Бас тақырып

Ұлық мейрам төрге озды

Біз құрбандыққа мал шалып, Құран оқытқан, ата-бабаның асыл үрдісін ұмытпаған, қастерлі мейрамды ұлықтаған елміз. Биылғы мейрам ғұламалар кеңесінің бекітуімен 9 шілде – 11 шілде аралығына сәйкес келіп тұр.

Қалай қарсы аламыз? Індет кезінде www.qurban.2020kz сайты арқылы құрбандықты қашықтан шалған едік. Сол жерде қалаған малына тапсырыс беріп, сауапты іске ұйытқы болды көбі. Сол үрдісті әлі де әрі жалғауға, яғни онлайн да құрбан шалуға болады. Бірақ, қазіргі сайт мекенжайы – www.qurban.2022kz.

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал, әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап екенін айтады Өмірзақ қажы Қазкенұлы.

– Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет оң болуы, одан кейін сойылатын мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қой, ешкі, жылқы, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал, – дейді бас имам.

Онлайн құрбан шалу дәстүрінің қолданылып келе жатқанына биыл үшінші жыл. Сол жерден соятын малыңызға тапсырыс бере аласыз, мұқтаж жан болсаңыз, ет алуға да өтініш білдіре аласыз.

«Онлайн құрбан шалушы ҚМДБ-ның арнайы құрған www. qurban2022.kz сайты арқылы тапсырыс беріп, құрбандық малын шалдыра алады. Сондай-ақ, қайырымдылық етін аламын деуші жандар да осы сайт арқылы ет алуға өтініш білдіре алады. Ал, құрбандықтың еті былтырғы дәстүр бойынша қайырымдылыққа жұмсалып, көмекке мұқтаж, қолдауға зәру жандарға үлестірілетін болады. Қарағанды қаласында құрбандықты Резник көшесі 18, Н.Гоголь көшесі 2/23, С.Сейфуллин көшесі 53 мекенжайында шалуға болады. Мұқтаж отбасыларға құрбандық етін тарату жұмысын облыстағы мешіттер, жамағат және еріктілер жүзеге асырады», – дейді Өмірзақ қажы Қазкенұлы.

Құрбан айт, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ пен татулыққа үндейтінімен де аса маңызды. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылық тілеп, көтеріңкі көңілкүйге бөленетінін білеміз. Бұл мейрамда жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдар төс қағысып, татуласып жатады. Бүгін де облыстағы дін қызметкерлері бір кісідей ат салыса отырып, ұйымдасып, Айт намазынан соң, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізбек. Бір қуанатынымыз, Құрбан айт мерекесінің жыл сайын мән-маңызы салмақтанып отыр. Әсіресе, осы қазақтың ұлттық ойындарының айтулы мерекеде көрініс тапқаны қуантады. Атап айтсақ, қол күрес, найза ату, арқан тартыс, асық, кір тасын көтеру сынды ойындар бойынша жамағат бақ сынасады. Жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталмақ. Сонымен қатар, мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде ыстық тамақ үлестіріледі жамағатқа.

Ал, айт намазынан соң, ағайын-туысқа, дос-жаран мен көрші-қолаңға «Айт қабыл болсын» айтып, арнайы құттықтап шыққан да – үлкен сауаптың бірі саналады. Құраныңызды оқып, ақ тілегіңізді білдіргеніңіз – сый-құрметіңізді арттырғаныңыз. Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүру де сүннет.

Береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт мейрамын талапқа сай қарсы алайық. Құрбан айт қабыл болсын, қадірлі ағайын!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button