БалқашТұлға

Ұлылардың табаны тиген топырақ

     Күләш Ыбыжанқызы САРДАРБЕК – Балқаш қаласының құрдасы. Бүкіл ғұмырын қазақ руханиятына арнап келеді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, тарихшы, өлкетанушы, Ұлт-Азаттық көтерілісінің 100 жылдық мерейтойлық медалінің иегері.

   Жақында Күләш апаймен әңгіме-дүкен құрудың сәті түсіп, Балқаш қаласының мерейтойы қарсаңында бұрын айтылмаған шежіре-сырларды қойын дәптерімізге түсіріп алған болатынбыз.

Күләш Ыбыжанқызы, сіздің қала тұрғыны болғаныңызға 75 жыл толыпты. Мысты шаһардың өсіп-өнуі көз алдыңызда өтті десек, артық айтқандық емес. Қала тарихынан сырт қалған деректер бар ма?

– Бар. Ол – «Балқаш өңірі – адам баласы мекендемеген қу дала» деген ұғымның қалыптасуы, Балқаштағы бірінші мектеп, кітапхана қай жылы ашылғандығы және көпұлтты қала болу себептері жайлы. Сусыз, топырағы құнарсыз шөл дала атанған жерде Балқаш атты сәулетті қала орнап, мыс-молибденімен, алтын-күмісімен, достығы жарасқан көпұлтты халқымен даңқы шықты. Шөлейт жерде ең дәмді қызанақ, қарбыз, жүзім, қарақат, шие, алма, алмұрт өседі. Сусыз деген далада түрлі ағаштар, әсем гүлдер жайқалады. Осының бәрі – адамның еңбегі.

Бірінші құрылысшылар келмей тұрғанда бұл өлке қандай болған?

– Археолог Алан Медоевтың зерттеуі бойынша Балқаш өңірі – адамзат баласының бір бесігі. Бұл пікір осы өңірден табылған палеонтологиялық, археологиялық ескерткіштермен дәлелденеді. Бұл өлкеде көне көшпенділер: ғұндардың, сақтардың, сарматтардың, көне түркілердің аттарының іздері қалған. Бұл өлкеде жауынгер-әйелдер- амазонкалардың тасқа салған петроглифтері бар. Қола заманындағы, көне темір дәуіріндегі алғашқы кенші-металлургтердің өнімдері, қару-жарақтары сақталған. Балқаштың қалалық тарихи өлкетану мұражайында 30 мың жылды қамтитын теңдесі жоқ петроглифтер коллекциясы мен көшпенділердің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін көрсететін дүниелер бар. 1972 жылы Мәскеуде Қазақстанның мәдениеті мен өнері көрмесі осы Балқаш петроглифтерінің галереясымен ашылған. 1978 жылы Алматыда Азия, Африка елдерінің жазушыларының жиынында осы тастағы суреттер таң қалдырып, қазақтың көне тарихынан дерек берген. А.Медоевтың «Гравюра на скалах» кітабы Балқаш мұражайы экспозициясын таныстырады. Бұл қалай болды дерсіз?! 1972 жылы 29 желтоқсан күні мені Балқаштың 1966 жылдан ашылмай тұрған мұражайына директор етіп тағайындады. Не қаражаты, не жабдығы, не жылу, ауыз су, байланыс жүйелері жоқ қаңыраған төрт қабырғалы үйде қаңтардың суығында іске кірісуге тура келді. Ол кезде партия айтты болды, бас тартуға құқығың жоқ. Сол қысылтаяң кезде геолог Владислав Николаев өте бағалы ғылыми материал Алматыдағы археолог А.Медоевтың қолында дегенді айтты. Оны іздеп геологиялық институттан тауып алдым. А.Медоев мені Ресейдің керемет ғалымдарымен танысуға, бағыт алуға үлкен қамқорлық жасады. Балқаш петроглифтерін жоғары бағалаған КСРО Ғылым академиясының академигі, археолог, этнограф, тарихшы, Сібір археологиялық мектебінің негізін қалаушы ғалым, Социалистік Еңбек Ері Алексей Павлович Окладниковпен, тарихшы, антрополог, археолог Борис Григорьевич Грязновпен кеңесетін болдым. Б.Грязнов Қазақстан жеріндегі қола дәуіріндегі көшпенділердің тұрмысы мен мәдениетін, сақтардың, массагеттердің, үйсіндердің тарихын зерттеуші ғалым.

