АймақНұраРуханият

Ұлт тұлғаларына тағзым

Ұлт зиялыларының өнеге­сін ұмытпай, өскелең ұрпаққа олардың есімін ұлық­тай жүру – елге аманат дү­ние. Осы орайда Нұра ау­данының орталығы Нұра кентінде Хайретдин Болғанбай, Рахымжан Қошқарбаев, Әмен Қайдаров секілді тұл­ғалардың атына көше бе­рілді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Алаш қайраткерлерінің арасынан өзінің зерделі ой-пікірімен, халық ағарту ісі мен қазақ баспасөзі саласында сіңірген еңбегімен ерекшеленген тұлғаның бірі – көрнекті қоғам қайраткері Хайретдин Болғанбай.

Халық тағдырымен тамыр­лас болған «Қазақ» газетінен қа­наттанған Х.Болғанбай ке­йін 1917-1918 жылдары Ташкент қа­ласында «Бірлік туы» газетін шығаруға белсенді атсалысады. «Бірлік туы» газеті – алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Негізін қалаушы әрі алғашқы редакторы – Мұстафа Шоқай. Газетті шығаруға Хайретдин Әбдірахманұлы да қатысқан екен. Аталмыш газеттің 7-14  нөмірлері журналист Хайретдиннің басшылығымен шы­ғыпты. Газет 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай, сонымен қоса, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы хабарларды жариялап, елді бірлікке ша­қырып, азаттық жолындағы кү­рестің жаршысы бола білген.

Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсеткен. 30-сәуір күні ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа жетіп, жеңіс туын тікті. Өкінішке орай, бұл ерлігі егемендік алғаннан ке­йін ғана мойындалды. Оның өзін­де алғашқы болып батыр Ба­уыржан Момышұлы жоғары жақ­қа хат жазып, Рақаңның ерлігі ту­ралы мәлімет берді. «Мен де со­ғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс туын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің – енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу» деп кейінгі ұрпаққа ұмытылмастай айтып кетуі өшпес өнеге екені айқын.

Қазақ анимациясының атасы атанған Әмен Қайдаров Нұра ауданы Жіңішке ауылында өмірге келген. Тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер, профессор, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері.

«Қожанасыр – құрылысшы», «Қарлығаштың құйрығы не­ге айыр?», «Ақсақ құлан», «40 өті­рік», «Сиқырлы кілем», «Құйыршық», «Тағдыр», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған күшік», «Аңғару», «Күн шағылысы», «Да­налық пен байлық», «Лаула» секілді кәсіби шеберлікпен салынған мультипликациялық фильмдері шебер суретші, аңыз аниматордың атап айтар еңбектері. Міне, енді осындай тұлғалардың есімі Нұра кентінде жаңғырып тұратын болады.

Жаңа атау алған көшелердің салтанатты ашылу рәсімінде ау­дандық мәслихат төрағасы Қуаныш Жүнісбеков, ардагер журналист Ақбекет Сағымбаев, ау­данның қадірлі ақсақалы Айтбай Жүнісов және ұлт зиялылары­ның ұрпақтары ақжарма лебіздерін білдірді.

«Үш бірдей заңғар тұлғаға көше атауын беру ауданымыз үшін зор мәртебе. Үшеуі де Алашқа ортақ тұлға. Ал, Хайретдин Болғанбай мен Әмен Қайдаровтың осы өңірде туғандығы біз үшін мақтаныш. Міне, енді ел есіміне қанық болады. Өскелең ұрпақтың жанында қалатын осындай игі істеріміз көп болсын!», – дейді мәслихат төрағасы Қуаныш Жүнісбеков.

Хайретдин Әбдірахманұлының туған жиені Достық Кәмелов те қатысып, ұлт заңғарына көше беру ұсынысын құп алған аудан басшылығына алғыс айтты.

– 2009 жылы Астанада Хайретдин Болғанбаевтың атына кө­ше берілді. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы құрастырған «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» атты кітап жарық көрді. «Иман күші» деп аталған тағы бір кітап басылып шықты. Мен атамыз туралы 250 беттен асатын деректерді жинап, кітап етіп шығардым. Алаш арыс­тары туралы көптеген фильмдер жарыққа шығып жатыр, Хайретдин Болғанбаев та осындай құрметке әбден лайық деп санаймын. Құдайға шүкір, атамыз атаусыз қалды деп өкпелейтін жөніміз жоқ. Ең бастысы, артында ұрпағы қалды, шөберелері өсіп келеді. Хайретдин Болғанбаев туралы ең үлкен естелік – еңбегін елінің ұмытпағаны, ұрпағының өсіп жатқаны деп ойлаймын, – деді Достық Кәмелов.

Салтанатты рәсімнен соң ауданның спорт алаңында күрес, қолкүрес, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс­тар ұйымдастырылды. Волейбол турнирі де тартысты болды. Орталық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, соңынан айтыс өтті. Одан соң ас беріліп, Алаш ардақтыларының рухына Құран бағышталды.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Нұра ауданы

Басқа материалдар

Back to top button