Әлжуаз топты әлсіз әже күзетеді
Айдың-күннің аманында, талтүсте, мектеп қабырғасында, Таразда он екіде бір гүлі ашылмаған балаға жасалған азғындық – бала қауіпсіздігіне селсоқтығымызды тағы бір айғақтады. Осы оқиға қоғамның болашағына жүрдім-бардым қарайтынын жайып салды. Жалпы білім беретін мектептерге көпшілік қоғамдық орын ретінде қарайтын немкеттіліктен арылмағанбыз әлі. Бұған қайсыбір қала ортасындағы мектептерде ең құрығанда, басқасын айтпағанда, кәріз желісінің дұрыс тартылмағандығы дәлел. Содан селк етіп оянған құзырлы орындар әр аймақ мектептерінің даладағы әжетханаларын санап кетті. Болары болып, бояуы сіңіп, жеткіншектің тағдырын быт-шыт қылғаннан соң. Жау кеткеннен кейін қылышыңды тасқа шаптың не, шаппадың не енді? Десек те, бұл оқиға бала қауіпсіздігіне биліктің шақшадай басын шарадай қылып ойлануын талап етеді. Мектеп жасындағы бала қауіпсіздігінің мәселесі даладағы әжетхананы ішке кіргізумен ғана шектелмейді. Мұның сыртында баланың мектепке қатынауындағы, оқу орнындағы қауіпсіздігі және бар…
ӘЖЕТХАНА САЛУҒА ӘЛЕУЕТІМІЗ ЖЕТПЕЙ МЕ?
Қарағанды облысында, жаңылмасақ, 512 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 80-ге жуығы Қарағанды қаласының басында. Өзге қалаларда 20-30 мектептің шамасында. Жалпы, шаһарларда орналасқан мектептердің ұзын саны, біздің есебімізше, екі жүздің ортасынан асып жығылуы тиіс. Қалғаны, яғни, үш жүзге жуығы – аудан, ауылдарда. Енді осылардың қайсысында кәріз желісі бар, қайсысында жоғын ішіміз сезіп отыр. «Өлдім» дегенде, аудандардың басындағы мектептерде жарым-жартылай болсын, мектеп ішінде әжетхана қамтылған. Ал, қалған ауылдарыңызға ондай «өркениет» – арман. Сонда қайтпек керек? Бүгінгідей экономикалық әлеуетпен мектептегі балаларды қажеттілікпен қарық қыла алмай отырғанымыз кімге сын? Құзырлы орындардың басын тасқа да, тауға да соғып ойланатын бір тұсы – осы. Мұны бір деп қойыңыз.
МЕКТЕПТІҢ КҮЗЕТІ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?
Осы жаманат оқиғадан кейін Білім және ғылым министрлігінің барлық мектепке бейнебақылау құрылғыларын орнатуды міндеттегені мәлім. Министрліктің өзі барлық аумақтық білім басқармасы қолданыстағы нормативтік құжаттарда қарастырылған қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете бермейтіндігін жоққа шығармайды. Бейнебақылау камералары арнайы үй-жайға не орталықтандырылған күзет орнына орнатылуы тиіс. Олар міндетті түрде іске қосылуы және автоматтандырылған режимде немесе жедел басқару орталығына қосу мүмкіндігімен жұмыс істеуі тиіс. Жөн-ақ.
Ал, бейнебақылау орнатылды. Бірақ күзетіне келгенде, күмілжіп қаламыз. Жалпақ жұртқа аян, мектептің күзетінде кімдер отырғандығы. Зейнеттегі әже, тәтелер, көп ақша сұрамайтын, мектептің вахтасының аздаған тиын-тебенін зейнетақысына қосымша табыс ретінде ғана қарайтын жолы жіңішке қауымның өкілдері отыр. Әйтеуір, қара. Кірген-шыққанға «қайда барасың?» оқушы балаларға «екінші аяқ киіміңді ки»» деумен ғана шектелетін. Алда-жалда, жаман айтпай жақсы жоқ, ақыл-есі кем, не қандай да бір қауіпті адам мектепке баса көктеп кірсе, әлгі әжелеріміздің қай бұрышта қалатыны беймәлім. Қарсы тұрар қарияда, қыз-келіншекте қандай қауқар бар? Бір жұдырықтан аман қалса, жақсы. Сонда біз балалардың қауіпсіздігін кімге һәм неге сеніп тапсырдық? Қоғамның ең әлжуаз қорғауды талап ететін мүшелері – балалар десек, сол әлжуаз топты әлсіз әжелерге күзеттіріп қойғанымыз қалай? Неге мамандандырылған, арнайы күзет қызметіне мектептердің қауіпсіздігі жүктелмейді?
