Басты тақырып

«Ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстырған»


«Бірлік болмай, тірлік болмас» дейтін Арқа жұрты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Қала көшелері мерекеге сай безендірілді. Шараға қатысқан Қарағандының 12 мың тұрғыны ұлтаралық татулық пен бірлік атты ортақ құндылықты көпке үлгі етіп, бір-бірін «басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай» деп құттықтады. «Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір» этномәдени бірлестіктердің өкілдері жұмылған жұдырықтай бірігіп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салттан сыр шертетін көріністерді ұсынды.
Татулығы жарасқан кеншілер қаласы ынтымақ мейрамындағы мерекелік шаралардың басым көпшілігін Елордамыз – Астананың 20 жылдығымен байланыстырды. Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтарын аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ құттықтады.
Кеншілер шаһарындағы мерекелік салтанатты шеруді облыс басшылығы, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, кәсіпорындар мен зауыттардың жұмысшылары, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері сап түзеп «Шахтер» стадионынан бастап, Орталық саябаққа дейін жүріп өтті. Осы ретте, татулық пен тұрақтылықты қалыптастырып, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аясына біріккен ұлттар көпэтносты елдегі тыныштық мен татулықтың нышанын байқатты. Ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты ту еткен этнос өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлі аспаптарын арқалай келді. Этномәдени бірлестіктердің әншілері мен бишілер ұжымы бір-біріне сый-құрмет көрсетті.
Салтанатты шеру мерекелік шараларға жалғасқан Орталық саябақ маңындағы жағалауда аяқталды. Театрландырылған қойылымдар барысында қала тұрғындары әр ұлттың тілінде ән шырқап, би билеп, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Аймақ басшысы өңір халқын аталмыш мерекемен құттықтады.
– Бүгін біз бейбітшілік пен достықтың басты мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудеміз. Барлықтарыңызды Бірлік күнімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа ортаймас ырыс-несібе, баянды бақыт тілеймін. Ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстыра білген тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін!, – деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы, жерлесіміз Виталий Тварионастың Елбасы басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып сайланғанын тілге тиек етті.
«Алғаш рет Қарағандының тұрғыны осы құрметті лауазымға лайықты деп танылды. Бұл бүкіл облыстың Ассамблеясы жұмысының оң жолға қойылғандығының көрінісі», – деді Ерлан Қошанов.
«Достық шаңырағы» облыстық этномәдениеттер фестивалі мерекенің сәнін келтірді.
Жалпыхалықтық мейрамда этноауылдар әртүрлі дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер қойды. Халық шеберлерінің қолынан шыққан туындыларын, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық тағамдарды халыққа ұсынды. Сөйтіп, Абай ауданы бастап, Жезқазған, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларынан келген 30-дан астам этномәдени бірлестіктің 300-ден астам мүшесі ортақ үйіміз – Қазақстандағы шынайы достықтың үлгісін көрсетті.
Вилен Молотов -Лучанский:
Қарағанды облыстық еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі:
– Бірлік мерекесі – әрбір ұлттың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға бағыттайды. Бұл күні ынтымағы жарасқан қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан жүзден аса ұлт өкілдері ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін паш етеді. Татулық пен тұрақтылықты қалыптастыруға Ассамблея айырықша үлес қосып келеді. Сондықтан, аталмыш мереке әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарап, барлық этностар мүддесін қазақстандық ортақ мүддеге айналдыруды көздейді.
Мерекеде Қарағандының кішкентай тұрғындары да назардан тыс қалмады. Ертегі әлеміне бағыттайтын мерекелік безендірулер бүлдіршіндердің көңілінен шықты. Жастар үшін Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондар жұмыс істеді. Сондай-ақ, жиналған қауымға «Сарыарқа сарындары», «Хоровод дружбы» хореографиялық композициялары ұсынылды.
Қала тұрғындары түске таман Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен Кеншілер мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы ұсынған кешті тамашалады.
Жалпы, дүние жүзіне үлгі болып отырған ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Елімізде тұратын ұлттар мен этностар дәстүрлі ел бірлігі мерекесін атап өтеді. Ал, Ассамблея – әлемнің өзге елдеріне үлгі болуда.
Осы ретте, облыс орталығындағы этномәдени және қоғамдық бірлестіктерге барынша көңіл бөліп, басын біріктіріп отырған Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жұмысын атап өткен жөн.
Жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелейтін Қазақстанның бірлігі күнін Қарағандының балабақшаларынан бастап, мектеп, университет, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекеме ұжымдары айтарлықтай атап өтті. Қарағандылықтар ажырамас достықтың белгісі ретінде аспанға 1 мың шар ұшырды.

Суреттерді түсірген
Д.КУЗМИЧЕВ.
Аяулым Совет

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button