Ресми

Ұлттық нышан ұлылығы

Қазақстанның Елтаңбасында қазақ халқының рухани бай тарихынан хабар беретін 41 элемент бар екенін білесіз бе? 194 мемлекеттің ішінде мән-мағынасының тереңдігі мен архитектуралық құрылымы жағынан тоғызыншы орынды иеленетін Елтаңбаға лайықты құрмет көрсетіліп жүр ме? Мемлекеттің төл нышаны болып, төрден орын алатын мемлекеттік рәміздер мен қазақы төр ұғымының астарында не жатыр? Бұл туралы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен арнайы кездесуге келген Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков тағылымды әңгіме өрбітті.

– Елтаңба элементтерінің барлығы біздің терең тарихымыз, бай дәстүріміз. Мұнда ұлы даланың тұтастай көрінісі бейнеленіп, жан-дүниеміз, барлық болмыс-бітіміміз көрініс тапқан, деді Елтаңба авторы.

Облыстағы жоғары білімнің қарашаңырағында өткен «Мемлекеттік рәміздер Ұлттық идеологияның картасы» атты патриоттық-танымдық кездесуді университет проректоры Мейіржан Сыздықов ашып, кездесудің мән-мазмұнына тоқталып, келген қонақтарды студенттерге таныстырды.

Тәу етер Тәуелсіздігіміздің нышаны, ел тарихында ойып тұрып орын алатын Елтаңбаның еліміз үшін мәртебесі биік. Ежелгі баба тарихымыз, ата-дәстүріміз бүгінгінің баға жетпес құндылығы ретінде бейнеленген төл таңбамызда 41 элемент көрініс тап­қан. Әр бөлшек тарихтың қатпарлы беттерінен, ақтаңдақ жылдарынан сыр шертеді.

Елтаңбада бейнеленген шаңыраққа шаншылған уық, керілген кереге-ежелден келе жатқан төл баспанамыз, мекен еткен құтты шаңырағымыз. Халқымыз үшін көшпенді мәдениеттің өз құндылықтары бар. Қазақтың қара шаңырағы киіз үйде төл мәдениетіміз, әдебиетіміз, ата тарихымыз қалыптасты. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақтың түпкі тарихы осы қастерлі шаңырағы, оны биіктетіп тұрған иін ағашы уығы, іргесін бекемдеген берік керегесінде жатыр. Қазақтың қалыптасуында төрт түліктің алар орны ерекше. Мінсең – көлік, ішсең – сусын, кисең – киім дейтін халық, қашанда «мал-жан аман ба» деп саулық сұрасқан. Яғни, осы бір қос ұғымды бөліп-жару мүмкін емес екендігін көрсетті. Елтаңбадан қанатты пырақ пен қошқар мүйіз оюының орын алуы да осыдан. Мистикалық тұрғыда бейнеленген қанатты пырақтың негізі – текті жылқы. Жылқы малын ежелден қадірлеп, қасиет тұтқан халық оның тектілігіне бой ұсынған. Алғаш осы төрт түліктің қасиеттісін бас білдіріп, қолға үйреткен де қазақ халқы. Ата-тектің тазалығы, рухы осы жылқының қасиетімен ұштасып жатады. Ал қошқар мүйіз оюының да тұнып тұрған құндылығы бар. Елтаңба авторы рәмізде көрініс тапқан осы бір бөлшек бірқатар азаматтың қарсылығын тудырғандығын да айтып өтті. Елтаңбаны жасап, қорғауға барғанда ел ағалары «қойдың мүйізін бейнелеп қажеті қанша? «казахи-барани» деп айтатындарға одан әрі мазақ болмаймыз ба?» деп қарсылық білдірді. Мұны өзге ұлт өкілдерінің осындай оспадар қылығынан зәрезап болғаннан деп түсіндік. Сонда, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, қой сөзінен қорқып, қошқар мүйізден бас тартудың қажеті жоқ екендігін айта келе, «Қойдың да құнды мүшесі бар. Ол бас. Егер қой дегенге намыстансақ, неге қазақ қойдың басын бағалап, құрметті қонағына тартып, табаққа бас салған. Қойдың басын елге сыйлы, құрметті қонағына ғана ұсынған» деп қойдың басын ұстау мен қошқар мүйіз оюын үйлестіре отырып, пәлсапалық ой айтқан екен. Тағы бір элементтің бірі – желбау. Бұл да киіз үйдің бір құрылымы. Яғни, қатты жел болған тұста, шаңырақты бекемдеп тұрады.

Елтаңбадағы әр бөлшектің қазақ халқының тарихымен байланыстыра түсіндірген Жандарбек Мәлібеков архитекторлық талантын қазақы таныммен ұштастырған.