Шалғайдағы Балқаштан қазақ қызының өздері өмірлерін арнаған ғылымға ден қойғаны олар үшін де қызықты болған шығар?

– Иә, Борис Грязновтың 1935 жылы Мәс­кеуде шыққан «Казахстанский очаг бронзовой культуры» еңбегін, А.Окладниковтың «Томские писаницы» кітабын, осы ғалымдардың өздері берген басқа да аманат-жәдігерлерін сақтап келемін. Осылармен бірге археолог ғалымдар – Борис Григорьевич Тихонов, Евгений Игнатьевич Крупнов КСРО Ғылым Академиясында А.Медоевтың Балқаш петроглифтері жөніндегі ғылыми баяндамаларын құптап, бағалағандары туралы қол қойған құжаттар менің қолымда. Сонымен, Еуропаға әйгілі ғұндар, алтын мәдениетімен теңдесі жоқ сақтар, ер түркілер – қазақ деген халықтың ата-бабаларының, мемлекеттік рәміздері – киелі көк бөрінің бейнесі бар көк туы, найзасы мен жауынгерлік айыр қалпағы ерекше ауыр атты әскері болған алғашқы мемлекет «Түркі қағанатынының» іздері қалған киелі жер – Балқаш өңірі дей аламыз. Сонысымен қымбат. Көз көріп, ақыл-кеңестерін аямаған ұлы ғалымдарға алғысым шексіз, жатқан жерлері жайлы болсын.

Әрине, ғасырлар бойы жер де, қоғам да ауысып отырды. Балқаш жағалауы миуа қамыс, жолбарыс, аю, дала шошқасы жортқан, бірқазан, аққу, шағаласы шаңқылдап, қара балық, ақ балық, сазандары, ондатры жағаға дейін жайлаған жер. Бірақ, суы ащы, бақа-шаян, бүйі-қарақұрт, маса деген көп болған. Қараменде би бастап әкелген Дадан Тобықтылар Балқаш көліне құяр тұстан – Басдересін-Ортадересіннен Тоқырауын өзенін бойлай қоныс тепкен өлке – атажұртымыз. Адольф Янушкевичтің айтуынша, Құнанбай қажы Балқаш жағалауын сан рет аралаған екен. Кеңес үкіметі орнағанға дейін адам аяғы баспаған қу дала дегенді жоққа шығарар ғылыми айғақ баршылық.

