Шет

Ұлық мерекеде – ұлағатты іс

Алла тағаланы жалғыз, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман қауым үшін жаратушымыз белгілеп берген Құрбан айт мерекесіне де жеттік. Күллі мұсылман жұрты аңсап күткен ұлық мереке Құрбан айт мерекесі аудандық мешітте айрықша аталып өтті. Хақ жолынан таймай, саналарына имандылық нұрын сіңірген аудан тұрғындары қасиетті, сауабы мол бұл күні мешітке көп жиналды.

Үш күнге созылатын мұсылман қауымының тойында ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Алланың разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдар мен міскін жандарға қамқорлық көрсетеді.

Құрбан айт күні таңсәріден жиналған жамағатқа мешіт іші толы болды. Аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин Айт намазына жиналған көпшілікке аудан әкімі М.Жандәулетовтің іс сапарда болуына байланысты Айт намазына қатыса алмағандығын айтып, құттықтауын жеткізді.

Имандылық ізгі істерден басталатынына тоқталған аудан әкімінің орынбасары мұсылмандардың ықылас-ниеттерінің түзу, бірлігінің нық болуын тіледі.

Мұнан соң бас имам Берік қажы Алпысбайұлы мерекенің мән-маңызын түсіндіріп, жамағатпен айт намазын оқыды.

Намаздан кейін мал сою алаңдарында ветеринар мамандардың бақылауымен құрбан шалынды. Қадірі асқан ұлы мерекеде құрбандыққа мал шалуды шамасы жеткендерге міндеттеген. Өйткені, Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.

Құрбандық шалғандар көп болды. Жеке кәсіпкер Р.Мұсаханов бір ірі қара малын сойдырса, аудан әкімдігі де бір ірі қара малды құрбандыққа шалды. Мұнан басқа, 10-нан астам қой сойылды. Аудан әкімдігінің қызметкерлері мешітте жағдайы төмен отбасыларына арнайы дастарқан жайып, ас беріп, аудан имамы жамағатпен бірге құрбан еттерін үлестіріп берді.

Құрбан айт мерекесі спорттық жарыстарға ұласып жатты.

Өз тілшімізден.

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button