Жаңалықтар

ӘЛИХАН және АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫ

Бір кездегі ата-бабалардың, одан беріде Әлихан БӨКЕЙХАН бастаған алаштықтардың азаттық жолындағы аңсарын мұрат тұтқан қазақ жастарының 1986 жылғы көтерілісінен бастау алған еліміздің егемендігі 1991 жылы ту көтеріп, талай мерейлі де қауырт істер қолға алына бастады. Міне, содан беріде тәуелсіздік алғанымызға – 30 жыл. «Осы торқалы той қарсаңында қаламыздағы Октябрь ауданының аты Әлихан БӨКЕЙХАН есімімен алмастырылады» деген ақпарат бүкіл қазақ халқын қуанышқа бөлеп отыр.

Бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартарлық, елдің экономикасын көтерерлік, мемлекеттің саясатын қалыптастырарлық жаңа өмірге беттеген өркендеу жолы ашылды. Осы жолда жетістіктеріміз аз емес. Қысқаша қайырсақ, сонау замандағы қазақ халқының асыл арманы, одан берідегі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының асқақ идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан!

Туған халқына жасаған қастандығы болмаса да Әлихан Бөкейхан ақталған 1989 жылдан кейін ол туралы жазған қарымды қаламгерлер аз емес. «Ойлы болсаң, арлы да намысты болсаң, ұлтыңды ұлықтауды ойласаң – оқы да қимылда!» деп бағыт сілтегені баршаға белгілі.

1990 жылдардың басында Әлекең туралы алғаш оқып, кейбір тарихи деректерді білгенімде, сонау 1953-55 жылдары 11-13 жасымда естіген бірер әңгіме оянған сана түпкірінен.

…Ақтоғайдағы Калинин колхозының бөлімшесі Кенеліде мал дәргері болып істейтін Мұхамедәлі аға ауыл малын тоқсан сайын емдеуден өткізіп, мұқият қадағалайтын. Мал ғана емес, басқа жағдайды да өте жақсы білетін зерек те әңгімешіл азамат-тын. Сөздерінің төркіні мал, мал жайылымы болып келіп, кей кезде, өткен уақыттағы би мен бай, төре мен қожа жайына тоқталатын. Жидебай, Қараменде, Шашубай, Әшірбек қобызшы, Ахмет бай сынды белгілі тұлғалар тілге тиек болатын. «Сіздерге ғана айтайын» деп Қарқаралы, Ақтоғай өңірін билеген төрелер жайлы біраз жайтты еске алатын. Мұхаңның әңгіме сілемінен менің жадымда қалғаны: «Кенесары-Наурызбай батырлар, Әлихан, Әлихан төре, Бөкейханның тұқымы, менің шешем Әлиханның балалық, жастық кезін жақсы біледі…», «шаншар Ақайдың Хасені біздікіне қашып келген жылы…» деген сияқты әңгіме үзінділері, «Әлекең жөнінде Смакең айтушы еді» деп Әлиханның жастық шағы, білімділігі жөнінде айтқан кейбір ой-түрткілері. Әлиханның әкесі Нұрмұхамбед– төре, шешесі Бегжан – тобықты. Текті тұқымдардан. Адамнан адам туар милы болып, тектіден текті туар сыйлы болып. Әлиханның да тамыры мен талабынан зиялылық нышанының ерте біліну себебі – парасатты әке-шешенің, дала даналары мен тамылжыған табиғаттың киелі әсері болар.