Екінші мәселеге тоқталсақ, Балқашта бірінші көпқабатты үйлер, типтік мектеп ғимараты 1935 жылдың аяғында салынып біткені белгілі. Қысқаша Балқаш тарихына көңіл аударайық. 1929-1930 жылдарды М.Русаков болашақтағы Балқаш мыс комбинатының ертеңіне сенді. Ол кезде елсіз Қоңырат кенішінде аздаған геологтар ғана болған. 1931 жылы Қоңыратқа ауыл қазақтары орын тепті. Бірінші партия ұясы құрылды. Хатшысы Мұса Сағынов, комсомол ұясын Жоламан Асайынов басқарды. Қоңырат поселкелік Кеңесі төрағасы Елеусіз Жұмахов. Сөйтіп, Балқаштың бастауы – Қоңырат. Ал, 1930 жылы жазда ғана Балқаш жағалауына – Ескі алаңға құрылысшылардың бірінші отряды – инженер-техниктер, мамандар – 30 салт адам келген, киіз үйді паналаған. Теміржол, әуе жолы, байланыс жүйесі жоқ, ауыз су қат, баспана жоқ жерге отбасымен кім келсін?! Балқаш туралы алғаш кітап жазған Пинегина 1931 жылы Балқаш құрылысында 1150 адам тұрды деп көрсетеді. Аталған дерек осы күнге дейін негіз болып келеді. Бұл, тек, құрылыста жұмыс істеген адамдардың саны. 1933 жылы тұрғындар саны 15 мың деп көрсетеді. Ал, 1931-1933 жылдардағы аштық нәубетінен демограф Мақаш Тәтімовтың толық емес есебі бойынша 50 мыңға тарта қазақ шейіт болады. Сонда күнкөріс көзін іздеп ағылған дала қазақтарының есепке алынбағаны, қаншасының тірі қалғаны белгісіз екені түсінікті ғой. Азық-түлік тек жұмыспен қамтамасыз етілген адамдарға ғана есептелгені анық. Жергілікті қазақтар, әрине, отбасымен, бала-шағасымен келген. Комбинаттың салынатын орны: байыту фабрикасы, мыс зауыты, жылу электр стансасы, сондай-ақ, қаланың салыну орнының жоспары 29.06.1932 жылы ғана белгіленген. Құрылыс Ескі алаңда ғана уақытша тәжірибе алаңын салу үшін жүрген. 1933 жылы күздің қара суығында Балқаш құрылысы мен Қоңыратта небары 2500 жұмысшы қалдырылып, қазақтарды оңтүстікке – Бөрлі төбеге баржаларға тиеп, апарып тастағанын көзімен көріп, куә болған Балқаштың бірінші құрылысшысы Л.Маленко айтып берді. Қазақтардың келуін тыйылту үшін жағалауда тігілген киіз үйлерді өртеген. Мәселе 1934-1935 жылдарға дейін Ресейден келген құрылысшылардың салт келгендігінде. 1931 жылы Қарқаралыдан оқып келген жас жігіт Ғабдолла Тілеулин Ескі алаңда киіз үйде қазақ балаларын жинап, бірінші бастауыш мектепті ашып, оқытуды әліппені үйретуден бастаған. Солардың біразы 1941 жылы қазақ орта мектебін бітіріп, аттестат алды да, майданға аттанды.

