Руханият

Ұлы жырау болмысындағы рух

XVIII ғасырда Бұқар жырау жырларымен, XIX ғасырда Абай һәкім өлеңдерімен қазақ халқының даналығын, биік рухын көрер көзге көрсетіп, естір құлаққа естіртіп, сезер сезімге сездіріп кетті. Осы құнды дүниені адамзатқа, ғаламшарға, шексіз ғарышқа шашу қылып шашуымыз керек-ақ! Енді, Бұқар жырау шығармашылығына төмендегі авторлардың еңбектеріне сүйене отырып, тоқталып өтейін. XX ғасырдың тарихи биігінен «Бұқар жырау және Абай» мәселесін зерттеу – әдебиеттанушы ғалымдардың кезек күттірмейтін міндеті. Шын мәнінде де Бұқар жыраудан Абайға тартылған даңғыл жол сайрап жатыр. Екі дананың бірі елінің шетін жау ойрандап, отаршылық бұғалығы мойнына түскен кезеңде, екіншісі – орыс империясының отаршыл саясаты қазақ сахарасында ден алған шақта өмір сүрді. Ұлы жырау, ұлы ақын шығармашылығында тебіреніске түскен негізгі мәселе – ел тағдыры, халық тағдырына байланысты тарихты екі ғасырға әрі қарай жылжытты.

Бұқар жырауды кейбір зерттеушілер Демосфендермен теңейді. Сөз жоқ. Демосфен – ғұлама философ, ойшыл. Бірақ, дана Бұқар тұлғасы Демосфендерден әлдеқайда жоғары. Демосфен және оның әріптестері қара сөздің шешендері. Ал, Бұқар жырау болса, поэзия дүлдүлі, шешендікті көсемдікке ұластырған жан. Ол өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты аралаған көріпкел. Қара сөзден поэзия пәрмені, әзіз көсемдік бір саты биік, екі есе көркемдік бояуы қаныққан. Сондықтан, алып бәйтеректегі Бұқар жыраудың жапырағы Демосфеннің жапырағынан жоғарырақ нотада жырлайды.

Мәшһүр Жүсіптің төрт томдық «Мес» деп аталатын қолжазбасының бірінші томында Бұқар жырау туралы: «Абылай ханның заманында Төртуыл, Қаржас, Алтынторы Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні «Көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлаумен шығады екен!» – дейді. Шежірені бұдан тереңірек тәптіштеп таратсақ: Арғыннан – Қодан, одан – Дайырқожа (Ақжол), одан – Қара (Қарақожа), одан – Мейрамсопы, одан Сүйіндік, одан – Қаржас, одан – Алтынторы, Құлеке, Бегім. Атынторыдан – Мәмбетәлі, Жолымбет – Келімбет, Бегімбет, Артық. Жолымбеттен – Қойсары, Қалқаман, Рымбет, Назар. Қалқаманнан – Бұқар жырау. Бұқардың да үрім-бұтағы аз емес, бұлардың көбі сол Бұқар жырау дүниеге келген атамекенді қоныстауда. Құнарлы топырақта, тектіден текті туады, ата-бабалардың жолын қуады, жанұялық жотадан асып, тауға қарап қомданады, аспанға кең құшағын жайып сомданады, бара-бара даралықтың, даналықтың соқпағына түседі. Халқының мұқтаждығына, одан асып, адамзаттық мәселелерді оңтайлы шешуге күш-жігерін жұмсайды.

Ш.Уәлихановтың «Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың шығармашылық өмірбаянына қатысты ой-пікірлері де тарихилығымен құнды. Бұқар жырау ұзақ ғұмыр кешкен, тоғыз ханның заманында өмір сүрген, көпті көрген. Бұл орайда Шоқан Уәлиханов Бұқар жырау 1668 жылы дүние есігін ашып, 1781 жылы көз жұмғанын келтіреді. «Абылай ханның тұсында ол мемлекет жұмысына қайта араласып, ханның бас ақылшысы, ықпалды биі ретінде ел өміріндегі ірі-ірі істерге байланысты мәселелерді шешуге, түйінді байламдарды айтуға қатысқан. Бұқар жырау арабша сауатты, өз заманының ілім-білімдар адамдарының бірі болғаны белгілі» – деп жазады. Яғни, Бұқар жырау 113 жыл жасап, 13 жасынан ел-жұрт ісіне араласып, мемлекет деңгейіндегі мәселелерді шешуге өте белсенді араласқан деуге болады. «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» дегеніміз осы. Білімге ерекше дарынды қоссаңыз – дала академигі – деген тұғырлы тұжырым шығады. «Дала академигі» дегеніңіз – философ, фито-физиологиядан бастап, физика-астрономияға дейінгі шексіздік әлеміне қос қанатын кеңінен жая алатын қабілет.