Болар бала жасынан жарқырай бастайды. Смакеңнің жазуынша, Әлихан да, айтқанды мұқият тыңдап, әр нәрсені байыптай, асықпай-аптықпай сөйлейтін ерекшелігімен танылған бала. Оның бойындағы жағымды қасиеттерді анасы ерте аңғарған. Баласының кейбіреулердей «түп-тамырым – төре» деп кеудесін кере сөйлемейтінін, тектіліктің тәнті де тәлімді қасиеттерін санасына сыналай сіңіре бастағанын сезеді. Адамгершіліктің алғашқы белгілерін бауыр еті баласының бойынан байқаған ақылгөй ана Әлиханның болашағына үкілі үмітпен қарайды. Ана мен бала арасындағы сырлы сезім мен саналы сенімді аңғарған туған-туыстары мен ауылдастары да, аяулы ананың арманына үлестерін қоса, жас өскінді жетілдіруге көмек береді. Сүйіспеншілікке бөленген жеткіншек, есейе келе епті де өжет, бетті де белді, өнерлі де өнегелі, қарапайым да қайратты азаматқа айналады.

Білім жолын Қарқаралыда бастауыштан бастап және сол қалада кәсіптік училищені бітірген алғыр жеткіншек одан соң тек дворян, дін басыларының және қала балалары ғана қабылданатын Омбы техникалық училищесіне түсіп, оны ерекше аттестатпен бітіреді. 1890 жылы арнайы жолдамамен Санкт-Петербордағы императорлық Орман институтында оқып, жоғары білім алады. Ол заманда үлкен шаһарда оқуға жолдама алу оңайға түспеген. Қандай да бір көмек алуға, тіпті баласын оқытуға сұраныс жасау үшін лауазымды шенеуніктердің алдына баруға тіс қаққан бай-сұлтандардың да батылы бара қоймайтын. Ал, Әлиханның Петербордан экономистік және заң институтын сырттай бітіріп, қос дипломға ие болуы – үлкен жетістік.

Оның білім алу және Омбыда алғаш еңбекке араласа бастаған тұс – саяси көзқарасын қалыптастыра, ғылым жолына бет бұрған, қаламгерлік те қайраткерлік қырлары орныға бастаған жылдар. Елін бодандықтан, жерін «қарашекпенділерден» арылтудың, халқын қараңғылық пен надандықтың шырмауынан шығару жолын іздейді. «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырысқандар – төрден орын алып жатыр, тырыспағандар – есікте қалып жатыр» («Қазақ» газеті, №1, 1913 ж.) деп, ең әуелі халықтың сана-сезімін ояту, оқыту, ағарту, сөйтіп қазақтың ұлттық тілін қалыптастыру, жазба әдебиетін дамыту, жалпы ұлттық мәдениетін өркендетуді көздейді.

Жалынды жас оқи жүріп, өзі білім алған оқу орындарын, қала мен дала жағдайларын салыстыра келе, оларды зерттей де зерделей түсе, өз халқының тұрмыс-ахуалының нашарлығына, ал оны дамытуға патшалық Ресейдің көңіл бөлмейтініне, тіпті, басқа да қитұрқы көзқараста екеніне мән береді. Білім алушыларға қол астындағы басқа ұлыстар мен ұлттардың, елдер мен жерлердің тарихи дамуы, өркенді жетістігі туралы ешқандай мағлұмат бермей, берілген жағдайда мешеулігі мен мәдениетінің төмендігін сөз етіп, тек Ресейдің алыптығын алға тарта, патшаларының ұлылығын жиі ұлықтайтынын байқайды. Қарапайым халықтың жағдайын ойламайтынына көзі жетеді. Осындай ойда өзі ғана емес, басқа да студенттердің бас қосып, ой толқындарын ортаға салар үйірмелердің барлығын сезген жігерлі жас олармен тез араласып, белсенді мүшесінің бірі болады.