1934 жылы комбинаттың жобасы бекітілісімен «Бой за Балхаш!» деген ұранмен әр жерден жастар жолдамамен ағыла бастады. Ал, 1935 жылы бойдақ құрылысшылардың сұрауымен кемемен Ресейден жүздеген қызды алып келген. Мамандар отбасымен келе бастады. Балалары Ресейде сауат ашып келгендіктен бірден жетіжылдық орта орыс мектебі ашылды. Оқушылар 1939 жылы бітірді. Балқашта 1929 жылы мектеп түгіл, құрылыс басталған жоқ. Құрылысқа келген мамандар алғашқыда тұрақтап қалуды мақсат етпеген. Кейін солай болды да. Көпұлттылық осы 1934-1935 жылдардан пайда болды. Ал, бірінші салынған мектепке 1936 жылы орыс-қазақ мектебі орналасты. Директоры Голоенко, қазақ мектебі үшін оқу ісін меңгеруші Ғ.Тлеулин басқарды. Орыс сыныптары толық осында болғанмен, сыймаған соң қазақ балалары үшін бастауыш мектептер құрылыстың әр жерінде орналасты. 1937 жылы қазақ мектебі үшін арнайы ғимарат қазан айында берілді. Яғни, бұл – екінші салынған мектеп. Сондықтан, бірінші орыс мектебі, екінші қазақ мектебі деген – мектеп ғимаратының реттік саны. Оның артында қазақ мектебін ығыстыру, кемсіту саясаты жатыр. Аш-жалаңаш қазақтар Балқаш мыс комбинатының, қаланың көпқабатты үйлерінің іргетасын қайламен, күрекпен қазғанын жоққа шығару – күнә. Техника дегенің, тек, Қарағанды-Балқаш теміржолы қосылғаннан кейін 1935 жылы желтоқсан айынан бастап жеткізілгені мәлім. Осы мектеп жайында мен сан рет мұрағат құжаттарымен дәлелдеп, деректі фильм де түсіріп, Балқаш, Приозерск қалаларының теледидарынан көрсеткенмін. Фильмді Абай мектебінің директоры Қ.Қағазбеков ағамыздың қолына бергенмін. Бірінші қазақ мектебі 1931 жылдан деген дұрыс. «Мың киіз үй өртенді деген құжат жоқ» деп байбалам салған мұрағат меңгерушісі Макаровамен қатар еңбектес болсам да, тірі куәларды алдына әкелгенімде мойындамауға шамасы келмеген еді. Саясатпен жасалған зұлымдыққа, бұрмалаушылық әрекетке әрқашан із қалдырылмау мақсат болғаны белгілі ғой. Кітапхана, «Балқаш жұмысшысы», «Прибалхашская правда» газеттері 1932 жылдан бастау алады. Құрылысқа келген мамандар көптеген кітаптар ала келген де, ұйымдасып ортақ кітапхана ашқан. 1934 жылы поселкелік Кеңес төрағасы Жанәлі Бархиев тұрғындарды есепке толық алып, төлқұжаттар беру, қоғамдық негізде жұмыс істеп тұрған кітапхана, клуб, емхана, нан зауыты секілді мекемелерді ресми түрде тіркеп, атауларын беруді жүзеге асырған. Орталық кітапхананы 1939 жылдан ашылған деп мерейтойлар өтті. Бұл – қате. Негізі 1932 жылда қаланып, 1934 жылы ресми тіркелгені жайлы жергілікті газеттерде көрсетілген. Б.Майлин 1935 жылғы естелігінде 1000 орындық клубта үлкен кітапхананың кітап қорында орыс, ағылшын, неміс, француз, қазақ тілдерінде кітаптарды көргенін жазады. Мұрағатта кітапхананың 1939 жылы ашылғанын дәлелдейтін де дерек жоқ.

Есімі аталмай қалған, қиын-қыстау кезеңде еңбек еткен азаматтар жайлы дерек бар ма?

– 1931 жылы шілде айында аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы Мадалиев, 1933 жылы Балқаш құрылысы бірінші комсомол жетекшісі Серік Акимов (Қарағандыда тұрды, кездескенмін), 1934 жылы алғашқы «Балқашқұрылысы» поселкелік Кеңесі төрағасы Жаналы Бархиев, журналист (репрессия құрбаны), 1937 жылы қаланың бірінші төрағасы болған Зұлхарнай Шибұтов, токарь, Ленинградтың «Красный выборжец» зауыты ФЗО мектебін бітірген, 1941-45 жылдардағы соғыста қаза тапқан Рамазан Дүйсебаев, Ықылас Коринеев сынды қала басшылары – 1938 жылғы саясат құрбандары, ең қиын кезеңде ауырлықты көтерген зиялы азаматтар екенін жастар біле бермейді. Балқаш мысын, молибденін өндірудің технологиясын ашқан инженер, Сталиндік сыйлықтың лауреаты Евлампий Антоновский де атаусыз қалуда.

Сіз Балқашқа Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтың, Талғат Бигелдиновтың келуін ұйымдастырыпсыз. Осы жайлы айтсаңыз.

Иә, мұражайға Балқашқа қатысы бар атақты адамдар туралы деректер жинаған едім. Қазақтың үш батырымен көп араластым. Үшеуі де Балқашта болды. Р.Қошқарбаев ағамыз Балқаш мыс зауытының ФЗО мектебінің түлегі. Соғыстан соң Сарышағанда теміржол жүйесінде жұмыс істеген. Талғат Бигелдинов соғыстан кейін Балқаш аэропортын салуға араласқан. Қасым аға – қазаққа ортақ батыр. 1984 жылы Рақымжан ағаның 60 жасқа толуына байланысты мұражай арқылы шақырдық. Қазіргі М.Хамзин атындағы Кеншілер мәдениет сарайында үлкен кездесу ұйымдастырып, Қасым аға екеуін қатыстырып, теледидардан хабар жүргіздім. Бұл бір балқаштықтар үшін тамаша мәнді оқиға болған. 12 жыл бойы Мәскеу, Подольск мұрағаттарынан, Германияда журналист Карл Кокошко арқылы Ұлы Жеңістің соңғы кезеңін зерттеп, Рахаңның Рейхстагқа алғаш ту тіккенін анықтап, материал жинадым. Режиссер Аман Альпиев деректі фильм түсірген. Балқашта «Әкелер даңқы жолымен» атты республика жастарының слетінде алғаш көрсеткенбіз.

