Жаңалықтар

Ұлт математикасының ұстыны

Жаңаарқа ауданының шағын ғана Ақтүбек ауылында өмірге келген қарапайым ғана қарадомалақ баланың бір күні профессор атанатынына кім сенген? Ол кезде мұндай биікке жету арман ғана, ал арманның орындалуы шындыққа айналуы екіталай еді. Алайда тағдырдың өз жоспары бар. Бүгінде 85 жасқа келген Савет Сағынтайұлының ғылымға деген құштарлығы қайдан басталды? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Бұл – ата-­анасының тәрбиесінен бе, әлде табиғат берген ерекше қабілет пе – кім білсін? Бірақ бір анық нәрсе – ол жас кезінен-ақ болашағын нақты ғылымдармен байланыстырғанын жүрегімен сезінді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ерекше дарынымен көзге түскен Саветке мұғалімдер үлкен үміт артты. Олар оның ғылымның түрлі салаларында жетістікке жететініне сенді. Алайда ол өз жүрек қалауымен математиканы таңдады. 1957 жылы Жамбыл атындағы №7 орта мектепті үздік бітіріп, Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетіне (қазіргі Е.Бөкетов атындағы ҚарУ) оқуға түседі.

Сол жылдары математика – ғылымдардың шыңы саналатын. Бұл пәннің кез келгенге оңайлықпен бағынбайтыны белгілі. Ол табандылықты, ойлау икемділігін, стандарттан тыс шешімдерді талап ететін. Савет Сағынтаев үшін бұл қиындықтар – қызық пен шынайы қуаныштың көзі болды. Әр есепті шығарып, ұстаздарының ризашылығын алған сайын ол ғылым жолында дұрыс бағытта келе жатқанын тереңірек түсінді.

Савет Сағынтаевтың ғылым жолы жолықтырған тұлғалардың бірі – профессор, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қазақтың тұңғыш математик-профессоры Әлімхан Ермеков. Осы дара тұлға Саветті «Жоғары математика» кафедрасына шәкірті әрі серігі ретінде өзі ертіп әкеледі. Сол сәттен бастап оның бүкіл еңбек жолы ғылыми-педагогикалық қызметпен тығыз байланысты болады.

Савет Сағынтаевтың жоғарғы мектептегі жалпы еңбек өтілі – 64 жылдан асады. Оның 48 жылы Қарағанды политехникалық институтында (қазіргі ҚарТУ) өтті. Ол – қарапайым ассистенттен бастап кафедра меңгерушісі, профессор, академик дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Әртүрлі жылдары факультет деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, ол – қазақ ұлтынан шыққан алғашқы «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі.

Ғалым оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар алып жүрді. Оның қаламынан 150-ден астам ғылыми мақала, 30-дан астам оқу құралдары, 11 оқулық жарық көрді. 9 авторлық куәлік пен патенттің иегері. Ол қазақ тілінде математиканың түрлі салалары бойынша оқулықтар дайындап, олардың ішінде «Жоғары математика» оқулығы еліміздегі барлық ЖОО-ға ұсынылды. Электрондық оқулықтар жасап, қашықтан оқыту технологияларын табысты қолданды.

Савет Сағынтайұлы білімін тоқтатпаған, әрқашан жаңаға ұмтылған тұлға. М.Ломоносов атындағы ММУ, Мәскеу тау-кен академиясы, Мәскеу көлік инженерлері институтында біліктілігін арттырып отырған.

Ғылыми қызығушылығы – математикалық физика теңдеулері мен жарықшақтар теориясы. Оның кандидаттық диссертациясы КСРО-ның алдыңғы қатарлы ғылыми ұйымдары мен ғалымдары тарапынан жоғары бағаланған.

Савет Сағынтайұлы IQanat қорының қамқоршысы ретінде дарынды ауыл балаларына қолдау көрсетіп келеді. Оның қолдауымен жүздеген оқушылар шетел мен Қазақстанның үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Ұлытау облысындағы IQanat оқушылары 2023-2024 оқу жылында республикалық олимпиадада I орынды иеленді.

Ғалым – Қарағанды мен Астана мектептерімен, Республикалық физика-математика мектебімен, ҚарТУ-мен тығыз байланыста. «Интеграл» оқу-әдістемелік орталығын басқарған. Әртүрлі кеңестер мен қазылар алқасының мүшесі болған.

Оның еңбегі лайықты бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды: «Еңбек ардагері», «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен мерейтойлық медальдар.

Савет Сағынтайұлы жұбайы Рея Айдархановнамен бірге 5 бала мен 17 немере тәрбиеледі. Олардың арасында 3 академик, 4 профессор, 2 ғылым докторы бар. Бұл – отбасының ғана емес, ұлттың мақтанышы.
Халық даналығы: «Адам өз бақытының ұстасы» дейді. Савет Сағынтайұлының өмір жолы – осы сөздің нақты дәлелі.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button