Бұл кезеңде Еуропаның басқа елдеріндегідей Ресейде де капиталистік қарым-қатынастың қанаттанып, «коммунизм елестерінің» ентелей еніп, солардың әсерімен әртүрлі ұйымдар мен партиялар құрылып, жұмысшы және студент жастардың толқулары кеңінен етек жая бастаған-ды. Осы жылдары қилы-қилы қозғалыстарға қатысып, мінбелерден сөйлеп жүрген Әлихан Бөкейханның патшалық тәртіптің астамшылығын, әділетсіздігін, өкімет басындағы қызметкерлерінің көзбояушылық іс-әрекеттерін әшкерелей жазған мақалалары баспа беттерінде жарық көре бастайды (олардың көпшілігі бүркеншік атпен басылды). Ой-пікірлерінің ашықтығы, өткірлігі, феодал-капиталистер тілімен айтылатын «бұратана» халықты қорғауы Әлиханның беделін арттыра түседі. Сол кездің өзінде азаттықты алға тарта, халық бостандығын аңсай арпалысқан білімді де беделді жас, қазақ елі түгілі Ресейге де, тіпті шет елдерге де белгілі бола бастайды. «Санкт-Петерборлық «Новая жизнь» газеті 1906 жылы «Ә.Бөкейхан 1894 жылы, Орман институтының 4 курс студенті күндері студенттік толқуларға қатысты…» деп жазса, «Веками накопленный гнев народа к царю, с одной стороны, и революция 1905 года с другой, сплачивает вокруг Алихана Букейханова более революционно настроенную интеллигенцию» деп «Степная Правда» (1922 г.) газеті Әлиханның ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырушының бірі екендігін айқын көрсетеді. Осы ойды тиянақтай, ағылшын Оксфорд университетінің «Орта Азияны зерттеу қоғамы» ғалымдарының жазған «Қазақтар 1917 жылғы орыстар туралы» атты кітабында: «Ә.Бөкейхан жас күнінде орнықты революционер, социалист болды және «Зарзаман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі болды» («Әлихан Бөкейхан» (С.Аққұлы, «Қазақ энциклопедиясы», 1995ж.) деп Әлихан есімін тарихта қалдырған.

Жоғарыда айтылған үлкен де ұлы, маңызды да мағыналы мақсатқа жетуді Әлекең өзінен бастады десек, шатаспаспыз. Оның білімге ұмтылуы, оқи келе тағы да білсем, тағы да жетсем деген ізденісі – білімсіз – ғылым, ғылымсыз – жаңалық, жаңалықсыз – жетістік болмайтынына ерекше мән бергендігі. Басқаларды үйрету үшін ең алдымен өзі оқып-біліп, өзі жазса ғана өзгелердің алдында үлгілі де өнегелі, беделді де биік боларын біледі. Әлекең «Мұғалімдерге хат» деген мақаласында «оқытушылар аспан әлемі, дін, тағы басқа мәселелерді балаларға ерте түсіндіруі керек», ал «Білім күші» деген әңгімесінде «өткен дүние соғысында білім жеңді… бәрінен білім жүйрік» деп қорытындылайды. Білім жолындағы тағы да бір назар аударарлық қасиеті – өзі ғана біліп қоймай өзгені де, тіпті жалпы халықты сауаттылық пен мәдениеттілікке тартып, өнер мен кәсіпке бейімдеп, білімнің биігіне жетелеуі.

Мақсатын орындау барысында сол кездің бетке ұстар білімділері мен зиялыларын өз қатарына тартқан. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Ж.Аймауытұлы, С.Сәдуақасұлы, Ә.Ермекұлы, Ақбайдың Жақыбы, тағы басқа жүздеген жақтасымен біріге де пікірлесе, кеңесе де келісе отырып қана көпті көндіріп, істер қарекеттерін әспеттеп, нәрлі нәтижеге, ойлаған ойына жетерін, беделінің бекитінін білген. Айтқандары мен жазғандарын халыққа жеткізу мақсатында баспа ісіне ерте араласты. «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттеріндегі редакторлық жұмысы және 1898-1927 жылдар арасында орыс тіліндегі «Новая жизнь», «Сибирские вопросы», татар тілінде шығатын «Фікір», «Уақыт», қазақ тіліндегі көптеген баспа беттерінде мақалалары жарияланып тұрды. Өкінішке орай, Әлиханнан қалған құнды да қымбат мұралар 1927 жылдан бастап мұрағат қорынан жойылған. Қазақ жеріндегі он екі уезді зерттеп жазған материалдарынан құралған 13 томнан тұратын ғылыми жинағы қаскөйлер мен мәңгүрттер тарапынан жоғалған.