Керісінше, мемлекеттік мекемелерде, әкімдіктер, өзге де құзырлы орындарда бес қаруын асынған, кірсең де, шықсаң да, тінтіп, тексеріп кіргізетін күзет тұр. Өңшең ересек адамдар жиналған ұйым. Ал, қорғанбақ түгілі, қорқуды білмейтін балалар ұйымдарына дәл осындай күзет қайда? Күзетке зәру ұйым – мектеп пен балабақша. Әлде, басшылардың жаны балалардан қымбат па?
Осыдан біраз бұрын жүйкесі ауру адамның балабақшаға кіріп, ұйықтап жатқан 6 жастағы баланы бауыздап тастағаны мәлім. Оның алдында, бірер жыл бұрын мектепке қолына жарылғыш зат алып кірген тағы бір оқиға болған. Айта берсек, тізімдей берсек, мұндай арты ауыр қазаға әкеп соғатын жайттар көп. Тек, бетін әрі қылсын. Сондықтан да, балалардың қауіпсіздігін әжелер емес, кәдімгі мамандандырылған күзет мойнына алуы тиіс. Қауіпсіздіктің бір ұшы – осында. Бұл – екі.
Таразда осындай күзет болмағаннан кейін әлгі адамның мектеп ауласында емін-еркін жүріп, азғындық жасап кеткені.
МЕКТЕПКЕ ШЫҒЫП, ЖОҒАЛЫП КЕТСЕ, КІМ ЖАУАПТЫ?
Бүгінде баланы жалғыз жіберуден қорқады ата-ана. Өйткені, балаларға қарсы қылмыс жиілеп тұр. Үлкен шаһарларда балалардың мектепке баруы – проблема. Бұл проблеманың шешімін күткелі қай заман. Оның бірден-бір шешімі – балаларды мектепке тасымалдайтын автобустың шығарылуы. Көптеген өзге шетелде жолға қойылған бұл үрдіс бізде іске асатын күн әлдеқашан туған. Бірақ, қайғылы жайт орын алғанша, әрекет етпейтін жайбасарлығымыз жар бермей тұрған секілді.
Қауіпсіздігімен қатар, қоғамдық көлікте үлкен адамдармен бірге кептеліп, сығылысып тұрған балаларды көргенде, ет жүрегіңіз езіледі. Кейбірі аялдамасынан өтіп кетіп, зар еңіреп жылап та жатады. Сөмкесін жыртып, түймесі үзіліп, қоғамдық көліктен түсіп келе жатқан баланың болашағына кім жауапты?
Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде қоғамдық көлікте жолаушының көптігінен терезеге жапсырылып қалған баланың суреті шықты. Оңтүстік өңірде. Дегенмен, бұл кеп – әр баланың басында бар. Соның өзі – ойлануға сигнал.
Құзырлы орындардың мәлімдеуінше, мектепке дейінгі баланың қауіпсіздігі ата-ананың мойнында. Мектеп ауласына кірген соң – сол мектептің міндеті. Ал, мектепке барар жолдағы қауіпсіздік ше? Оған кім жауапты? Белгісіздік. Осы арадағы ақтаңдақты арнайы автобус жүргізу арқылы жоюға тиіс қоғам.
ТҮЙІН
Бұған дейін аузымыз бармаған қараң өшкір айуандықты атауға мәжбүрміз. Бұған оның қоғамда етек алуы – түрткі. Балаларды тападай тал түсте зорлатып, қорлатып қойған мына қан-жыны аралас қоғам түрткі. Ол айуандықтың аты – педофилизм. Жиырма бірінші ғасырдың тағы бір қасіреті. Ақпарат айдынындағы экспансия, қоғамның бетінің қытығы кетуі ақыры осыған әкеп тынды. Қазір елдің қала тұрмақ, алақандай ауылында, жат түгілі, туғаны, туысы балаларды зорлайтын азғындықтың асқынғанын аузымыз былғанса да ашық айтуға тиіспіз. Бұл қасіреттен болашағымызды, балаларды қорғай алмай отырмыз. Әлсіздігіміз бе, әлде дәрменсіздігіміз бе?!
Қызғалдақ АЙТЖАН