Сондай-ақ, Димаш Ахметұлы Қонаевтың, ҚазКСР Ғылым Академиясы Президенті Асқар Қонаевтың қабылдауында болғаным бар. Димекең Балқашқа жиі келетін де, мұражайға соқпай кетпейтін. Одақ бойынша түсті металлургия саласындағы ірі тұлға Камал Қадыржанов, оның жұбайы Мәймүна Қонаева-Қадыржанова мұражайға сан келген, жақсы сыйласқан едік. Камал ағамыздың барлық марапаттары Балқаш мұражайында сақтаулы. Белгілі суретші Сахи Романов негізі Ақтоғай елінің тумасы, Қарабұлақ жерінен. Қолдау көрсеткен ағаларымыздың бірі.

Тегі тағдыр жеңіл өмір бермесе де, мен бақытты адаммын. Өмірдің қиын асуларын жеңу үшін білім алуға ықпал етіп, бауырмалдықпен жан-жақты қолдаған достарым Шайда Искакова, инженер, Қарағанды шахтасында жауапты қызмет атқарған, Балқашта бала кезімізде бірге өстік және оның отағасы Қоңыр­қан Қаппасов, Қарағанды Мемлекеттік университетінде психологиядан дәріс берген ұстаз. Қарағандының бетке ұстар азаматтары болған марқұм, академик Жамбыл Ақылбаев, Абдрахман Игіліков, ерлі-зайыпты Болат-Рахима Мұңайтпасовтар сынды әрі ұстаз, әрі қадір тұтқан замандас достарымның ортасында мамандық алып, еңсемді көтерген кездерім үшін басымды иіп, рахмет айтып отырамын. Еңбек жолында өсуіме қазақтың зиялыларының ықпалы болды.

