Руханият

Ұлттық дәстүрге үндейтін үйірме

Қарағанды облыстық мұражайында Алғыс айту күнінде «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» көрмесі ашылды. Мәдениет ошағын «Тоғжан» шығармашылық балалар орталығының 4 жастан 17 жасқа дейінгі жас суретшілері 200-ден астам суретпен безендірді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Біздің орталық 2021 жылы құрылған. Домбыра, бейнелеу өнері және тігін үйірмесі бар. Балалар жан басына қаржыландыру аясында үйірмемен тегін айналысады. Оқушылардың бойында бейнелеу өнері және көркем-шығармашылық іс-әрекеттер барысында жеке тұлға қасиетін дамыту көзделген. Балалардың жетістіктері, олардың жақсы оқып, әртүрлі үйірмеге белсене қатысып жүргендері – біз үшін мақтаныш. Мұражайдағы алғашқы экспозициямызды Алғыс айту күні секілді көктемгі мерекеге арнадық, – деді «Тоғжан» орталығының директоры Әсел Медеубаева.

Орталық директорының айтуынша, балалар үйірмеге өз қызығушылықтары арқылы келеді. Бала үйірмеге келу арқылы уақытты тиімді пайдаланады. Өнерге араласу арқылы ойын жинақтап, бір бағытты таңдайды.

Сегіз жастағы Зере Мүрсәлім орталықта екі жылдан бері суретпен айналысып келеді. Жас суретші жұмысы мұражайға қойылғанына қуанышты.

– Маған сурет салу ұнайды. Менің картинам акварельмен боялған және «Мейірім» деп аталады. Планетаны және әртүрлі адамдардың қолдарын салдым. Бұл достық пен бейбітшілікті білдіреді, – деді Зере.

Көрмеге сондай-ақ, 10 жастағы Бахтияр Ержановтың жұмыстары қойылды.

– Мендегі тақырыптар әртүрлі. Жануарлар, адамдар, өсімдіктер де бар. Үш жастан бастап сурет саламын. Екі жыл бойы «Тоғжан» орталығында оқыдым. Менің жұмыстарым алғаш рет мұражайдағы көрмеге қойылып отыр. Болашақта суретші болғым келеді, – деді Бахтияр.

Қонақтар көрмеде «Тоғжан» орталығының домбырашылар оркестрінің өнерін тамашалады. «Киім пішу және модельдеу» үйірмесінің тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан ұлттық бас киімдерді көрді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button