Нұрлан Дулатбековтің редакторлығымен жарық көрген «Бұқар жырау» энциклопедиясы мені қатты толғандырып, кітапқа деген құмарлығымды шексіз дариядай толқытты. Сәбит Мұқанов, Манаш Қозыбаев, Мұхаммедрахым Жар-Мұхамедұлы, Мұхтар Мағауин, Серік Негимов, Мақсат Алпысбестердің Бұқар бабамыз туралы ой-толғамы ол туралы білім-ғылымымды атап айтарлықтай жаңғыртты. Әз кітапқа не жетеді!? Рахат дүниенің, ұжмақтың төрінде білім-ғылымға сусындап отырғандай күйге енесің, екі дүниенің таусылмастай байлығын сезінесің.

Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ.Халид, Г.Потанин, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, М.Мағауин, Р.Сыздықова тәрізді ұлт зиялылары еңбек сіңірді. Әдебиеттанушылар Бұқар жырау толғауларының жазба әдебиетке тән сипат белгілерін, атап айтқанда, әлеуметшілдік сарынын, азаматтық нысанасын, сондай-ақ, жыраудың даралық өзгешеліктерін жан-жақты талдаса (М.Әуезов), екіншілері өмірі мен шығармашылығына ден қойды (С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамедханов), соңғылары жыраудың тілі мен стилін қарастырды (Р.Сыздықова) жыраулық поэзияның жолы басқа, көтерер жүгі тарих ғылымының бір жуан бұтағындай болып, көрер көзге көрінеді. Бұл кісілердің телегей-теңіздей еңбегінен тарихи, әдеби, рух рауанының ләппай ләззатын аламыз!

Жыраулық поэзияға зер қойсақ, мына тұлғалар жадымызда жаңғырады: Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, ал Бұқардан кейінгілер Шал, Көтеш, Махамбет.

Қисапсыз қаһармандыққа зер тастасақ, ойымызға мына батырлар тізбегі түседі: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек…

Осы тұста Бұқар жырау есіміне іргелес тоғыз хан сөзіміздің өзегіне айналуы да заңды: әз Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшін, Әбілқайыр, Барақ, Абылай. Абылай 48 жыл бойы қазақтың бас ханы болған. Әр хан өз мүмкіндігіне қарай қазақтың жері үшін, елі үшін еңбегін сіңірді, жанын Отаны үшін қиюға әрқашан дайын тұрды. Кез келген қазақ батырын, биін, ханын өзімізге өнеге тұтамыз – өлшемдік таразысының оң табағын басып тұратын титан шарындай тартымды салмағын сансыз көпшілікке үлгілейміз.

Бұқар жырау толғауларында ұлттық сана-сезім, рухты күрескерлік, әлеуметтік сарын, философиялық дүниетаным, азаматтық әуен өз орнын тапқан. Озық ойлы Бұқарды мемлекет тағдыры мен мәртебесі, кемелденуі мен келешегі, тұтастығы мен бірлігі өте қатты алаңдатады. Бұл толғақты мәселелер өз күш-қуатын бүгінгі күні де жойған жоқ. Бұқар бабаның айтқандарының су бетіндегісін ғана топшылаймыз, ал сол мұхиттың астындағы айсбергтің 97%-дық қағидасы бізге беймәлім болып қала беретіндей көрінеді.

«Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боласың» демекші, оқи-оқи оқымысты, тоқитоқи тақуа боласың дегім келеді. Бұқар жырау бабамыздың хатқа түспей қалған толғаулары «Мен қазақпын! Мен мұсылманмын! Мен адаммын!» деген кісілерді толғандырмай қоймайды. Ондай адамдардың қиялы аспан көгіне ұшады. Су тұңғиығына түседі, ой-зердені қанаттандырады.

Замана ағымын болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе, таудың суындай төгілген шешен, ой ойласа, алысты болжайтын көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің тамырына айналған бірегей болат тұяқ кемеңгер тұлға, Бұқар жырау, абыздық деңгейге жетті. Абыз – көпті көрген, ұзақ жасаған қазыналы қария, көп болмысты білетін адам, сондай-ақ, жұлдыз санаушы, ақылман, сәуегей, көріпкел, есепші, шешен. Абыздық – дәстүр білім мектебі, рухани құндылық өзегіне айналған ерекше бір құбылыс. Абыздық мектебінен өткен адам тұманды күні де, жұлдызсыз түні де, табиғаттың үнін естіп, межелі жеріне, ежелгі беліне, шаршапшалдықпай, бұралаңды жолда адаспай, жайма-шуақ көңілде жетеді, жеңістің жұлдызды тойларын жарқыратып тамашалайды.

Әз Жәнібек заманында ханның абызы – Асан қайғы. Асан қайғы абыздың дәстүрін жалғастырушы – Абылай хан заманының абызы Бұқар жырау. Бұқар жыраудан кейін, хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі отаршылдық қалыпқа түскен соң, қасиетті, ақылгөй, өнерпаз, болжағыш, көріпкел абыздар мына адамдар: Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мәшһүр Жүсіп. Бұлар болғанымен, олардың әз Жәнібегі, хан Абылайы болмады ғой. Қоғам дамудың келесі сатысына, «уақыт төрешінің» үкімімен өтіп кетті. Бұл қоғам дамуының, прогрестік көзқарастың бір заңы, бүкіл әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік құбылыстардың өзара байланысынан туындайтын тотем, тыңға шығу, алға басу локомотивінің күш-қуаты.

Біршама тарихи құжатқа үңіліп, қазыналы қариялардың айтқан әздастандарына ден қойып, жыраулар тарихын зерделеп, Бұқар жырау жайлы өз түйгенімді жаздым. Бұқар жыраудың сүйегі жатқан жерді анықтап, ең алғаш оның басына белгітас қойған Мәшһүр Жүсіп.

Бұқар жыраудың, Мұса Шорманұлының және Мәшһүр Жүсіптің басына әдейілеп барып, Құран бағыштағаныма ұлы Жаратушыға шүкіршілік-ризалығымды білдіремін.

Жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері – жақсылық пен жамандық, елдік пен ерлік, ізгілік пен зұлымдық, әділдік пен әдептілік, жастық пен кәрілік, татулық пен араздық, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, тектілік пен азғындық, тұтастық пен бірлік. … «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана. Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек», – деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

Ұлттық кодымыз әл-Фарабидің, Бұқар жыраудың, Абай һәкімнің, Мәшһүр Жүсіптің болмысында мөлдіреген судың айшықты тамшысындай тұнып тұр. Қазақ халқына ғана емес, емен тамырлы тұранға да, қала берді барша адамзатқа қызмет қылуға құлшынып, сұранып, тұмарланып тұр. Өз дамуының ұзақ ғұмырында қазақ халқы небір жаугершілік пен отаршылдықтың көкесін көрсе де, рухани байлығын жоғалтпай, үздік жан қазынасын сұғанақ сөз, сумаң қолдан сақтап қалды, сақтай да береді. Ұлы бабалар көз жұмғалы бері қазақ даласында қаншама оқиға болып, оның төл халқы өлшеусіз құндылықтар мен қасіретті қан кешулер, қаралы да жаралы жылдар арқылы сан өткелдерден өтті. Адамзаттың асыл мұраттарындағы ең қажетті бірлік пен тірілік, ынтымақ пен тұтастыққа шақырған үн құлағымызға жетіп тұрғандай әсерде, басымызды биік көтеріп жүрміз!

Мақсұтхан АҚЫШТЕГІ,

ұстаз, өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button