Тұлға

Ұлт болашағына алаңдаған тұлғалар

Нұра ауданының орталығында газет сататын дүңгіршектен «Неделя» газетін алып тұрғанымда ұзын бойлы, келбетті, ақ костюм киген қазақ жігіті маған қарап, «Анау Қазақ әдебиеті» газетін неге оқымайсың, қазақ емессің бе?» деп реніш білдірді. Бұл – жазушы Ақселеу СЕЙДІМБЕК еді. Тосын сұрақтан тосылып қалып, «Мен сіздің «Поющие купола» деген кітабыңызды оқыдым» деп ақталдым. – «Күңгір-күңгір күмбездер» деген қазақшасы бар. Қолыңа түссе соны оқы, сонда нағыз қазақ боласың», – деді.

Мен балалар үйінде тәрбиелендім, орысша классиктердің бәрін оқыдым деп мақтана бастағанда «Дегенмен, қазақша сөйлеуің маған ұнап тұр, енді қазақша оқы. Анау «Неделя» газетін қолыңа алушы болма» деді. Қолпаштап, келіскендей басымды изей бергенімше, ол кісі көлігіне мініп кете барды. Артына қарап, оң қолын көтеріп қоштасты. Ақселеудің «Күңгір-күңгір күмбездер», «Балталы – бағаналы ел аман бол» сияқты туындылары мен газетке басылған еңбектерін іздеп жүріп оқуды шығардым. Бұл оқиға 1983 жылы мамыр айында болған еді. Тілімді, дәстүрімді, дінімді құрметтеу мәдениет пен өнерді үйрену, ағайын-туғанға қол ұшын беру секілді дүниелер өмірімнің өзегіне айналды. Бойымдағы қазақи қасиеттің кемдігін көріп, сын айтқан қазақылықтың соңғы өкілдерінің бірі Ақселеуге мың да бір ризашылығымды білдіремін. «Қазақ әдебиетін» осы күнге дейін жаздырып аламын. Бұл газет менің шаңырағымның киесі деуге болады. Қайран, Ақселеу бауырым! Сен кеткелі бұл дүниеден 12 жыл болады. Иманың жолдас болсын!

2021 жылы Нұра өңірі туралы мағлұмат жинай жүріп, іні досым Қабылсаят Әбіштің шаңырағында болдым. Нұра бойынша 165 қыстақтың атауы мен иелік еткен адамдарды анықтау – басты мақсатым. 1840 жылы Ресей империясының картасында көрсетілген өзен-көл, жер аттарын, сол кездегі көші-қонның жаз жайлаулары мен қыстаулары туралы мәліметтерді Қабылсаятқа көрсетуге барып едім. Қабылсаяттың жасы да жолы да менен кіші болса да Нұраға келгенде қасындағы жолдастарына «менің бажам» деп таныстырушы еді және өзіне жақын тұтатын. Себебі, Шөптікөл, Қайқат, Шахаман елді мекенін ен жайлаған алты аталы Құлымбеттің Тәттіқадам ұрпағы екеуміздің қайын жұртымыз. Қабылсаятпен әңгімелесу бір рахат дүние еді. Оның бір қасиеті – шешендігі. Қазыбек бидің дәстүрін жалғастырушыдай болып көрінетін. Ол қазақтың сан мыңдаған көнерген сөздерін қолданып, тілінің байлығын паш ететін. Мақал-мәтелмен сөз әрін келтіріп, нақыштап өзінің ұшан-теңіз білімімен толғап сөйлегенде самал жел ескендей ғанибет жағдайда қалатын едім. Оның кескін-келбеті адами болмысы, қазақи мінезі кішіпейілділігі, рухы, тіпті, сақал қоюының өзі де «Қазақпын» деп тұратын. 1990 жылы Ғылым академиясының философия және құқық институтында жүргенде Ақселеудің «Проблемы казахского обычного права» деген кітабына «Құрметті Исай ағайға! Сіздің тарихи зердеңізге деген үлкен ілтипатпен Әбішев» деп жазған қолтаңбасы менде сақтаулы. Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» тарихи маңызы зор ірі ескерткішпен осы берген кітабын оқып, ұлтымыздың нені жоғалтқанын құлдық сананың етімізден өтіп сүйегімізге дейін сіңгенін түсіндім. Зейнеткерлікке шықаннан кейін, ислам білімін жетілдіру институтын тәмамдап, «Имам Хатиб» мамандығын алдым. «Жаратқан иесінен бабалар сана беруді сұраған ғой. Ең басты байлығымыз иман мен сана. Ойымның бостандығына демеу болдың, Исеке! Сіздің діни сауатыңыз бар, осы қазіргі елдегі діни ахуал қалай?» деп сұрақ қойды, бірде.

– Қазақстан федералды мемлекет емесін өзің де білесің. Дінде жалпы «клерикалды» деген түсінік бар. Ол жүйе мемлекеттің өз халқының басым көпшілігі ұстанатын дінді қамқорға алу. Ал, екінші «Конкордато» деген түсінік мемлекеттің дін саласындағы мамандармен ақылдаса отырып, мемлекеттік мәселелерді қабылдау. Бізде екеуі де жоқ деп жауап бердім. «Конкордато» өту үшін дін ғылымын игерген қайраткерлер болу керек. Бізде олар бар. Қазақ тілі үстемдік алмай, бесіктегі баладан, қарапайым қатардағы әр қазақ азаматы ұлттық тілінде сөйлемей, дін мен дәстүр туралы айтуға ертерек. Орыс-ағылшын тілімен қазақтың мұсылман болуы екіталай. Бірақ мұсылмандықтың иісі мұрнына бармай-ақ өмірден өтіп кеткенін білмей қалатындар бар. Алайда, Тәуелсіздік алған соң да ана тілдің қадірі қалмай бара жатыр. Бұрын бар кінәні өзге ұлттарға аударып қойып, іштей ширығып жүретінбіз. Тіл мен дін, дәстүр-руханият объектісі. Шайқаман мен Көбетей (Шыңдық пен Шырғалаң) мақаласын «Ortalyq Qazaqstan» газетіне жіберіп, ол шығады дегенде Қабылсаяттан сүйініші сұрадым.

– Жазда амандық болса Нұраға келем, менде өңірге қатысты біраз тарихи мағлұмат бар. Бажа, қайын-жұртымызға біз де еңбек сіңірейік» деп қалжыңдап, арқамнан қақты. Бұл әрекеттің соңғы ұшырасудың үзігі екенін ол кезде қайдан білейін. Үш күннен соң жеткен суық хабарға еңірей жылап, нанбадым. Қабылсаятымды мәңгілікке жоғалтқанымды, алдағы жоспарымыздың астан-кестен болғанын мойындадым. 2021 жылдың 4 ақпанында «Ortalyq Qazqstan» газетінде менің «Шалқаман мен Көбетей» (Шындық пен Шырғалаң) мақаламмен бірге қайғылы хабар-қазанама да жарық көрді. «Бақұл бол, жайсаң аға!» деген Нұрлан ініңнің, «Қамықтырып кеттің-ау» деген Бекзат бауырыңның, «Қайғыңа ортақпын, Ақтоғай» деп елін жұбатқан Ерсін бауырыңның жазған қайғылы хабар-қазанамасын оқыдым. Алдың жарық болсын. Алла Тағала иман байлығын берсін! Өзіңді хазірет Пайғамбарымыз шапағатына лайық болған құлдарынан ете көрсін Алла! Әмин!

Исай Әкбар қажы ӨМІРБЕКҰЛЫ.

Нұра ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button