АймақБалқаш

Ұлттық спорт ұлықталды

Тұңғыш рет ұйымдастырылған Балқаш қаласы әкімінің кубогына арналған спорт фестивалі сенбі күні өз мәресіне жетті. Қарағанды облысынан 700-ге жуық спортшы қатысқан дүбірлі дода барысында кіл мықтылар анықталды. Бір айға жуық бірнеше спорт түрі бойынша жарысқа түскен спортшылардың жеңімпаздары «Металлург» спорт кешенінде марапатталды. Марапаттау рәсіміне қатысқан қала әкімі Сапар Сатаев спорт фестивалін дәстүрлі шараға айналдыру керектігін атап өтті.

– Баршаңызды бүгінгі өтіп жатқан спорт фестивалімен құттықтаймын! Спорт додасы бірлік пен ынтымақтың нығаюына, бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді. Бұл сайыс сіздердің серпіліс алып, күш-қуат жинауларыңызға, спортқа деген құлшыныстарыңыздың артуына септігін тигізді деген сенімдемін. Бүгінде саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Спорт – ұлт денсаулығының кепілі, – деді Сапар Сатаев.

Іс-шараны ұйымдастырушылар ұлттық спорт мерекесін әсерлі, есте қаларлықтай өткізуге тырысқан. Олар қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, кір тасын көтеру, волейбол, футбол, қашықтыққа жүгіру секілді спорттың финалдық сайыстарын бір мезетте өткізді. Сонымен қатар, алтын күз көрмесі және мерекелік концерт ұйымдастырылды. Қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы театрландырылған қойылым қойылды.

Балуандар күресі де бәсекеге толы болды. Мықтылар екі салмақта белдесті. Жетпіс келіге дейінгі салмақта балуандар бәсекесінде ересектер тобында «Балқаш Барысы» атағын Әбілқайыр Мәуленин мен Мағди Дүйсетай өз салмақ дәрежесінде иеленді. Қос балуан да қарсыластарын шақ келтірмеді. Түйе балуандар арасындағы сында атақты Самат Амантаев жеңімпаз атанды. Қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы командалық турнирдің бас жүлдесін Шет ауданы еншіледі. Сарышаған командасы да белдесу барысында шеберлік танытты. Приозерск қаласынан келген команданы бес салмақта басымдықпен жеңіп, ширек финалға шыққан болатын. Десек те, белдесуде жоғары ұпай жинаған Шет ауданы командасының қанжығасына бас жүлде байланды. Тоспа доптың додасы мен футбол ойыны да тартысты өтті. Балқаш волейболының қыздар арасындағы ашық біріншілігінде бірінші орынды «Авангард» (Қарағанды) командасы иеленді. Ер адамдар арасында тұғырдың жоғарғы сатысына «Сарытерек» құрамасы көтерілді. Команданың өкілі Еркін Дарын «Үздік ойыншы» сыйлығын жеңіп алды. Ардагерлер арасында жеңісті қолдан бермеген «Жібек жолы» спортшылары бірінші орынға табан тіреді.

Айта кету керек, жасыл алаңда жақсы ойын көрсеткен «Барыс» командасының футболшылары ерекше дайындықпен келгендігі байқалды. «Әділ» командасымен өткен кездесуде бірнеше мәрте шабуылдай жүріп, гол салған «Барыс» командасы кубокты жеңіп алды.

Кір тасын көтеруден ақтық сынға өткен алты үміткер шаршы алаңда 32 келі салмақтағы қос кір тасын көтеріп, күш сынасты. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге 46 рет кір тасын көтерген балқаштық Алексей Ногай ие болды. Екінші орынға жас спортшы Радмир Курушев лайық танылса, үшінші орынды кір тасын 38 рет көтерген Руслан Абент иеленді.

Арқан тартыс сайысында «Металлург» командасы жеңімпаз атанып, бірінші орынды қанжығалады. Ал, «Қазақмыс Смэлтинг» командасы екінші орынға, «Арсенал» командасы үшінші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар, жаяу жарысқа 300-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде мектеп оқушылары, студенттер мен ересектер болды. Желаяқтарға екі қашықтықтың бірін – 3,5 және 8 шақырымды еңсеру оңайға соқпады. Қашықтыққа жүгіру сайысында 40 жастан асқан әйелдер арасында Светлана Абельдинова, 18-39 жас аралығы бойынша Ирина Боева және 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Дарье Мартин жеңімпаз атанды. 40 жастан жоғары ерлердің ішінде Владимир Лопотышкин, 18-39 жас аралығында Александр Григорьев бірінші болып мәре сызығын кесті. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ, асық атуда үздік шыққандар марапатталды.

Балқаш қаласы әкімінің кубогына арналған спорт фестивалінің соңы «Меломен» тобының құрамында, сондай-ақ, жеке ән шырқап жүрген танымал әнші Жігер Ауыпбаевтың концертіне ұласты.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button