Басты тақырыпРуханият

“Ұлытау қымызы” Ұлы Дала дәстүрінің дәріптелуі

 «О, Ұлытау!

Қазақтың бас тауысың,

Елдігім, ерлігімнің бастауысың.

Ұлы, – депті Алты Алаш ұран салып,

Өзге таулар өзіңнен аспауы үшін».

Сайлаухан НӘКЕНОВ.

 

«Биенің сүті – сары бал,

Қымыздан асқан дәм бар ма?..

Желіде құлын жусаса,

Кермеде тұлпар бусанса,

Сәні келер ұйқының.

Жылқы қолдан тайған соң,

Қызығы кетер күлкінің…»

Халық өлеңі.

 

       Ұлытау ауданындағы Сарлық ауылына қарасты Кененбай тоғанының жағалауында «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орайластырылып, Ұлы Дала дәстүрлерін дәріптеу мақсатында өткізілген «Ұлытау қымызы» этнофестивалі, шынтуайтында, жалпыхалықтық мерекеге айналды. Болмысы тым бөлек, бітімі айрықша дара іс-шараны аудан әкімдігінің қапысыз қолдауы негізінде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ұйымдастырды. Жазира жайлау төсіндегі дүбірі мол думанға ЮНЕСКО өкілдері, Астана, Қарағандыдан құзырлы мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, Елорда мен Алматыдан танымал туристік агенттіктердің басшылары, қолөнер шеберлері, сондай-ақ, Ресей мен Балтық жағалауы елдерінен келген туристер қатысты.

DSC_2119

Құба жон, құла түзде өткеніне қарамастан, қалың елдің қызығушылығын тудырып, қатысушылардың қатары қара нөпір болған этнофестивальдің бес жылдық шежіре-тарихы бар екендігін айта кеткен жөн. «Ұлытау қымызы» – бұған дейін де ұйымдастырылып келген «Терісаққан көктемі» этномәдени фестивалінің мазмұны кең сипатты тұрғыда байытыла түскен екінші кезеңі, яғни, бастапқы іс-шаралардың заңды жалғасы. Оның аясындағы «Бие байлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» секілді рәсімдер 2015 жылы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілген.  Ал, биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы тарапынан ЮНЕСКО-ға оларды адамзаттың мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне қосу мақсатында дәйектелген негіздемесі бар ұсыныс берілген болатын.

Этнофестиваль шымылдығы Ұлт руханиятының шынайы жанашыры һәм қолдаушысы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омардың құттықтау лебізімен түрілді. Ұлы Дала Елінің ұлағатты ұстанымдарын ұрпақтан ұрпаққа мінсіз жеткізу жөніндегі Елбасы тапсырмаларымен мейлінше үндес «Ұлытау қымызы» этнофестивалінің жалпы қоғамның рухани даму үдерістеріне қосар үлесі туралы тағылымды сөз өрбіткен аудан басшысы тұтас елге толайым табыс тіледі.

Өз кезегінде ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссия жанындағы материалдық емес мәдениетті қорғау комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова Ұлт бесігіндегі оралымды істердің жалпыға өнеге-үлгі болары хақында ой толғады. Парасатты пайымдар ағынын тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнолог, «Қымыз фестивалі» жобасының ғылыми жетекшісі Ахмет Тоқтабай аса ұтымды жалғастырды.

Содан кейін жұртшылық желі басына бие байлау рәсімін тамашалады. Ұлттық киімдегі қыз-жігіттердің іс-қимылдарына бағдарлама жүргізушілерінің екі тілде сипаттама беріп тұруы мен орынды ойнатылған күй күмбірі оның тартымдылығын мейлінше арттыра түсті. Сипаттамалық сөз саптаулары сауын биелерді үйірден бөлу, желілердің қазығының қағылуы, олардың әзірлену тәсілдері, алғашқы қазықты ауылдың қадірменді қариясының жерге сіңіруі, қазықты қағатын тоқпақтар мен құлын ноқтасының өзіне тән ерекшеліктері, желінің басына, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жағу ырымдары және тағы басқаларына қатысты өрбіді. Сол арқылы, сөздің шынайы мағынасында, шеберлік сыныптары өткізілді.

Іле-шала ел-жұрт «Биебау шайынан» жаппай ауыз тиді.

Содан кейінгі кезек «Қымыз ашыту», «Қымызды аластау» рәсімдеріне тиген.  Ал, «Қымызмұрындық» мейрамы басталар тұста дауылпаздар соғылып, «Туға қымыз бүрку» рәсімі атқарылды. Елдің күші мен даңқын арттыра беру ырымы саналатын рәсімді ауыл ақсақалы Құрманәлі Әбілғазин жүзеге асырды. Тостағаннан ұртталған қымыз туға үш рет бүркіліп, самалмен толқындана тербелген Ұлттың басты рәмізі көкке бойлай бастағанда «Көк тудың желбірегені» әні шырқалды. Көңіл толқытар әсерлі әуенді қалың қауым қосыла орындады.

Бағдарламаға сәйкес әдемі рәсімдер бірінен соң бірі өткеріліп жатты. Солардың бірі – ортаға сабамен жеткізілген қымыздан ауылдағы жасы ең үлкен ананың бірінші болып ауыз тиюі. Бұл құрметке ақжаулықты ана Алпыс Қазиева ие болды. Одан әрі сабадағы қымыз тостағандарға құйылып, жалпы жұртшылыққа таратылды.