Осы тұста айтайын дегенім, Алматыда АХАЖ бөлімдерінің жаңаша жұмыстарын бағалайтын конкурс өтті. Балқаш АХАЖ-ы озып шыққанда Минис­трлер Кеңесінің заң комитеті төрағасы Бұлғақбаев марапаттап, ағалық ықыласын, кеңесін үзбеді. Ал мұражайда директор болған кезімде Қазақстан Мәдениет министрлері Мүсілім Базарбаевтің, одан соң Өзбекәлі Жәнібековтың қамқорлығын көп көрдім. Мүсілім Базарбаев өте биязы кісі еді. 1973 жылы А.Медоевтан Балқаш петроглифтерін Мәскеуге жіберу туралы бұйрық берілгенін естіп, Алматыға ұшып барып, Министрге кірдім. Мән-жайды білген соң, коллекцияны Балқашқа жіберу туралы бұйрық шығарды. Бұл – Мәскеуді тыңдамау, басты бәйгеге тігу деген қауіпті жағдай еді. Нәтижесінде, 1973 жылдың 25 қыркүйегі күні Балқаштың мұражайы осы петроглифтер экспозициясымен ресми түрде алғаш ашылған еді. Оны Медоев пен суретші А.Горбатовтың өздері келіп, ғылыми түрде құрып беруін, коллекцияны Балқашқа жеткізуге ұшақ алып беруді шешкен Мүсілім Базарбаев еді. Еңбегімді бағалап, өз қолымен мақтау грамотасын ұстатқаны есімде. Қазақстанда ұлттық мұралар өмірге оралып, мұражайлар төрінен орын алса, ұлттық ансамбльдер, ұлттық киімдер қалпына келіп, тарихи ескерткіштер жөндеуден өтсе, ол Министр Өзбекәлі Жәнібековтің арқасы. Өте білімдар, өжет, шешен, ұлтжанды ақжарқын кісі еді. Балқашта мені 1985 жылы қалалық мәдениет бөлімі меңгерушісі қызметіне ауыстырды. Көл жағасында балаларға арналған бірнеше аттракцион орнату оңай болмады. Қаланы биіктен көрсететін «Чертово колесо» деп аталған аттракцион іске қосылмай тұрып қалған. Мамандары жоқ. Соған қала басшысы В.Куприянов мені кінәлады. Кабинетінде телефонын ала салып Министр Жәнібековке жағдайды айтып, көмек сұрадым. Мұражайдан кеткеніме ренжіңкіреп, телефонды бастыққа бер деді. Қаттырақ айтса керек, бастығым бәрін мақұлдап, телефонды қойған соң, «несіне Министрге шықтың, өзіміз-ақ шешетін едік қой» дегеннен басқа ештеңе демеді. Екі күннен соң мамандар келіп, екі жетіде аттракцион іске қосылды. Алғаш 1985 жылы 22 наурыз күні тұңғыш рет ұлттық Наурыз мерекесі осы аттракционды ашудан басталып, қалада үлкен мәдени шара өтті. Қоғам ауысып, өлара кезеңде осы жағалаудағы аттракциондар талан-таражға түскені өкінішті-ақ. Мәдениет министрлерінің қабылдауына қашан, қай кезде болсын телефон соғып, кедергісіз бара алатын едік және шаруаның шешім табатынына сенімді болатынбыз. Осы ел ағаларының қарапайымдылығы, ұлтына деген жанашырлығы, ата-мұра аманатына деген құрметі, халыққа жақындығы, мәдениет саласының қызметкерлеріне, қазақ жастарынан кадрлар дайындауға деген қамқорлықтары ғажап еді. Мен жүрген ортада адамға деген құрмет осындай болған соң, жұмысты ынтамен істемеуге арың бармайтын. Осындай ұстамдылық, адамдарға деген қамқорлық, әділеттілік қасиеттерін бұрынғы Тоқырауын ауданы әкімі болған ҚР еңбегі сіңген қызметкері, марқұм Б.Мейірмановтан байқаған едім. Қазір осы қазақ зиялыларының ізгі қасиеттері бүгінгі ел ағаларына неліктен жұғысты болмады. Қайда барсаң есігінде күзет, қатаң тізім,кірмек түгіл сығалай алмайсың.

Ғалым Русаковтың отбасымен де тығыз байланысыңыз болды ғой?

– Мұражайдағы геолог М.Русаковтың жеке құжаттары мен дүниелерін Ленинградтағы үйінен көшіріп әкелдік. Мен Русаковтың ұлы Игорьмен, немересі Михаилмен, келіні Нина Павловнамен көп араластым. Олардың бәрі геологтар, білімді, мәдениетті жандар. Эрмитажды аралап, Пушкиннің жүрген жерлерін көріп тамашалағанбыз. Русаков­тар Васильев аралында тұратын, аппақ күндізгідей жарық түн, өткелдердің айырылып жабылуы, әскери кемелер – бәрі үлкен әсер қалдырды. Ол үйде Курек, Наковник сынды геологтардың да ұрпақтарымен кездестім. Мәскеуде жазушы Котельниковтың Вера Хоружая туралы көп мәлімет берген кітабы да бар.