Сауат ашуға тиімді де әсерлі жол ауыз әдебиетіндегі ертек, жыр, дастан екенін бала кезінен білетін Әлихан қазақ эпосы мен фольклорына да көп көңіл бөлген. Жырлардың тәрбиелік мәніне, олардың мазмұнындағы жаңа бетбұрысқа жоғары баға берген. Әлекең қазақтың үш алыбы: Абай, Шоқан, Ыбырай еңбектерімен таныс екендігіне күмән келтіре алмаспыз. Оларды өзге зиялылардың да толық танып, насихаттауына бас болып, көпшіліктің көкірек көзін ашуға атсалысады. Әсіресе, хакім Абай өлеңдерін жиі оқып, қара сөздерімен таныстығын, жазған мақалаларынан, басқа әріптестеріне берген кеңестерінен байқауға болады. Абай өлеңдерінің қазақ үшін тұнып тұрған тәлім, өрнекті өнеге екендігіне көзі ерте жеткен. Абай туралы өзі ғана жазып қоймай, Ахмет Байтұрсынұлына жазғызады. Шоқанды Міржақып жазады. Ахметке «сен енді Ыбрай туралы жаз» деп қолқалайды. Абай балаларына, әсіресе Кәкітайға әкесінің еңбектерін баспа арқылы шығаруға кеңес беріп, шығармаларын Санкт-Петербор баспаханасынан шығаруға көмектеседі. Тоғыз тіл білген Әлекең Л.Толстойдың «Кавказ тұтқыны», «Қажымұрат», А.Чеховтың «Хамелеоны», Ги де Мопассанның «Жарасын алдырған анасы», тағы басқа татар, үнді, түрік тектес Қырым халқы жазушыларының көптеген еңбегін қазақшаға аударады. Халықтың сана-сезімін оятып, мәдениетін көтерудің бірден бір жолы мектептер ашу екеніне көзі жеткен Әлекең қазақ балаларын оқытатын оқу орындарының ашылуын қалайды. Қарқаралыдан жастарды оқытатын оқу орынын ашуды Әлімхан Ермековке жүктесе, Алматыдан (Верный) институт ашу, жергілікті жерлерден мектептер ашу жөнінде бастама көтереді.

«Балалар сауатсыз қалмасын. Оқытыңдар. Ол үшін бастауыш мектеп ашыңдар. Әзіхан сен Жекежалдағы үйіңді мектепке бер, жылылап ұста. Базылхан, сен мектепке керекті құрал-жабдықтарды тауып, қаражатын бересің. Смахан, сен мұғалім жалдайсың, басшылық жасайсың» деп тікелей тапсырыс бере отырып, бостандықтың бірден бір жолы білімде екенін түсіндіреді («Әлекеңнің өмірі», Смахан Бөкейхан, («Жұлдыз» жур., №3-1996 ж., №3-2003ж). «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген ойын іс жүзіне асыруды, қазақ елін озық елдердің қатарына жеткізуді мақсат тұтты. Өмірін осы мақсатта сарп етті. Оның ерекшелігі: саяси қарсыластарына өз ойын ашық та анық айтып, оларға бас имеуі; қандай қиыншылық болып, қыспаққа түссе де, елінің еркіндігін, ұрпағының болашағы жолында батыл қимылдауы; шен-шекпенге қызықпауы; сауаттылықтың сындарлы жолын іздеп, халқының санасын оятуға талмай ұмтылуы; Алашының алыптығына, халқының бақытты боларына сенуі.

Бұл мақалада Әлекеңнің тек ағартушылық қызметіне қатысты қырының бір парасы ғана сөз етілді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының негізгі мұраты – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Енді, міне имандылыққа жетелер діні мен еске ұстарлық ділі бар ел болдық.

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

ардагер педагог,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button