Ұлттық анимацияның атасы
Дүниеге келгеніне ғасырдан асқан, кино өнерінің ұлттық түрі бізде жастау саналса, оның бір бұтағы — мультфильмдер қалыптасуы, тіпті, бертінде деуге болады. Анығырақ айтқанда, қазір анимация делінетін тармақ тамыр тартуы бұдан елу-алпыс жыл бұрынғы кезеңге келеді. Оның негізін елімізде кімдер қалады, қадам қалай жасалды дегенде, алдымен Әмен ХАЙДАРОВ атты азамат айтылады. Қазақ анимация өнерінің атасы танылған бұл кісінің өлкеміз тумасы, Нұраның бойындағы ертеректе Жіңішке аталған, бүгінгі Ахмет аулының перзенті екенін мақтаныш тұта аламыз. Өнегелі өмір және ерен еңбек жолы бұған әбден лайық. Өз биігін киноның жаңа ғажайып жанрын жаңғыртып, жайнатып жіберу арқылы тапқан адам.
Таныстырмақ болып отырған жан 1923 жылы дүниеге келген. Әкесі Әбен еті тірі, білімді болыпты. Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Хамза Жүсіпбековтермен араласқан кісі екен. Кезінде жас Сәкен сабақ берген мектепте мұғалім болған. Анасы көтерген 13 құрсақтан ашаршылықта қарындасы Райхан екеуі ғана аман қалады. Сәкен Сейфуллинмен ағайындас әке-шешесі балаларын ертіп, Алматыға жан сауғалауға барғанда қамқорлығын аямайды. Соның арқасында етек-жеңдерін жинай бастағанда 37-ші жылдың қанды тырнағына іліккен ақынның туған-туысқандарын, жақын-жуықтарын да қудалаушылардан сақтану үшін отбасы Көкшетауға ығысады. Бала шақтан басқа түскен ауыртпалықтар Әменді ерте есейтеді.
Оқуға алғырлығы арқылы келешегінен үлкен үміт күттіретінін танытады. Әсіресе, биология пәніне деген қызығушылығына орай осы сала маманы болуды армандайды. Алайда, аяқ астынан лаулаған соғыс өрті от-жалынына орап әкетеді.
Бұл тұста таңданбау мүмкін емес мынадай жайт бар. Майданға шақырылатын жасқа тола қоймаса да, ойы бойынан биік түсіп, айқасқа қосылуға ерік білдіреді. Әйткенмен қолына мылтық бірден ұстатылмай әуелі Ташкенттегі радиотелеграфшылар курсына оқуға жіберіліп, жан-жақты жауынгерлік дайындықтан өтеді.
Соғысқа араласқан балаң жігіттің содан 1944 жыл басында ауыр жарақаттануға шейінгі шайқастар жолы Сталинградты қорғау, Украинаны азат етуге жалғасып кете барады. Кисловодск түбінде снарядтың дәл жанынан жарылуы қаруластары қатарынан қалмауға жарамсыз етеді.
Адам өмірінде кейде ойлап-күтпеген өзгерістер болып жатар емес пе?! Далалық госпитальде емделу кезінде ол да сондай жағдайға тап болады. Бірде үйлеріне хат жазушы жауынгерлер біріне суретін салып береді. Оны көрушілер бейнелерін айнытпай кескіндей алуына сүйсініп, суреттерін салғызып, хаттарына қоса жолдап отыруға көшеді. Бәрінің тілегін орындау оңай болмаса да көңілдерін қалай қисын. Күні ұзаққа қолынан қылқалам түспеуге айналады.
Ғажабы сол, осынау әуес күндердің күнінде сурет өнеріне бойлап әкетуін білмей де қалады. Соғыстан аман-есен оралған бетте Алматы көркемөнер училищесіне түсуге талпынады. Қабылдау емтиханында кеудесі жауынгерлік орден мен медальдарға толы талапкердің өнерлі қолтаңбасын байқаған кәнігі суретші Абраам Марковия Черкасский бірден ІІ-ші курсқа қабылдатады.
Мұнда кейін әйгілі суретшілерге айналған Үкі Әжиев, Гүлфайрус Исмайыловалармен қатар талап ұштайды.
Жаратылысынан табанды, болашақ атақты аниматор өсу үстіне ұдайы ұмытылып отырады. Белді басылымдарда мамандығы бойынша жұмыс істеген соң Бүкілодақтық мемлекеттік киноматография институтында кәсіптік шеберлік тереңдетуге бет бұрады. Жасы 35-тен асқан, бала-шағалы болса да қазақстандық әріптестері арасынан әлі ешкім назары қоймаған мультипликация жанрына жол салуды ұйғарады. Қазір ойлап қарасақ, әбден түсінуге тұрарлық байлам екен. Ішкі сезім, түйсік, жүрек қалауын жарқыратуға бастайтыны бар ғой.
