жандар еді.
Сол жылы екі жас та Қарағандының жоғары оқу орындарына түседі. Серік Қарағанды педагогикалық институтының математика факультетінің, ал, Салтанат Қазтұтынуодағы Қарағанды кооператив институты экономика факультетінің студенті атанады. Содан мектеп партасынан бірін-бірі ұнатқан жастар үшінші курста оқып жүргенде бас қосып, отау құрады. Оған да жарты ғасыр өтіпті-ау! Құрдастары кейде қалжыңдап, «Екеуінің махаббаты бес жасынан басталған» дейді.
Келесі 1974 жылы оқу бітіріп, туған ауылына оралған дипломды жас мамандар алғаш еңбек жолын бастайды. Секең бір кезде өзі оқыған Үміткер орта мектебіне пәні бойынша мұғалімдікке қабылданып, Салтанат апайымыз кеңшардың бухгалтері, кейіннен ол тарағанда бас бухгалтері болып істейді.
Серік ағамыз мектебімізге ұстаз болып келгенде мен сегізінші сыныпта оқитынмын. Оның әр сабағы әсерлі де мазмұнды өтетін. Бізге небір қиын есептерді шығарудың жолдары мен тәсілдерін меңгертіп, әр тақырыпты миымызға құйып беруші еді. Сөзге шешен бесаспап жігіт аз уақыттың ішінде мектеп өмірін жандандырып, тәрбиелік мәні бар көптеген мәдени-спорттық шаралардың ұйымдастырушысы әрі ұйытқысы болды. Ауылда өтетін ас пен той, кез келген жиын Серік ағамыздың басқаруынсыз өтпейтін. Оқушылардың өзі оған қарап бой түзеп, үлгі тұтатын. Осы қабілетімен көзге түскен ол көп ұзамай мектеп оқу ісінің меңгерушісі болып, 1990 жылы кеңшардың партком хатшылығына тағайындалады. Бірақ арада бір жыл өтпей компартия да тарап тынып, бұрынғы қызметіне қайта оралуға тура келді. Сөйтсе де, осы бір жылдың ішінде кеңшар құрылуының 60 жылдық тойын, ал 1993 жылы жерлес ғалым, қазақтың тұңғыш агрономы Қылыш Бабаевтың туғанына 80 жыл толу салтанатының дүркіреп өтуінің басы-қасында өзі жүрген.
Секең мұнымен тоқтамай, 1999 жылы аудан орталығы Ботақара кентінен көшіп барып, сондағы қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 2001 жылдан 2015 жылға дейін директоры болып, оны аудан, облыста алдыңғы қатарлы етіп, зейнет демалысына шықты.
Бойына бірнеше өнер тоғысқан ұстазымыз белсенді әрекетінен бір танбай, 2018 жылы аудан құрылуының 80 жылдық тойында Бұқар баба рөлін сомдап, қалың елді тәнті қылғаны бар. Оны айтасыз, Салтанат апайымызбен вальсті билеген кезде әлі күнге замандастары ғана емес, кейінгі жастар да сүйсіне қол соғады.
Менің математика мұғалімім – тынымсыз ізденістің адамы. Ол сан жылғы педагогикалық тәжірибесі негізінде әріптестері Баян Көкенов пен Тілеуғалы Әміртаевпен бірлескен түрде физика пәнінен есептерді шығарудың жолдары мен үлгілері туралы үш бірдей кітап (2007, 2013, 2018 ж.ж.) шығарған. Бұған қоса аудандық, облыстық газеттерде қаншама танымдық, тәрбиелік мақалалары жарық көрген.
Мерейлі жасқа келіп, Салтанат апайымызбен «Алтын тойын» тойлап жатқан Серік ағамыз ұлағатты ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Балаларының бесеуі де жоғары білімді мамандар. Мейірханы мен Рамазаны кәсіпкерлікпен айналысса, химия ғылымдарының кандидаты Дарханы Қарағанды ауылшаруашылық станциясының директоры, Қаныш Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінде қызмет істесе, жалғыз қызы Мақпал – Экология министрлігінде департамент бастығы. Енді екеуі осы құлындарынан көрген 13 немересіне тоймай отырған асыл ата мен әже.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы