Жаңалықтар

Ұлттық банк балалар арасында байқау жариялады

Төл теңгеміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Теңге – балалардың көзімен» сурет байқауы жарияланды. Ұлттық банк ұйымдастырған бұл байқаудың басты мақсаты – талантты жастарды тауып, оларға қолдау көрсету.

Байқаудың шарты Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланған. Жас суретшілердің жұмысын арнайы комиссия саралап, қараша айының он бесі – теңгенің туған күнінде қорытынды шығарады. Жеңіске жеткен қылқалам шеберлеріне бағалы және естелік сыйлықтар табысталады.

Ұлттық банк бос жұмыс орындарына да байқау жариялады. Бұл тәжірибе бұрын да қолданылған екен. Ол кезде екі мыңға тарта түйіндеме қаралып, 117 адам жұмысқа тартылған.

Экономика, заң, математика және ІТ саласында жоғары білімі бар азаматтардың қай-қайссына да аталмыш байқауда бақ сынауына болады. Қатысушыларға қойылатын басты талап – талапкердің жұмысқа деген ынтасы мен қызығушылығының жоғары болуы. Өтінімдер биылғы жылдың 27 қазанына дейін Ұлттық банктің ресми сайтында қабылданады.

Сөз орайы келгенде төл теңгеміздің бүгінгі ахуалына да тоқтала кетейік.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика жөніндегі комитетінің дерегінше, 2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығындағы инфляция деңгейі2,9 %. Былтыр дәл осы уақыт аралығында инфляция деңгейі 3,9 % болған. Ал 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың тамызы аралығындағы жылдық инфляция деңгейі6%. Ұлттық банк қызметкерлерінің айтуынша, бұл көрсеткіш 2018 жылға күтілген инфляция дәлізінен (5-7%) аспайды.

Ұлттық банк 2020 жылға дейін теңгенің жылдық инфляция деңгейін 4 %-дан асырмауды көздейді. Бұл осыдан үш жыл бұрын бекітілген жоспар болатын. Бізде инфляция деңгейін төмендету үшін қаржы-несие саясатының барлық жабдықтары жұмылдырылды, дейді Ұлттық банктің Қарағанды облыстық филиалының директоры Ғазиз Шегенов.

Артық ақшасын ұлттық валютада сақтайтын азаматтардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, бір жылдың ішінде теңгемен ашылған депозитке ақша құйған тұрғындардың үлесі 32% артқан. 2018 жылдың 1 тамызы күнгі дерек бойынша, Қарағанды облысындағы депозит көлемі 673 092,8 млн.теңге. Оның 67,3 %-ы, яғни, 452 715,3 млн.теңгесі ұлттық валюта салымдары.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан» 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button