Ұлттарды ұйыстырар ұлы сарын
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде «Шығыстың қос жұлдызы: Абай және Науаи» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Мақсаты – бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және білім беру саласындағы қатынасты дамыту, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа байланысты бірлесіп, алда атқарар жұмыстарды талқылау мен нақтылау.
Басқосу барысында қазақ және өзбек халықтарының рухани байланысы, ерлік рухы мен өнердегі тоғысқан тарихи тұлғалар бейнесі, Абай мен Науаидің шығармашылық, рухани үндестігі, жастарды адамгершілікке, ізгілікке насихаттайтын тәрбиелік мұраларына қатысты баяндамалар, қос ғылым ошағы арасындағы оқу үдерісіне, ғылымға қатысты, ынтымақтастыққа байланысты келелі мәселелер сараланды.
Дөңгелек үстелге қос республиканың Елшілігі өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтай, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор Абдугаппор Киргизбаев, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Феруза Икромхонова және екі тараптың жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар, докторанттар, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
– Келесі жылы ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Кемеңгеріміз Шығыстың Фирдауси, Низами, Сараи, Науаи сияқты ғұламаларынан нәр алды, рухани сусындады. Осындай терең рухани байланыс өсіп келе жатқан ұрпағымыздың санасына сіңіріліп, кеңінен дәріптелуі керек. Іс-шараның тағы бір маңыздылығы 7-8 тамызда Қазақстанға мемлекеттік сапармен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев келгелі отыр. Бұл бауырлас екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық пен татулықты нығайта түспек, – деді құттықтау сөзінде университет ректоры Нұрлан Дулатбеков.
«Өзбекстан – Қазақстан: жалпыға ортақ достық және тату көршілік қағидаты» тақырыбындағы баяндама барысында көршілес ел университетінің ректоры, профессор Абдугаппор Киргизбаев бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас достық, тату көршілік және өзара сыйластық қағидаттарында дамып келе жатқанын атап өтті. «Өзбекстан мен Қазақстанның өзара іс-қимылының қазіргі деңгейі екіжақты байланыстың даму басымдығын белгілейтін мемлекет көшбасшыларының қалыптасқан тығыз және сенімді диалогтарының арқасында мүмкін болғанын атап өту қажет» деген парасатты пікірін ортаға салды.
Мұнымен бірге, дөңгелек үстелге қатысушылар байыпты зерттеулерімен бөлісті, заңғар тұлғалар шығармашылығын шендестіріп, рухани мұраның қазіргі қоғамға әсерін таразылады. Маңызды жиын соңында Ғылыми кеңестің шешімімен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Абдугаппор Киргизбаев мырзаға академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің құрметті профессоры атағы берілді. Әлбетте, бұл жағымды оқиға өзара сенім мен құрметтің жоғары деңгейін, сондай-ақ, ғылыми өзара іс-қимылға ұмтылуды және екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты одан әрі нығайтуды айғақтайды.
– Бауырлас, туысқан Өзбекстан Республикасымен екі жақты дипломатиялық қарым-қатынасты, сонымен қатар, руханият саласындағы мәселелерді әртарапты талқылау мақсатында өткен келелі жиын мұратына жетті деп ой түйеміз.
Айта кету керек, қос университет арасындағы меморандум арқасында бірнеше мәні терең бағыттар бойынша толайым істер атқарылды. Мәселен, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, оқытушылардың біліктілігін арттыру сынды іс-шаралар қолға алынған.
Рухани тамырластық тереңдей беретініне сенім білдіреміз, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Елдос Түйте.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz