Ұлт мәдениеті отбасынан
Бұрынғы тәрбиемен бүгінгіні салыстыруға келмейді. Мәдениет пен руханият, адамгершілік, мейірім таразыға түскен жаhандану кезеңінде жаңа көзқарас ұстанатындар көп. Адами құндылықтар арқылы бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыруды мақсат еткен «Сенімен Болашақ» бірлестігінің құрылғанына биыл үш жыл. Құрылтайшысы – қоғам қайраткері Нұркен Асанов.
Бүгінде еліміздің 16 өңірінде филиал бар бірлестік тұтас ата-аналар қауымдастығына топтасып, ортақ мақсатқа қол жеткізуде. Еліміз бойынша түрлі салаларда 250-ден астам сарапшы көмектесіп, қолдау көрсетуде.
– Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі, жаhандану кезеңі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесі, ата-ананың отбасындағы берген өнегесі арқылы ұрпақты рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру кезек күттірмейді. Қызметте әрбір ата-ана өзін баласының қауіпсіздігі мен амандығына сенімді сезінетін қоғамдық қатынастарды ұстануға тырысамыз және оларды қалыптастырудың айқын көзқарасын басшылыққа аламыз. Мұндай қарым-қатынаста азаматтық жауапкершілік пен ата-ананың парасатты ой-санасы жатыр, – дейді бірлестік төрағасы Жансая Бердімұрат.
Өткен жылы бірлестік Қазақстанның өңірлерінде әлеуметтік зерттеу жүргізген. Сауалнамаға 32 755 адам қатысты. Басым көпшілігі – 13 пен 17 жас аралығындағы балалар және 33 пен 55 жас аралығындағы ата-аналар.
– Зерттеу арқылы ата-ана келбетін үш тұрғыда сараладық: саналы ата-ана болу құзыреті, баламен уақыт өткізу сапасы, саналы бала тәрбиелеу және оның өміріне қатысу. Елдік сипаттағы бұл зерттеу жыл сайын жүргізіледі. Жемісті әрекет ету үшін өзекті белестер мен міндеттер қоямыз, – дейді Жансая Бердімұрат.
Қазіргі таңда ұйым 10 бағытта жұмыс істеуде. Атап айтсақ, репродуктивті денсаулық, буллинг пен кибербуллингке қарсы тұру және мектеп пен ата-аналар арасындағы тиімді ынтымақтастық. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және отбасын сақтау және ажырасудың алдын алу да қарастырылған. Бірлестік мамандары оған қоса, құмар ойынға тәуелділермен де күреседі. Осылайша суицидтің алдын алады. Сарапшылар мен психологтар өзіне қол жұмсауға жақын адамдарды қолдау үшін ақысыз негізде онлайн және офлайн кеңес береді.
– Жастарды отбасылық өмірге дайындауда «рухани ана, рухани әке» институтын қалыптастыру – басты міндет. Отбасының жалпы күллі адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін ештеңе алмастырмайды. Саналы ата-ана саналы ұрпақ өсіреді. Сондай-ақ, ұстаз бен мектепке, білім беру ұйымдарына кінә артпай, білім беру жүйесіне үйдегі тәрбие арқылы көмектесу қажет. Ортақ нәтижеге оңай жетуге болады. Отбасы мәдениетінен ұлт мәдениеті қалыптаспақ, – дейді «Сенімен Болашақ» бірлестігі аймақтық кеңсесінің төрағасы Индира Тоқмурзина.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz