Ұлт ұстазы тұрған үй
Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралы қаласы да, даласы да тұнған тарих. Дегенмен, өткен күннің мұрасына анықтап қарап, болашаққа қалдыру үшін қандай қадам жасалуда? Ұлылардың табаны тиіп, елге сіңірген еңбегі еленіп жатыр ма? Жақында зерттеушілер Ұлт ұстазы Ахмет тұрған үйді тапқандарын айтып сүйіншілетті…
Ең алғаш Қарқаралының іргетасы 1824 жылы бекініс болып қаланған. Ал, 1827 жылдан бастап, Қарқаралы казак станицасы болады.
– Әжем марқұм айтып отыратын «Боқтыдан ағып шығатын Талдының бір саласы Сарыбұлақ деген өзен бойында егін екті» деп. Сол кездегі жазбаларға қарасақ, егіншілікті қазақтар да жете меңгерген екен. Көп егін еккен. Кәмпеске басталмай тұрған ХХ ғасырдың бас кезінде болған – бұл. Егінді Қоянды жәрмеңкесінде пұлдаған, – дейді өлке тарихын зерделеп, қағаз бетіне ғана емес, деректі фильм түсіріп, таспаға қалдыруды мұрат еткен Qagan.kz ақпараттық-танымдық порталдың атқарушы директоры Құрманғазы Өтебай.
Ахаңдардың да келіп қоныс теуіп, қазақ балаларын оқытқаны да осы уақыт. Негізінде Қарқаралының басында орыс пен татарлар ғана оқыған. Ол уақытта ешкім қазақтың көзін ашуға ықыласты бола қоймады.
– Қарқаралыдан әрі қарай жиырма шақырымдай жерде Жиренсақалдың арғы бауырындағы Ақтеректе Ахаң мектеп ашады. Ақжан әл-Мәшәни сынды тұлғалар осы мектептен тәлім алған екен. Осы төңіректе көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың балалары сол мектептен дәріс алған. Өткен ғасырдың 29-30 жылдарындағы көтерілістің идеясын көзі ашық адамдар осы жерден алып шыққан, – дейді Құрманғазы Өтебай.
Қарқаралы жақтағы мектеп болсын, ескі үйлер болсын, ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында салынған. «Ахметтің үйі» деп мөлшерлеген баспана құрылысы да сол уақытта ағаштан қиылып салынған үйлермен бірдей. Тек қана айырмашылығы бөлмелерінің бірі кең болса, екіншісі тарлау болып келеді.
Айта кету керек, Ақтерек – үлкен ауыл болған. Қазақтар келіп қоныстанған.
– Көнекөз қариялардың айтуынша, Ақтеректе ерекше үш үй болған. Біріншісі – Ахмет мектебі, ағаштан қиып салынған, екіншісі – соған қарама-қарсы кейін өртеніп кеткен екі қабатты кеңсе болған. Ал үшіншісі – кеңсе жанында арнайы кісі түсетін үй. Ахмет енді кеңседе жатпайтыны белгілі ғой. Келімді-кетімді кісісі бар. Кеңсе, мектеп, үй жақын орналасқан. Арасы 30-40 метр шамасында ғана. Қалғаны тас үй. Дәл сондай үйде тұрды дегенге сену қиын, – дейді Құрманғазы Өтебай.
Молда емес, жаңа білім, жаңа леп әкелген адам болғаннан кейін сол уақыттағы зәулім үйде тұрғаны ләзім. Үй болса, Кеңес дәуірінде, одан кейін де сырты сырланып, сыр бүгіп жатты.
– Үш-төрт рет бардық. Көзіміз жеткені, бұл үй мектептің көмір қорасына айналған екен. Төбесі жабылмай, су аққан. Төбесіне тіреу ретінде майқарағай тастаған. Еркеш Тышқанбаев деген архитектор, құрылысшы инженер Құнанбай салдырған үйде тұрған екен. Сол кісі айтып еді осы үйлерді салғанда, бәрін ойластырған, қабырғадағы бөренелер ойып салынған, Ақтеректің қарағайы деп. Төбедегі балкалар, майқарағай, самырсын сияқты ағаш болуы мүмкін. Алыс-беріс жасаған уақыт. Мыс алып барса, кейін қайтқан керуен осындай құрылысқа керек затты тиеп қайтатын, – дейді әріптесіміз.
ТҮЙІН:
Ұлт ұстазы Қарқаралыда болған уақытында өмірінің жартысын мектепте өткізсе, қалғанын сол үйде өткізді емес пе?! Үстел басында отырып, қиялымен болашаққа самғаған шығар?! Енді бұл үйді зерттеп, зерделеп, мүлдем шіріп, жоғалып кетпей тұрғанда қалпына келтірсе деген ниет біздікі. Тек Ахмет мектебіне ғана емес, оның тұрған үйіне де мемлекеттік қамқорлық жасалса, құба-құп…
«Ахмет қайда кетті дейсің? Осында болды ғой. Өйткені ол үйден басқа қорған үй болған жоқ» деген сөзді көнекөз қариялар айтқан екен. Шынымен, Ахмет ешқайда кеткен жоқ. Оның ізі Қарқаралыда сайрап жатыр… Жоқтаушысы ғана керек болып тұр!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.