Бас тақырып

Ұлт жадының үні

Еліміз бүгінде өткенін түгендеп, тарихи жадын жаңғыртуға мемлекеттік деңгейде айрықша мән беріп келеді. Бұл – тек өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағытталған маңызды қадам деп есептейміз. Ұлттың тарихи санасын қалыптастыруда мәдени мұраның тұғыры қашан да биік. Сол мұраның ішінде ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен, халық болмысының айнасындай асыл қазынаның бірі – қазақтың күй өнері.

Сурет Алматы қаласы әкімдігінің сайтынан

Күй – жай ғана музыкалық шығарма емес. Ол – халықтың тарихы, тағдыры, мұңы мен қуанышы, азаттығы мен арманы, елдің рухани шежіресі. Қазақ халқының бастан өткерген қилы кезеңдері, батырлардың ерлігі, аналардың зары, табиғаттың тылсым көріністері мен көшпенділердің дүниетанымы күйдің қос ішегіне сыйып кеткен. Сондықтан қазақтың күй өнерін ұлықтау – ұлттық кодты сақтаудың, тарихи жадымызды жаңғыртудың маңызды жолдарының бірі.

Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне ерекше мән беруі – уақыт талабынан туған маңызды шешім. Бүгінде бұл мереке халықтың рухын көтеретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін айтулы күнге айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінің бірінде: «Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі жатыр», – деп атап өтті. Бұл – домбыраның қазақ өміріндегі орнын дәл сипаттайтын тұжырым.

Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген әйгілі өлең жолдары да Алаштың қастерлейтін сөзіне айналғалы қашан.

Домбыра – қазақтың төлқұжаты, ұлттық болмысының айқын белгісі. Ол халқымыздың өмір сүру салтын, эстетикалық талғамын танытады. Сондықтан домбыраны дәріптеу – тек музыкалық аспапты насихаттау емес, тұтас ұлттың рухани әлемін сақтау деген сөз.

Қазақ қоғамында күйдің ат­қарған қызметі ерекше болды. Жаз­ба тарих қалыптаспаған кезеңдерде ел басынан өткен оқиғалар, тарихи тұлғалардың ерлігі, халықтың қайғысы мен қуанышы күй арқылы ұрпаққа жетіп отырды. Әр күйдің өз тарихы, өз тағдыры бар. Тарихсыз күй жоқ.

Құрманғазының «Сарыарқасы» – азаттықтың, сән-салтанаттың, асқақтың, Арқа даласының символы болса, «Адайы» – еркін һәм өр рухтың көрінісі. Дәулеткерейдің күйлерінен дала мәдениетінің нәзік бояуын сезінсек, Тәттімбеттің шығармаларынан қазақтың ойшыл болмысын танимыз. Аққыз, Қазанғап, Дина Нұрпейісова, Сүгір, Абыл сынды күйшілердің мұрасы – халқымыздың баға жетпес қазынасы.

Күй тыңдаған адам қазақ даласының кеңдігін, желінің гуілін, тұлпардың дүбірін, елдің мұңын, ердің намысын сезіне алады. Сондықтан күйді кейде «дыбысқа айналған тарих» деп те атайды.

Күйтану ғылымы жаңа белеске көтерілуде. Тәуелсіздік жыл­дарында күй өнерін ғылыми тұрғыдан зерттеу бағытында ау­қымды жұмыстар қолға алынды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бұрын ғы­лыми айналымға енбеген көптеген қолжазбалар мен архивтік материалдар жинақталып, жарық көрді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары бірлесіп дайындаған «Қазақ музыкасы» антологиясы ұлттық музыка тарихын жүйелеуге үлкен үлес қосты. Бұл еңбекке көптеген күйлердің шығу тарихы, орындаушылық дәстүрлері мен сирек кездесетін нұсқалары енгізілді.

Белгілі зерттеуші Тұрсынбек Мерғалиевтің «Домбыра сазы» атты еңбегі де күйтану ғылымындағы маңызды жұмыстардың бірі саналады.

Белгілі жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек те осы қастерлі өнерді зерттеу еңбектері арқылы жоғалғанымызды тауып, барымыз­ды түгендеуге өлшеусіз үлес қос­ты. Оның «Күй шежіре» деген екі томдығы күй өнерінің тамырына бойлап, тарихи кезеңдерін жүйе­леп, күй аңыздарын жан-жақты талдайды. Ал «Қазақтың күй өнері» кітабы күйдің шығу тегі мен түрлерін, даму жолын баяндайтын, үш жүзге жуық күйшінің есімі мен мұрасын қамтыған көлемді ғылыми-танымдық еңбек. «Күңгір-күңгір күмбездер» – Күйшілік өнер, күй аңыздары мен қазақ музыкасының философиялық-эстетикалық мәні туралы жазылған әйгілі кітап.

Бұдан бөлек қазақтың бүгінгі дәулескер күйшісі Жанғали Жүзбайдың да «Күй ноталары» кітабының күйді зерттеу саласында алар орны айрықша. Дарынды күйші Қайрат Айтбайдың да сіңірген еңбегі көл-көсір.
Зерттеулердің және насихаттау бағытындағы жемісті еңбектердің арқасында қазақтың күй өнері бүгінде ұлттық шеңберден шығып, халықаралық деңгейде кеңінен таныла бастады. Оның жарқын дәлелі – 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Домбырада күй орындау өнерін» адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне енгізуі. Бұл – қазақ күйінің әлемдік мәдениет үшін де құнды мұра екенін мойындаудың айқын көрінісі.

Кейінгі жылдары халықаралық фестивальдерде қазақ күйлері тұрақты орындалып келеді.
Ұлттық өнерді әлемге танытуда заманауи сахна жұлдыздарының да үлесі зор. Мәселен, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі концертінде Құрманғазының әйгілі «Адай» күйін орындап, мыңдаған шетелдік көрерменді қазақ музыкасының құдіретімен таныстыр­ды. Әлеуметтік желілерде де домбыра өнеріне қызығушылық артып келеді. TikTok, YouTube және Instagram желілерінде қазақ күйлерін орындаған бейнероликтер миллиондаған қаралым жинап, ұлттық өнердің жаңа аудиторияға жол ашуына мүмкіндік беріп отыр.

Тіпті, жаһандық деңгейдегі беделді тұлғалардың өзі қазақ домбырасына ерекше қызығушылық танытуда. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне келген Рим Папасы Франциск домбыраны Қазақстан мәдениетінің ерекше символы деп бағалап, оның екі ішегін шығыс пен батысты байланыстыратын рухани көпірге теңеген еді. Мұндай пікірлер ұлттық өнеріміздің халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сондықтан күй өнерін сақтау, зерттеу, насихаттау – тек мәдениет саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ұлттық домбыра күні осы мақсатты жүзеге асыратын маңызды рухани мерекеге айналды. Бүгінде қазақ күйі тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде мойындалып үлгерді.
Домбыраның қоңыр үні ешқашан өшпеуі тиіс. Өйткені сол үнде қазақтың кешегісі де, бүгіні де, ертеңі де жатыр.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button