Руханият

Ұлт баспасөзінің қайнары

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Қазақ» газетінің шыға бастағанына 110 жыл толуына орай «Ұлт рухының айғағы – «Қазақ» газеті» тақырыбында танымдық кеш өтті.

Іс-шараға жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан, Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімнің сарбаздары мен Шет тілдер колледжінің студенттері һәм кітапханашылар қатысты.

«Қазақ» газетінің шығу тарихымен таныстыру, Алаш мұрасын жас ұрпаққа оқытудың тәрбиелік тиімділігін зерделеу, газеттің ұстанған бағыт-бағдарын, мақсаттарын сараптауды көздеген шараның басында тақырыпқа байланысты бейне-слайд көрсетілді. Көрермендер назарына «Қазақ» газеті – Алаштың ұлттық мінбері» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Жаңа Майқұдық мәдениет үйі жанындағы «Серпер» домбыра үйірмесінің жетекшісі Қанат Балтабайұлы «Жеткіншек» күйін күмбірлетіп, Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра» әнін әуелетті.

– «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы сахара елінің күллі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тыныс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, тіл байлығын қаз-қалпында айнаға түскендей бейнелеп берген энциклопедиялық басылым. 1913-1918 жылдар аралығында Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Бірінші саны 1913 жылы 2 ақпанда шыққан, – деді Сүйіндік Жұмабайұлы.

Ал, Жұпар Рысқұлқызы болса, ұлт баспасөзі мен тіл біліміне өлшеусіз үлес қосып, халқының таным көкжиегін ашуға, білім-ғылымға баулуға саналы ғұмырын арнаған Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің шығу тарихы жайлы жасөспірімдерге қызмет көрсету бойынша №1 кітапхана-филиалының меңгерушісі Гүлмаржан Болатқызы, «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарық көрген мақалалар жөнінде №7 кітапхана-филиалының кітапханашысы Нұр Аманқызы айтып берді.

Жиынға қатысқан жастар кеш қонақтарына ұлт шежіресінің алтын сандығындай болған «Қазақ» газеті хақында өздерін қызықтырған сауалын қойып, тұшымды жауап алды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button