Жаңалықтар

Ұлы тұлға, ұсқынсыз көше

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл толып отыр. Қазақ елінің саяси тарихында өзіндік орны бар тұлғаның атын құрметтеу – тек тарихи әділеттілік емес, ұрпақ алдындағы парыз. Алайда, бұл парыздың толық орындалып жатқанына күмән бар.

Сурет архивтен

Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов көшесінің қазіргі жағдайы – осыған дәлел. Қаланың дәл ортасында орналасқан көше жаяу жүргіншіге де, көлік жүргізушісіне де қолайсыз кепте. Жолдың ой-шұқыры, жарықтың жетіспеуі, тазалықтың жоқтығы – бәрі бірге көшенің сиқын қашыр­ған. Бұл көше – жай ғана көше емес. Көріксіз көше – ел мүддесі жолында қызмет еткен қайраткердің есімін иеленген орын. Нығмет Нұрмақов – Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған, алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі ретінде ел дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлға. Осындай тарихи адамның есімімен аталатын көшенің қазіргі көрінісі – құрметсіздік қана емес, ұят.

Сөзімізді нақтылай түсейік. Нұрмақов көшесі болашақсыз бағыт іспетті. Бір қарағанда, көше – Қарағандыдағы жеке сектордың қатардағы бір бөлігі ғана. Алайда, мұқият қарасаңыз, бұл көше қаланың дамуының шетінде қалып қойғандай әсер қалдырады. Мұнда қала өмірінің ырғағы да, жүйесі де, заманауи руһы да жоқ. Нұрмақов көшесі әдейі көлік жүйесінен тыс қалғандай. Яғни, қаланың маңызды нүктелерін байланыстырмайды, транзиттік жол бола алмайды және қозғалысты жеңілдетпейді. Қазіргі күйінде – ешқайда апармайтын, шеткері, бөлшектелген бір жолақ па дерсіз. Бұл көріксіз көше ескі сызбаның үстінде сызғышпен сызылып, кейін назардан тыс қалғандай әсер береді. Нұрмақов көшесінің аңғарынан көркем өмірге жан бітіретін дәмхана, дүкен немесе шағын саябақты кездестіру қиын. Көше бірсарынды, аласа ғимараттарға тұншығып қалған. Әлеуметтік инфрақұрылымның жалғыз нысаны – оңалту орталығы – бұл маңайда көзге түсетін нүкте де, тартылыс орталығы да бола алмау­да. Мұнда қозғалыс жоқ. Тіпті, картаға қарасақ, көше шамдары да жоқ сияқты.

Көшенің солтүстігі мен шығысында – шиномонтаж, қоймалар мен шағын автосервистер орналасқан. Мұндай өндірістік нысандардың тұрғын үйлерге жақын орналасуы жергілікті халықтың қуанышын тудыра қоймасы анық. Жасыл желек пен тыныштықтың орнына – үнемі шу мен май иісі. Қалалық абаттандыру бұл аумақты айналып өткен сияқты. Сонда «Бұл кімге арналған көше?» деген заңды сауал туындайды. Мұнда аялдама да, тротуар да, велосипед жолы да жоқ. Жаяу жүргіншілерге бұл жерде орын жоқ сияқты. Балалар мектепке техникалық орталықтардың жаны арқылы, жолдың шетімен жүріп жетеді. Қарттар үшін бұл көше – қолжетімді қалалық ортадан ажыраған кеңістік. Бұл – көше емес, көлікке ғана лайықталған тұйық жүйе. Алда не күтіп тұр? Қала инфрақұрылымын жаңғырту туралы жарияланған бағдарламалар фонында Нұрмақов көшесі Қарағанды картасындағы «соқыр нүкте» болып қала беруде. Егер қала билігі осындай аймақтарға назар аудармаса, олар мүлдем қалалық өмірдің шеңберінен тыс қалып қоюы мүмкін.

Әзірге Нұрмақов көшесі – болашағы жоқ көше. Ал, шын мәнінде, ол жайлы, қауіпсіз тротуарлары бар, жол жиегінде ағаштары жайқалған, қалалық қамқорлықтың ең қарапайым белгілері көрінетін тұрғын аймаққа айнала алар еді.

Бірақ, ол үшін ең маңыздысы керек – саяси жігер мен кәдімгі адами сауатты көзқарас.

Қоғам белсенділері мен қала тұрғындары бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп келеді. Енді бұл үн Қарағанды қаласы әкімдігі мен тиісті органдардың құлағына жетсе дейміз. Ел ардақтысына көрсетілер құрмет ең алдымен көшесінің жағдайынан көрінгені дұрыс. Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығы – еске алып қана қою емес, оның есімін лайықты дәрежеде ұлықтайтын мүмкіндік. Ал, бұл үшін ең қарапайым қадам – сол аты берілген көшені ретке келтіру.

Тарихты тұлғалар жасайды. Олардың есіміне деген құрмет – ұлттың өзіне деген құрметі. Нығмет Нұрмақов – елі үшін жанын шүберекке түйіп қызмет еткен, ерте жастан ел басқарған қайраткер. Ондай азаматтың есімімен аталатын көше қазіргідей мүшкіл күйде болуға тиіс емес. Бұл – бір ғана көшенің емес, тұтас қоғамдық сананың көрінісі. Ұрпақ үшін өнеге қалдыру – биік ескерткішпен өлшенбейді. Ол қарапайым істен, кісілік құрметтен, көше тазалығынан басталады. Әкімдік үнсіз қалса, бұл тек Нұрмақовқа емес, өз болашағымызға деген селқостық.

Осы орайда «Рас, кезінде Қарағанды билігі Нығмет Нұрмақовқа Михаилов бөлігіндегі елеусіз ұзындығы 700 метрдей бір көшеге атын берген екен. Расында, солай шешілетін болса, біздің қазіргі өскелең ұрпақтарымыздың зерделеріне ұялап, аттары естерінде мәңгі мақтанышпен айтарлықтай аталып жүрер еді ғой. Алайда, біздің билікте отырғандар үнсіз, тым-тырыс…» деген облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Төлеу Жаңғаловтың сөзі көп жайды аңғартқандай.

Ұлы есімге лайықты орынды қалыпқа келтіру – ұлттың өзіне, өз өткені мен келешегіне деген шынайы құрметтің бір көрінісі болар еді. Енді шешім – құзырлы органдар мен ел тізгінін ұстаған азаматтардың қолында. Тарих үндемейді, бірақ, ұмытпайды.

Мұқан НҰРМАҚОВ,
Н.Нұрмақовтың інісі

Басқа материалдар

Back to top button