Ұлық ұстаздың ұлағаты
Журналистік жолда қаншама радио, телехабарлар мен жазбаларымның кейіпкеріне айналған жақсы да, жасампаз жандар көп болғанымен, олардың қатарында «тонның ішкі бауындай» араласып, тіпті туыстай болып кеткен қымбаттылары көп емес. Сондай аяулы жандардың бірі де, бірегейі – бүгінде 85 деген сеңгірге сергек жеткен ұлағатты ұстаз Раиса Сейітқалиқызы Елеусізова. Жүзінен нұр төгіліп, мейірімге толы аялы көздері саған тек жақсылық тілеп тұратын шынайы болмысымен өзіңді бірден баурап алатын Раиса Сейітқалиқызымен әңгімелесіп, сырласудың өзі бір ғанибет!
Ана тілі үшін азап шеккен
1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінің» жалыны әлі басылмай, жер-жерде қудалау мен «тазалау» жүріп жатқан аласапыран шақта мамандығы химия-биология пәнінің мұғалімі болғанымен, орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Раиса Елеусізованың қазақ тілінің мәселесін көтеріп, облыстық басылымға мақала апарып беруі тас жұтқандай тәуекел еді. Сол «Қазақ тілін оқытуға салқын қарауға болмайды» деген мақаланы облыстық «Орталық Қазақстан» газеті облыста өткелі жатқан Қазақстан мұғалімдерінің IV съезі қарсаңында, 1987 жылғы 13 наурыздағы санында жариялайды. Айды аспанға шығарған мақаланы жазуға Қазақ ССР-і мен СССР Оқу-ағарту ісінің үздігі, қала орталығындағы «Құрмет тақтасында» суреті тұрған құрметті ұстаздың қазақ тілі сабағында оқушы дәптерінің сырты мен класс журналын қазақша толтырғаны үшін сөгіс естіп, ескерту алғаны түрткі болады. Кей мектептерде оқытылмайтын, ал оқытылса, жетімдік күйін кешетін қазақ тілін қайтсем аянышты халден құтқарам деген ұстаздың барлық реніші мен күйініші осы бір мақалаға сыйып кеткен еді.
Аймақ айнасына айналған облыстық басылымда жарқ ете қалған салмақты мақала қоғамда зор серпіліс тудырғаны есімізде. Білім саласының басшылары мәселені шешу жолдарын қарастырамыз дегенімен, олар алдымен мақала авторы – озат ұстазға қарсы «асауға – тұсау» салу науқанын бастап кетті. Дегенмен, білім сапасы үшін жауаптылар да жауапқа тартылды, қызметтерімен қоштасқандары да болды. Алайда, бұл күрес із-түзсіз кеткен жоқ. «Ана тілім – арым» деп басын бәске тіккен ұстаздың басшылар тарапынан жасалған қудалаулар мен айыптаулардан денсаулығы сыр беріп, ауруханада жарты айдай ес-түссіз жатты. Содан ол жерден «үшінші топтағы мүгедек» деген дәрігерлік анықтамамен шықты. Енді ұстаздық қызмет денсаулық үшін оңай болмайды деген қорытынды жасалғанымен, мақсат-мұратына адал Раиса Сейітқалиқызы сүйікті ісінен ешқашан қол үзе алмайтынын кесіп айтты. Өйткені, ұстаздық қасиет асыл анасы, 34 жыл мұғалім болған, орденді ұстаз Майдаш Айқынбаевадан берілген-ді. Ал, әкесі Сейітқали 1940 жылы бұл ана құрсағында жатқанда-ақ әскер қатарына алынып, іле-шала басталған сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан әкесінің жарқын жүзін бір көру бұйырмаған Раиса кішкентайынан батыл да, өжет болып өскен еді. Сол бірбеткей мінезімен сүйікті мектебіне, шәкірттеріне қайта оралды. Бала оқытуды ол өнер деп қарады, әр сабағына шығармашылық тұрғыдан шешімдер іздеп, тың әдіс-тәсілдер ойлап табатын. Бұл уақытта Раиса Сейітқалиқызы Павлодарда өткен республикалық педагогикалық оқуларда 1-орын алған, ал Алматыдағы педагогикалық оқуларда жасаған баяндамасын «терең зерделі ғылыми жұмыс» деп бағалаған ғалымдар қарағандылық мұғалімді ғылым жолына түсуге шақырған болатын. Бірақ «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, аға әдіскер Раиса Сейітқалиқызы алтын ұя мектебіне жіпсіз байланған ұлық ұстаз еді.
