Жаңалықтар

Ұлт руханиятының көсемі

Елбасы «Ахмет Байтұрсынұлы – мәдениетіміздің сөнбес жарығы, халқымыздың ары, заманауи ғылым, өнер, мәдениет пен білімнің күретамырын, Қазақстанның мемлекеттік жүйесі мен қоғамдық құрылысын нығайтатын идеялық мұра» деген болатын. Қарағанды гуманитарлық колледжі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алаш ардақтысы, аудармашы, ғалым, публицист Ахмет Байтұрсын-ұлының туғанына 145 жыл толуына орай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары мен студенттері арасында облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Облыстағы 20-дан астам колледжден іріктелген 36 мақала келіп түскен. Көбісі жиында «қазақтың Ахаңы» атанған Ахмет Байтұрсын-ұлының ағартушылық қызметін, қазақ әдебиеттану және тіл білімі ғылымдарының негізін қалаудағы еңбегін, азаттық жолындағы қозғалыстың көсемі ретіндегі парасаттылық болмыс-бітімін таным таразысына салды. Алаш қайраткерінің қоғамдық мәселелер жөніндегі көзқарасын, ой-толғамдарын талқылады. Студенттер өзінің ізденіс назарын қазақ сөз өнеріне аударған тұлғаның ақындық, аудармашылық, әдебиеттанушылық жолына тоқталды. Сондай-ақ, колледж ұжымы қазақ тілі және жазуы тарихындағы ғылыми мұрасын, ұстаздық, әдістемелік еңбектерін көпшіліктің назарына ұсынды.
Аталған іс-шарада Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әміров «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт руханиятының көсемі» тақырыбында баяндама жасады.
Жиында «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова және басқа да ғалымдар конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.
Жастардың назарына «Ұлт ұстазы» атанып, қазақ қоғамы мен мәдениетінің ілгерілей дамуына орасан үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы өмірінен сыр шертер «Олар бірінші болған» атты шағын деректі фильм көрсетілді.
Осы ретте, конференцияға ерекше дайындықпен келген жастардың еңбегін атап өткен жөн. Мысалы, «А.Байтұрсынұлы – парасат туын көтерген көшбасшы» бағытында Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Раушан Айтенова ерекше ізденісімен ерекшеленді. Ал, Қарағанды агротехникалық колледжінен Жанар Нұрмұханова «А.Байтұрсынұлы және оның руханият мұрасы» бағыты бойынша дайындаған мақаласын сәтті қорғады. Бұл бағыттағы Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Айсұлу Мұстафина, Теміртау индустриалды-технологиялық колледжінен Виктор Михайловтың да еңбегі көптен ерекшеленді.
А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті Айгерім Түркенова, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінен Ажар Өмірсерік, Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Несібелі Қиянбекова «А.Байтұрсынұлы – ұлы реформатор ғалым» бағыты бойынша тың деректерге құрылған үздік мақалаларымен ерекшеленді. Қатысушылар конференция материалдарының электрондық жинағына ие болып, Алғыс хаттармен марапатталды.

Аяулым Совет

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button