Өлкетануды дамыту – елді өркендету
Облыстық білім басқармасы мен білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы «Туған өлке сырлары» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, аймақтың өлкетану пәні мұғалімдерінің форумын онлайн форматта өткізді. Аймақта өлкетану қызметін дамыту мақсатын көздеген шараға облыстың 900 мұғалімі қатысып, тың деректер алды.
Бұл – жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысы. Өйткені, сала мамандары жыл басынан бері осы бағытта тынымсыз жұмыс жүргізген. Түрлі тақырыпта семинар, дөңгелек үстелдер және басқа да кездесулерді өткізумен қатар, мектептерде сол білім ұясына есімі берілген ұлт тұлғаларының мұражайын ашуға зор еңбек сіңірді. Елде жағдай күрделеніп, балалар қашықтан оқуға көшкенде осы мұражайлар патриоттық тәрбие беруге, балалардың өлке тарихымен танысуға және білім алуға қызығушылығын оятуға көп септігін тиізді. Себебі, оқушылар үйде отырып-ақ сол музейлердегі тың деректермен ғаламтор арқылы жақын танысуға мүмкіндік алды. Виртуалды түрде мәліметтерге қол жеткізіп, білім көкжиегін кеңейтті.
Форум екі күнге жалғасты. Алғашқы күні форум жұмысы төрт пікірталас алаңында өрбіді. Онда облыстың жетекші мұғалімдерінің қатысуымен шеберлік-сыныптар өткізілді және облыстың барлық аудан, қаласынан әр топта 100 мұғалімнен 400 мұғалім қамтылды. Ал, дәріс оқып, тәжірибесімен бөліскен мұғалімдер – жыл бойы өзін үздік жағынан көрсеткен Қарқаралы, Ақтоғай аудандары мен Теміртау, Саран, Жезқазған қалаларының үздік мұғалімдері.
Екінші күні пленарлық отырыста барлық жұмыс қорытындыланып, ұстаздар алған әсерімен бөлісіп, ой-пікір, ұсынысын ортаға салды. Пленарлық отырыс дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылып, оны Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақыткүл Әбдікерова жүргізсе, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археология және этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова, облыстық білім басқармасы басшысының кеңесшісі Сәбит Қонтаев қатысып, өз ойымен бөлісті.
– Өлкетану – қазақ халқы үшін жаңалық деуге келмейді. Халық ауыз жырларында, батырлар дастандарында, ертегілерде сол оқиға болған өлкенің тарихы, сұлулығы, ондағы ерекше тарихи орындар суреттеліп отырған. «Жиделі-Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде» деп келетін Алпамыс батыр жырынан-ақ мұны көруге болады. Өлкетану – тек тарих емес, ол география, экономика, этнография, әдебиет, өнер, топонимика, спорт жән тағы басқа ғылымдар жиынтығы. Осының бәрі балаға мектептен бастап үйретіледі. Сондықтан, осы форумға қатысушы ұстаздардың міндеті болашаққа жол салу, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беру, біліммен сусындату. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылғандай, егемендік жолында әр өлкенің өз тарихы бар. Ол ұлттың, елдің тарихын құрайды. Мәселен, Қарқаралыда атақты Қоянды жәрмеңкесі болған. Ол – қазақтың алғашқы ЭКCПО-сы. Қазір сондағы сарай-қоймалардың бір кішкентай қабырғасы ғана қалыпты. Сол қабырғаның маңында қаншама тарих жатыр. Сол жәрмеңке тарихын білу арқылы оқушылар сол дәуір тарихынан көп нәрсе біледі. Бүгінгі Тәуелсіздік идеясының негізін қалаған «Қарқаралы» құзырхатының тарихын біледі, – деді Нұрсахан Ахметқызы.
Балқаш қалалық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Дәулет Қожақов, Ақтоғай ауданының Шашубай мектеп-балабақша кешені базасындағы ресурстық орталықтың тарих пәні мұғалімі Қуаныш Түсіпбек, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылы, №5 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Әсел Маратқызы, Қарқаралы қаласы жас туристер станциясының директоры Қанат Дүйсембеков және басқа да үздік жұмыс иелері қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Форумның екінші күні аймақтың түпкір-түпкірінен 500 мұғалім қатысып, жалпы екі күн бойы 900 өлкетану мұғалімі қамтылды.
Бұл жоба үш жылға жоспарланған. Биыл алғашқы жылы қорытындыланды. Мұнда негізінен жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары өз тәжірибесімен бөлісті. Алда тағы екі жылдық жұмыс күтіп тұр. Онда мектеп-лицейлер, гимназиялар, облыстық мамандандырылған мектептер мен Назарбаев мектептері тартылады. Биыл Қарқаралы, Ақтоғай, Ұлытау аудандары мен Теміртау, Саран, Жезқазған қалаларының өлкетану мұғалімдері дәріс оқыса, алдағы жылдары басқа да аудан-қалалардың тәжірибелі ұстаздарына тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік жасалмақ.
– Облыс мектептерінде өлкетану сабағы жүргізіледі. Сабақта Бақыткүл Әбдікерова мен Нұрсахан Ахметова жазған оқулық пайдаланылады. Мұғалімдер үздік дәрістерін сондағы әдіс-тәсілдерге сүйеніп жасайды. Форумға қатысып, тәжірибесімен бөліскен ұстаздарға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар, қамтылған 900 мұғалімнен басқалары youtube желісінен форумның бейненұсқасын көріп, дәрістермен танысуға мүмкіндік алды, – дейді облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Светлана Төлепбекова.
Екі күнге созылған ауқымды жиын соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға шексіз алғысын жеткізді. Түрлі тың мәлімет алғандарын тілге тиек етіп, алдағы екі жыл бойы аталған жоспарлы жұмысқа белсене қатысатындарын мәлімдеді. Біз осы шарадан өлкетануды дамыту – елді өркендетудің тура жолы екенін ұқтық.
Жәлел ШАЛҚАР.