Жергілікті жұртшылық пен сырт аймақтардан келген қонақтарға, этнофестивальдің мәртебелі меймандарына жағалай тігілген киіз үйлерде, сондай-ақ, ашық аспан астында жайылған дала дастарқанында «Қымызмұрындық асы» берілді. Сөзі уәлі, аузы дуалы қариялар дәм қайырып, бата берді.

Дөңгеленген үстел басындағы бәтуалы сұхбаттан соң көнеден жеткен көшелі дәстүр бойынша ұлттық ойындар бәсекелері басталып кеткен еді. Бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған жігіттер жылқыны жығу тәсілдерін көрсетсе, бозбалалар асауды үйрету машықтарын паш еткен. Садақ атып, жамбыға дөп тигізу сайысында бақ сынағандар қатары да аз болмады. Найза лақтыру сыны осалдардың қолынан келмейтіні де айғақталды. Елді күлкіге кенелткен, қызығы мол сайыстың бірі «Қатынкүрес» болды. «Бәс қымыз» аталатын қымыз ішушілер жарысында, әрине, қатысуға ықыластылар қатары мол болғанымен, талап үдесінен шығушылар санатында аз ғана азамат бой көрсетті. «Мешкейлер жарысы» мейлінше тартымдылығымен есте қалды. Оның қорытындысында бір астау етті асқазанына еш қиналмай аттандырып, соңынан үш литр сорпа мен бес литр қымызды сіміре салған Жасұлан есімді азамат жеңімпаз болып танылды.

Ұлттық ойындар бәсекесінде жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға қол жеткізгендердің барлығына лайықты тарту-таралғы берілді.

DSC_1955

Сонымен қатар, этнофестивальде ха­лықтың назарына көрме жәдігерлері – көш­пелілер пайдаланған ыдыс-аяқтардың түр­лері ұсынылып, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгерген майталмандардың шеберлік сыныптары өткізілді. Бағдарламаның өте ұтымды түзілуі жалпы жұрттың ұлттық сусынға қатысты «уыз қымыз», «саумал», «бал қымыз», «сары қымыз», «түнемелі қымыз», «құнан қымыз», «дөнен қымыз», «бесті қымыз», «асау қымыз», «қасқыр қымыз», «қорабалы қымыз» секілді атауларына құлақ үйретіп, белгілі бір деңгейде олардың әзірлену әдістерін меңгеруіне негіз қалады.

Салт-дәстүрлердің мәні мен маңызына терең бойлап, жандары жадыраған қалың ел «Ұлытау» ансамблі мен ауыл көркем­өнерпаздарының концертін де қызыға тамашалады.

Сөз орайы келгенде Ұлытауда келесі жылы келісті іс-шаралар тізбегін бұрынғыдан да байыта отырып, «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі дәстүрлі мейрамдары» атты салтанатты шара өткеру жоспарланып отырғанын айта кету артықшылық етпейді.

Инна РЕЙ,

«Саят» туристік операторының директоры, Қазақстанның туристік операторлары қауымдастығының президенті: 

– Шынымды айтсам, Ұлытауға бағыт алғанда дәл осындай керемет тартымды әрі мағыналы іс-шараның бел ортасында болып, сан қызықты тамашалау мүмкіндігі туады деп ойламаған едім. Бәрі тамаша! Өткен ғасырларға көшіп барғандай күй кештік. Көшпелі халық мәдениетінің ғажаптығына күмәнсіз көз жеткіздік. Мен әр елде сан түрлі биік деңгейлі іс-шаралардың ортасында болып жүрмін. Алайда, бүгінгідей әсерге ешқашан бөленбегенім анық. Жомарт пейілді қазақтардың жөн-жосығы бөлек салт-дәстүрлерімен терең танысқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Осынау кең дала төсінде ұйымдастырылатын осындай мерекелердің қай-қайсы болса да ұлттық нақышымен, ерекше талғампаздығымен тамсандыратынына көзім жетті. Шексіз ризамын.

Ислам СЕКЕРБЕКОВ, 

«Air Astana» авиакомпаниясының  Қазақстан және Орталық Азиядағы сатулар жөніндегі директоры:

– Ұлт ұясы атанған өңірдегі бүгінгі мерекелік думанның куәгері болып, көңілім көркейіп тұр. Мына іс-шара Қазақ деген ғажап ұлттың баласы болғаның үшін көңіліңе мақтаныш сезімін ұялатар мейрам ғой. Ұлытаудың атағы мен даңқына бұрыннан-ақ қанықпын. Бірақ, осы жерде ата-бабаларымыздың аяулы салт-дәстүрлері осыншалықты деңгейде сақталып қалғанын білмеуші едім…

Біздің ұлттың танымында жылқы – қасиетті жануар. Жылқы мен жылқының бал қымызын әспеттеп, насихаттау – өте өнегелі іс. Бүгінгі этнофестивальді ұйымдастырушыларға тәнтілігім мен айтар алғысым шексіз. Осында алған әсерімді жүрген жерімде, өзім болған ортада қайталап айтудан жалықпайтын шығармын. Олай етпеу, мүлдем, мүмкін емес. Бабалардың баға жетпес дәстүрлерін жаңғыртып жатқан ағайынға бақытты ғұмыр тілеймін.

Суреттерді түсірген Б.Қожахметов.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button