Енді бір ғажабы, кинорежиссер ретінде алғашқы қадамы атақты әріптестерін таң-тамаша қалдырады. Шығармашылық тұңғыш еңбегі – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің бірден әлемдік деңгейдегі көрсетілімге қосылуы сирек оқиға болады. Осы фильмнен қазақ мультипликациясының тарихы басталады. Ол Қазақстандағы және Орталық Азия республикаларындағы суретпен салынған алғашқы туынды болды. Соның ықпалы негізінде көркемдік ұстаным ретінде бұл өнерде бейнелеудің ұлттық нақышын қалыптастыруға, халықтың басты фольклорлық мәдениетін, ертегілер мен аңыз-әпсаналарын қазақ балаларына ғана емес, әлем балаларына таныстыруға бет бұрылды. «Қарлығаштың құйрығы неге айырдың» Бүкілодақтық, сонымен қатар 1975 жылы Нью-Иоркте өткен халықаралық мультфильмдер фестивалінде «Қола Прокиноскоп» сыйлығына ие болуы – ізбасарлары ізденістерін дүр сілкіндіріп жіберді. Әлбетте, мұндай жетістік көктен сап етіп түспегені аян. Ойда әбден пісіп-жетілудің жемісі деп білген жөн сияқты. Мұны сұхбаттары бірінде айтып та өткен. Қазақ балақандарына арнап ұлттық бедер мен рухта, дүниетанымы өз тамырынан нәр алып, ата-баба мұрасына сусындап өсетін мультфильмдер қою әрқашан көңілін тербеген арман болып келіпті.
Бір қарағанда, бұл туындыларды жасау оншалықты күрделі емес сияқты. Керісінше, оп-оңай шаруа болмаған. Мәселен, кейіпкердің әр қимылының өзіне 30-35 сурет салынады. Ал оған жан бітіру үшін 200-ге дейін эскиз жасалып жататыны қажытар жұмыс. Қоюшы түсірушілерді осыған төздіре білу керек. Оның соған жұмылдыра алуы беделін көрсетеді.
Сөз орайында еске түсірмеске болмайды.
Туындының мәтінін жазуға ақын Бүркіт Ысқақов тартылған. Бәлкім, жерлес қаламгерге белгілі аңыз желісін сақтап, тек поэтикалық бояуын үстемелеп, балдырғандар түсінігіне бейімдеп баяндауға арнайы қолқа салуы мүмкін. Тілеуінен шыққандай:
«Қазақтың көне жерінде,
Адырлы, бұйрат белінде.
Бұлт шалған биік бастарын
Таулардың жайлап тастарын.
Айдаһар өмір сүріпті,
Патша боп көп жыл тұрыпты.
Күшсізді талай жалмапты,
Тіссізді талай қандапты…»
деп баурай жөнелетін сырлы, әсем жыр жолдары Шәкен Аймановтың қоңыр даусымен оқылғаны одан сайын әсерлі естіледі. Мұның үстіне Нұрғиса Тілендиев ағамыздың сазымен толқытылуы әсерді өсіреді. Үлкен дүние еместігіне мұрын шүйірмей, ұрпақ сана-сезімін сәулелендіру үшін үрдісті қуана қолдаушы ардақты ағалары үлгісімен Ыдырыс Ноғайбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Сауық Жақанова, Кененбай Қожабеков бұдан соң түсірілген «Ақсақ құлан», «Алдаркөсе», «Қырық өтірік» мультфильмдер кейіпкерлері дауыстарын салып, бүлдіршіндерге тамаша тартулар жасауға белсене ат салысады. Бұл бір жағынан қоюшы режиссердің азаматтық парызына деген ризалықтан туған қолдау екені де анық.
Әмен Әбенұлы бастап, халықтың аяулы тұлғалары қостап өрістеткен іс ұлттық мультфильмдердің жұлдызын алысқа жарқыратты.
Осынау 1965-1980-ші жылдар оның алтын кезеңі тұрғысында тарихта қалды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» арқылы жаңа өнер негізін жасаған аңыз адамның құдіреті еді бұл. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған, еңбек сіңірген қайраткер атағы берілген, «Барыс» , «Парасат» ордендерімен марапатталған, тоқсан жастан асып, бақытты өмір сүрген қазақ киносының абызы еңбегімен Өзіне ескерткіш жасап кетті.
Айқын НЕСІПБАЙ.