Әлихан туралы алғашқы роман
Әлихан Бөкейхан туралы көркем шығарма жазу оңай емес. Бірақ, жазушы Сүйіндік Жанысбай жазыпты. «Әлемге әйгілі Әлихан» деп аталады. Кітап «Tengri Ltd» баспасынан 500 данамен жарық көрген. Демеушісі – белгілі меценат, ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының иегері Бекзат Алтынбеков.
Кітап Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы көптеген деректі оқиғаға толы екен. Яғни, автор қолда бар деректі оқиғалардың басын қосып, деректерге сүйене отырып, Әлекеңнің көркем бейнесін жасауға тырысқан. Бір қызығы, осыған дейін Әлекең туралы роман жазылмапты. Бұл – алғашқысы. Сонымен қатар, көптеген әңгіме, хикаяттар жазған Сүйіндік Жанысбайдың да алғашқы романы. Автор алғашқы романын бұған дейін ауқымды шығарма жазылмаған Әлихан әлемінен бастапты. Енді бұл жанрға тағы да қалам тартып, басқа да ойында жүрген романдарын жазғысы келетінін де жасырмады.
– Көптен бері ойымда жүрген шығарма еді. Міне, сәті енді түсті. Жалпы, бұл прозалық ауқымды еңбегімді деректі-роман деуге болатын сияқты. Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан ауданында таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз. Әдебиетші ғалымдар кітаптың жанры мен жазылуы, көркемдік қуаты туралы пікірін айтып, бағасын берер. Мен екі жылдай уақытымды сарп етіп, баба рухы алдындағы міндетімді орындадым. Кейін бір жылдай жарыққа шығаруға демеуші іздедім. Меценат бауырым, Алаштың арда азаматы Бекзат Алтынбековке демеушілік жасағаны үшін шексіз алғыс айтамын. Барлығы 150-ге жуық құжат ақтардым. Кітапты «Атамұра» кітап үйінен немесе өзімнен сатып алуға болады, – дейді Сүйіндік Жанысбай ағамыз.
Туындының алғашқы бетінде: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейханның отты сөзі жазылған. «Желтаудағы жарқын күндер» алғашқы бөлімге көзіңіз түссе, кітап сізді Алаш көсемінің әлеміне, Желтаудың етегіне, қайраткердің балалық шағына жетелей жөнеледі.
Бас-аяғы 23 бөлімнен тұратын деректі романда Әлихан Бөкейханның балалық шағы, жігіттік кезі, қайраткерлік жолы, саясатқа араласа бастауы, қызметі, ғылымдағы жолы, Сталинмен кездесуі, қамалуы сынды көптеген деректі оқиғалар тұнып тұр.
Одан бөлек, соңғы жағында «Әлихан ұрпақтары» атты бөлімде Әлекеңнің қызы Зейнеп, ұлы Өктай, інілері мен қарындастары, күйеу баласы Смағұл Сәдуақасов туралы нақты деректер қамтылған мақалалар берілген.
Ол аз десеңіз, «Ата-баба қорымы» бөлімінде де ата-бабасы жерленген Ақтоғай ауданындағы «Талды бейіт» қорымы жөнінде егжей-тегжейлі жазылыпты.
«Әлекеңнің нақылға айналған сөздері» атты соңғы бөлімдегі ұлт перзентінің отты да қайратты сөздерін оқып, таң қаласыз. Байқасақ, Әлихан туралы білгісі келетін кез келген адам осы кітаптан мол дерек таба алады. Зерттеушілерге тіпті, таптырмас дерекке толы туынды. Бәрі бар. Архив ақтарып әлек болмайды.
«Қуана білмегенге құт қонбайды» (Ә.Кекілбаев) демекші, қуанышты хабарды сүйіншілеу бізге бұйырыпты. Деректі-романды оқып, көп дерекке қанық болуды, өз ойыңызбен бөлісуді Сізге де нәсіп етсін, ардақты оқырман!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»