Атышулы мақаладан кейін басшылардың сол жылғы 9 мамырда Жеңіс күнінің құрметіне өтетін парадқа қатысушылар тізімінен өзін сызып тастап, майданда ерлікпен қаза тапқан әке әруағына тағзым ету құқынан айрылғанына егіліп жылағаны күні бүгінгідей есінде…
Қазақ сыныптарының анасы
Азаттықтың ақ таңы әлі ата қоймаған 1989 жылдан бастап, бұған дейін екі ғана қазақ мектеп-интернаты болған Қарағандыда қазақ мектептерін, орыс тілді мектептерде қазақ сыныптарын, балабақшаларда қазақ топтарын ашу деген маңызды күрес жүрді. Ал оның ұйытқысы болған, бел шешіп, білек сыбана кіріскен аға әдіскер ұстаз Раиса Сейітқалиқызы еді. Бұл кезде ол Қарағанды қалалық білім беру бөлімінің маманы болып қызметке ауысқан. Қазақ сыныптары мен топтарын ашу деген айтуға оңай бірауыз сөздің астарында қаншама қажыр-қайрат жатты. Қалаға қарасты бес ауданда үй-үйді аралап, ата-аналармен сөйлесіп, олардың күмәнді көңілдерін сейілтетіндей уәжді әңгіме айтады. Көше-көшемен жүріп, мектеп жасындағы балалардың тізімін жасау… Мектеп директорлары болса, «сегіз балаға жетпесе, класс ашылмайды» деп шалқаяды. «Мектеп те, балабақша да салып берейік, қазақша оқитын балаң бар ма?» деп керілетін басшыларды да көрді. Қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім, әдіскер де жетіспейді. Сондай күндері Саран, Абай педагогика училищесін бітірген жас мамандарды, университетке сырттай бөлімге түсуге келген жастарды көшеден көріп қалса да, мектепке шақырып жанұшыратын. Ауылдардан шақырылған, қалада тұрақты баспанасы жоқ жас мамандарды пәтермен қамтамасыз ету мәселелерін де тиісті орындардағы басшылар алдына қойып, тыным таппай жүріп, олардың әлеуметтік жағдайларының түбегейлі шешілуін өзі қадағалайтын.
Есепсіз еселі еңбек еш кеткен жоқ, 1990 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында қалада тұңғыш «Тілек» қазақ балабақшасы ашылды. Одан кейін «Жұлдыз», «Шолпан», «Алмагүл», «Балапан» балабақшалары алдымен аралас топтарға арналып, бірте-бірте біржолата қазақ балабақшалары болып ашылды. Бұл кезде қалалық білім бөлімінің әдіскер маманы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшесі Раиса Сейітқалиқызының тынымсыз еңбегінің арқасында қаладағы бірқатар мектептерде ашылып үлгерген тұңғыш қазақ сыныптары да өсіп, өркен жайып келе жатты. Сол алғашқы қазақ сыныптары ашылған аралас тілді мектептердің түгелге жуығы бүгінде бірыңғай мемлекеттік тілде білім беретін мекемелерге айналған.
Раиса Сейітқалиқызы сол жылдары жанын шүберекке түйіп, қазақ тілі үшін шырылдап жүрген намысты ұстазға қол ұшын созған Рашид Хасенов, Майдаш Оспанова, Маркашова сияқты қала мен білім бөлімдерінің басшыларын ыстық ықыласпен еске алады.
«Атамекеннің» анасы
Кеңестік жүйе билік құрған жетпіс жылдық дәуірде біз ұлттық тамырымыздан ажырап, ұлттық құндылықтардан айрылып қалдық. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді мансұқ етіп, өткен тарихты зерделей алмадық. Тәуелсіздігімізбен бірге осындай кем-кетіктеріміздің орнын толтыру мүмкіндігі туды. Сол кезеңде Раиса Сейітқалиқызы сияқты ұлағатты ұстаздың қиялынан күнде бір жаңа бастама туындап жататын.