– Кейінгі жылдары мемлекеттік нышандар төңірегінде түрлі өрескел оқиғалар орын алды. Біреулері көк Туды жерге лақтырып, таптаса, енді біреулері қоқыс тасып, өртеді. Елтаңбамыздың да қоқыс жәшігінде жатқандығын көріп те, естіп те жүрміз. Ең сорақысы, айбынды Әнұранымыздың мәтінін жатқа білмейтін отандастарымыз да бар. Осындай елді бір шаңырақтың астына ұйыстырып, тәуелсіздігіміздің төлтаңбасы ретінде бекітілген мемлекеттік рәміздерімізге деген өрескел әрекетке барып жүрген де осы елдің тұрғындары. Бұл жайттарға Мемлекет басшысының да ерекше назарына аударғаны белгілі. Осы орайда, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында нақты шаралар қолға алынуда. Соның бастысы-ендігі уақытта мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранды қорлағандарға 10 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады, – дейді геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Мемлекеттік рәміздердің мәні мен мақсатына жіті тоқталған Асылбек Байжұма­ұлы, әр облыс, әр аудан, әр елді мекеннің жеке таңбасы, туы, әнұраны болғанын құптамайтынын айтты. Бір Мемлекет, бір Отан, бір Тәуелсіздік деп тер төгіп еңбек етіп жүргенде қырық рудан құрақ нышан құрап қажеті қанша? Бәріміз заңды түрде қабылданған, қалың халық құптаған мемлекеттік рәміздер деген салмақты атауы бар, Көк Ту, еңселі Елтаңба, айбынды Әнұранымызға құрмет көрсетіп, төрден орын алуына ықпал етсек болмай ма?

Тағылымды шарада жастарға ой саларлық дүниенің бірі – төр мәселесі болды. «Қазіргі үйлерде төр жоқ. Біз ой-тек архитектурасын қалыптастыруымыз керек. Қазақы үйдің функциясын жасау арқылы таным-түйсікті байыту қашанда маңызды», – деді Жандарбек Мәлібеков.

Қазақ ұғымындағы қадірлі адамның отыратын жері – төр. Сол төрден мемлекеттік рәміздерімізде орын алып, қастерленсе деген ойын жеткізді.

Студенттердің таным көкжиегін кеңейткен шарада сұрақ қоюшылар да көп болды. Заң ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі Болат Сыздықов:

– Біздің қаладағы Бұқар жырау даңғылында Тәуелсіздік обелискісі бар. Сол обелискке қарасақ, төменгі бөлігі өткен шақ, ортаңғы бөлігі, бүгінгі шақ, жоғары жағындағы күннің шуағында ұшып бара жатқан қыран құс, ол болашағымыз. Ал, сіз жасаған Елтаңба – бүгініміз. Қанатты тұлпарлар мифология – өткен шағымыз. Солардың орны ауысып кеткен. Болашағымыз алтын қыран биікте тұр. Бірақ, сіз жасаған Елтаңба астында, ал қанатты тұлпарлар үстінде. Сонда біздің бүгініміз кешегінің тұлпарларының тұяғының астында тұр. Соны облыстық әкімдікке, ішкі саясат басқармасына айттық. Бірақ, авторлық құқық бар, оны жасауға көп ақша кетеді дейді. Жаңа өзіңіз айтқандай өміріміздегі барлық келеңсіздіктер, символдарға байланысты. Кейде бір әріпке, үтірге байланысты. Сол жерде бір үлкен қателік жасап отырмыз. Идеологиялық тұрғыдан, рухани тұрғыдан. Біз қоғам белсенділері осыны айтып жүрміз, бірақ даусымыз әлсіз, күш-қуатымыз жетпей жатыр. Сіздер де осыған назар аударып, қарасаңыздар, – деген өтінішін жеткізді.

Сонымен қатар, «Елтаңбаны жасауға қанша уақыт кетті, қандай кедергілер болды, қарсылықтар болды ма? Қай аймақтарда мемлекеттік рәміздерге ерекше назар аударады? Қарағанды қаласында мемлекеттік рәміздердің насихатталуы қалай екен?» деген орынды сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар қайтарылды.

Жандарбек Мәлібекұлы білім ордасының кітапханасына үш тілде жарық көрген «Қазақстан Елтаңбасы» кітабы мен елтаңба бейнеленген, өзінің қолы қойылған төсбелгіні тарту етті. Университет атынан Елтаңба авторына Медеу Сәрсекенің «Евней Букетов» кітабы сыйға берілді.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button