Білім

«Мұғалім қандай болса, мектебі сондай!»

Қарағандыда білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына арналған «Заманауи басшы – білім берудегі өзгеріс­тердің көшбасшысы» тақырыбында облыстық тұңғыш кәсіби форум өтті. Ұстаздар білім беру қызметіндегі тиімді тәжірибені талдады. Өндірістегі, практикадағы және бизнестегі ғылыми-зерттеу қызметін дамытуда тұрақты байланыс алаңын құруды көздеді.

Форумға облыстың қала, аудандарынан 174 мектеп директоры, сондай-ақ, аудандардағы білім бөлімдерінің басшылары мен әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, Астана мен Алматыдан арнайы шақырылған жетекші мамандар қатысты. Білім саласы қызметкерлері екі күн бойы орта білім беру әдістемесін жетілдіру, оқыту мен тәрбие жұмыстарын үйлестіру, мектеп бюджетін қалыптастыру мен білім ордасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу секілді көптеген өзекті мәселелерді ортаға салды.

Форумда өңірдегі білім беруді жандандырудың өзекті мәселелері талқыланды. Мұғалімдер білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тиімді басқарудың нақты құралдары мен әдістерін іздеді. Форумға қатысқан ​​облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей білім берудегі өзекті мәселелер – оның ішінде мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруға тоқталды. Білім жүйесін трансформациялау кезеңдеріне қатысушылардың назарын аударды.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалімі қандай болса, мектебі сондай болады» деген. Меніңше, басшысы қандай болса, мектебі сондай болмақ. Мектеп директоры мұғалімдердің аянбай еңбек етуіне, балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасайтын мықты менеджер болуы керек. Қарағандыда басталған «Заманауи басшы – білім берудегі өзгерістердің көшбасшысы» атты форум – облыс аумағындағы қала, аудан, ауыл мектептері басшыларының басын қосқан тұңғыш кәсіби форум, – деп атап өтті Әлібек Әлденей.

Форум орта білім беру менеджерлері үшін кәсіби кеңес алып, өзара тәжірибе алмасатын пайдалы алаңға айналды.

– Мектеп басшысы – өз ісіне берілген адал және өзінен де, өзгеден де үздіксіз кәсіби шеберлікті жетілдіруді талап ететін әділ, сонымен қатар, білім ордасының бүгіні мен ертеңі үшін әрекет ететін стратег болса, ол басқаратын мектеп гүлденеді, – деді Әлібек Үсенұлы.

Форум соңында PISA, пәндік олимпиадалар және мемлекеттік аттестациядан өту нәтижелері бойынша ​​облыстағы білім беру ұйымдарының директорлары марапатталды. Атап айтсақ, 4 директор облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 21 басшы Алғыс хатымен марапатталды.

– Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясының педагогикалық ұжымын ерекше жетістікпен құттықтаймын. Бұл – педагогикалық жүйенің барлық қатысушыларының жемісті жұмысының лайықты нәтижесі, – деп атап өтті Шәкәрім атындағы мектеп-гимназияның директоры Аягүл Нұрабайқызы.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button