Біреуін ғана тілге тиек етсек… Балалар мен жасөспірімдер сарайы жанынан Раиса Елеусізова «Атамекен» этно-мәдени тәрбие орталығын құрды. Алғашқы ашылған күнінен бастап, орталық халқымыздың ұлттық мұраларын насихаттап, жас ұрпақты кешегі өткен бабалардың өр рухымен тәрбиелеуді мақсат етіп қойды. Ұлтжанды ұстаз қалалық білім бөлімінде қызмет ете жүріп, «Атамекен» орталығының тұжырымдамасын әзірлеп, шаңырақ пен ортасынан жарылған киіз үйдің макетін ұлы Нұржанға сыздыртып алып, оның ішін қазақтың ұлттық бұйымдарымен толық жабдықтап шықты.
Раиса Сейітқалиқызы өткізген «Халық педагогикасы және бүгінгі ұрпақ» атты облыстық семинар, көптеген аудандар мен қалалардағы зерттеу-семинарлары қаншама мұғалімге ұлттық педагогиканың қыр-сырынан бағдар бергені де шындық. Орталықтың «Атамекенде қонақта» клубында балаларды аймақтың белгілі тұлғаларымен жүздестіріп, олардың ұлағатты әңгімелерін тыңдатып отыратын. Бірде балалар үйлерінен қазақ балаларын асырап алып кетіп жатқан шетелдіктер келді. Шетелдіктің жетегінде кетіп бара жатқан қаракөздердің жүзіне қарағанда жүрегі сыздады. Сосын Қаздауысты Қазыбек бидің «Алтын ұяң – Отан қымбат…» деп басталатын нақыл сөзін қағазға жазып, «Елдеріңізге барғанда осы тұмарды баланың төсегінің басына іліп қоярсыздар» деген өтініш-тілек айтты. Кейін «Атамекенге» мұндай қонақтар жиі келетін болды. Раиса Сейітқалиқызы оларға туған жердің қадір-қасиеті туралы айтып, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен таныстырып отыратын. Қоштасарда әрқайсымен аналық жүрегінің бір бөлшегі кеткендей сезінетін өзін. Қазір кейде сол балаларды есіне түсіріп, қандай азамат болды екен деп ойланатыны бар…
Раиса Елеусізова іргетасын қалап, 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеген «Атамекен» этно-мәдени орталығының мақсатында мектептерде енді қолға алынып жатқан «Біртұтас тәрбие» жобасының негізі жатқанын аңғаруға болады. Өкініштісі, «Атамекен» орталығының ендігі жабылып қалғаны..
Өзінің ұзақ жылғы ұстаздық ғұмырында Қазақстан білім министрлігінің, облыстық, аудандық кәсіподақ комитеттерінің Құрмет грамоталарымен талай мәрте марапатталды. Облыстық мұсылман әйелдері қоғамының төрағасы болған жылдары қыздар тәрбиесі мен жас отбасыларының көптеген мәселелерін шешуге атсалысты. Раиса Сейітқалиқызы 25 жыл бойы облыстық білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде білім беру саласының өзекті проблемаларына қатысты ұсыныстарын ұдайы айтып отырады.
Экономика ғылымының кандидаты Арғынғазы ата мен Раиса апай Сәуле, Нұржан, Айгүл атты ұл-қыз тәрбиелеп, жеткізді. Жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан балаларынан өрбіген немерелер де азамат болып, ат жалын тартып мінген. Аптасына бір рет шөберелер келіп, шаңырақты шаттыққа бөлеп кетеді.
Бұл күндері облыстың білім беру саласы мен Раиса Сейітқалиқызының мыңдаған шәкірттері ардақты ұстаздың 85 жасқа толған мерейтойын атап өтіп жатыр. Ұлағатты ұстаз, асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже Раиса Сейітқалиқызына ұзақ ғұмыр тілейміз!
Сағат БАТЫРХАНОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Суреттер кейіпкердің отбасылық мұрағатынан