Мына мәселені айта кетейін. Бал­қаш­тықтарға таңсық деген өнер қайраткерлерін шақырып, концерттер өткіздік. Қазақстанның белгілі әнші-артистерінен басқа, Эдита Пьеха, Лев Лещенко, Кузнецов, сатирик Иванов, тағы басқа ансамбльдер, театрлар біздің мәдениет ғимаратын мақтап кетуші еді. Жобасы 1940 жылы бекітілген, іргесі 1946 жылдан көтерілген бұл ғимарат Қазақстанда бірінші салынған еді. 1952 жылы сәуірден бастап нағыз мәдениет ошағына айналды. Сол жылы бұлбұл Күләш Жасынқызы Байсейітова келіп, концерт бергенін көзім көрді. Ғимараттың бүгінгі халы көңілден шықпайды. Өмірім сахна мен мінберлерге байланысты өткен соң, мәдениет орындарының мәдениет қызметкерлерінің тағдырларына алаңдап отыратынымды жасырмаймын.

Өкініш тудыратын немесе күлкілі жайлар есте қалды ма?

– Адам болған соң бәрі болады. 1964 жылы алғаш неке тіркеу салтанатын жүргізуге Чайковскийдің 1-ші концертінің, Мендельсонның «Свадебный маршы» бар пластинка табу қиын болды. Ол кезде техника жетілмеген. Мендельсонды П.Кушнировтан алдық. «1-ші концерт» атақты Ван Клиберннің орындауында музыкант Урлахерден табылды. Бұл пластинка ол үшін ең қымбат дүние болса да, қиылып сұраған маған «көзіңнің қарашығындай сақта» деп зорға бергені. Апта сайын Металлургтер мәдениет сарайында сағат 12-ден бастап рәсім басталады. Осы екі пластинканы 10-15 жас жұбайлар үшін сонша рет ойнатамыз. Бір күні абайсызда Урлахердің пластинкасын сындырып алғаным. Музыканттың қатты ренжігеніне шыдай алмай, Мәскеуге ұшақпен барып, сатып әкелгенімді қайтейін, плас­тинка Ван Клиберннің орындауында болмаған соң, алмай қойды. Қарапайым музыканттың жылағаны осы күнге дейін мені қарыздар еткендей, өкініші естен кетпеді. Әттең, қазіргідей болса интернеттен тауып берер едім деймін. Өткен ғасырдың 60-жылдары қай ұлттан болсын жастарда ұялу, имену, иба сақтау секілді ар-намыс сезімдері басым еді. Жас жұбайлар ашық-шашық киініп, қаланы басына көтере машиналарды айғайлату, көп алдында шулап, жар салу болмайтын. Қазақ жастары салтанатты рәсімнен бас тартып, ұятқа санады. Алғашында бір ғана қазақ жастары келіскен соң, Әшірбек Мүсәпіров деген домбырашымен ақылдасып, «Жар-жарды» дайындадық. Мәтінін мен жаздым. Қызықтың көкесі болды. Салтанатқа шақырғанда татарлардың жас жұбайлары шықты. Қазақтар келмей қалыпты. Кенеттен Әшекең домбырасын күмбірлетіп, бес-алты әнші-күйшілерімен шыға келмесі бар ма?! Тоқтату мүмкін емес. Онымен қоймай жас жұбайларды айнала жүріп әндетсін. Суық тер бұрқ етті. Татарлардың құдалары көп. Қорладың деп айғай–шу шығармаса игі деген қор­қыныш. Бірақ, Аллаң жар берсін дегендей, татарлар қол шапалақтап, қуанып, қазақтар шашу шашқандай, думан болды да кетті. Артынан Әшекеңе не бүлдіргенін айтсам, «қайдан білейін, қазақтар екен деп қалдым» деп мұңая кешірім сұрағанда күлгеніміз бар. Аңқау, биязы, момын ағамыздың сан қылықтары еске түседі.

Балқаш жері – небір ұлылардың табаны тиген киелі топырақ. Бүгінгі ұрпақ сол ұлылардың өсиет-аманатына адал болса, қандай ғанибет.

Әңгімеңізге көп-көп рахмет. Балқаш өңірінде Наурыз тойын өткізуге де бірінші болып атсалысқаныңыз, ұйымдастырғаныңыз есімізде. Мерейтойыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

БАЛҚАШ қаласы.

СУРЕТТЕРДЕ: еңбек ардагері Күләш Сардарбекова және қала тарихынан көріністер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button