Руханият

Әлихан әлемі 5. Ұлттық құндылық ұранмен ұлықталмайды

Рухани құндылық төңкеріспен жасалып, қантөгіспен қорғалады дегенге сену қиын. Яғни, руханияттың кепілі – өміршең идея. Дәл осы жерден пікір қайшылығы туындап кетуі де ықтимал һәм заңдылық. Өйткені, идеяның өміршеңдігі ғасырларға созылған ұлы күреспен ғана қамтамасыз етілді деген пікірмен де келіспеске амалың жоқ. Алайда, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш көсемдерінің даланы қанға бөктірмей-ақ, сананы жаңғырту арқылы ұлттық мемлекет құру идеясын қайда қоясыз? Тамырын сонау түркіден тартып, Ғұнның ғұрпына, Сақтың салтына салтанат берген аталық дәстүр, аналық өнегені дәріптеудің маңыздылығын меңзеді Алаш зиялылары. Тарихи тамырдың бірлігін сақтау, ұлтымыздың ұлы тарихын ұлықтау арқылы да мұратқа жетеміз, ендеше. Мәселен, мақаламыздың әлқиссасына келтіріп отырған Елбасының оймақтай ойындағы емеурін де – осы. Бір жағынан Алаш арыстарының жанкешті еңбегіне парасат биігінен баға бере отырып, екінші жағынан жаңа дәуірдегі Қазақстан мемлекетінің тарихи жауапкершілігін пайымдау.

Осы жерден ұлттық идеяның өміршеңдігіне сартылдаған қарумен емес, сабырлы сабақтастықпен еңбек сіңіруге болатынын айқын аңғаруға болар еді. Азаттық рухын аспандатқан Алаш идеясының Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына негіз болып, «Мәңгілік Ел» идеясымен үндесуінде осындай мән, тарихи маңыз жатыр.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан өзінің қоғамдық қызметіне өзек, Алашорда идеясына тұғыр болған бес ұстанымының төртіншісінде: «Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек», – деді. Әлекеңнің бұл ұстанымын идеялас серіктесі Халел Досмұхамедов «Ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы қажет», – деп қуаттайды. Ендеше, Алаш зиялыларының түпкі мақсаты жалаң ұран емес, ұлттық мүдде болғанын түсінуге тиіспіз.

Жасыратыны жоқ, біз дәстүрден алшақтап барамыз. Саясат ұлттық құндылыққа ұшынған асындай жиіркене қарап тұр. Тіл – босағада. Дін саяси күштердің қолшоқпарына айналған. Діл жаһандану жұтқыншағына жұтылғалы тұр. Ал, Әлекеңдер дәл осы үш құндылықты жүрегімізге жөргектемейінше, ұлттық мемлекет құра алмайтынымызды, құрған күннің өзінде ғұмырлы болмайтынын айтып, шырылдап өтті. Ұлттық мемлекет құрамыз деген ұлы мұрат жолында құрбан болды.

Біз өткен тарихымызды таразылай қалсақ, рудың әпсанасынан аспай қаламыз. Ащы да болса, ашығын айтайын, біздегі рухани элита рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтеріле қойған жоқ. Тіпті, тарихи тұлғаның қайраткерлігі емес, шыққан тегі маңызды болып бара жатқанын қалай жасырайық?! Иә, рушылдық – қазақпен бірге жасап келе жатқан әлеуметтік кесел. Дегенмен, ХХ ғасырдың басында өмірге келіп, ұлтқа қызмет етудің жаңаша үлгісін ұсынған Алаш идеясынан алшақтап кетуіміз бұл кеселдің асқынуына алып келді. Мұның бір ғана себебі бар – асыл мұратты Алаш идеясының тек жүректерде ғана өмір сүруі. Ой еркіндігін тұсап, сөз бостандығын матап тұрмыз әлі. Әйтеуір, рушылдық туралы ойлана қалсам, Тұңғыш Президентіміздің «Қазіргі ру-тайпалық идеология бұл ішкі ұлттық ыдырау мен бағдардан айырылудың ең қауіпті түрі» деген сөзі көңіл көкжиегіне үрей үйіре қалады. Амал жоқ, біз – солаймыз…

Әлекең ұстанымына ұстын болған тағы бір құндылығымыз – тіл. Әлекең жарықтық бір сөзінде: «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!», – деді. Яки, бұл бәйгенің мәресі алыстады, яки, біздің тіл соңғы лекте қалып қойды… Әйтеуір, өз жүлдесін алмағаны аян. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!», – деп еді, селт етпедік. Ұлттық сана ұлт тілімен қалыптасатынын әлі күнге сезінбей келеміз.

Күні кеше ғана облыс орталығындағы Октябрь ауданына Ұлт Көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы қоғамдық тыңдау өтті. Індет жағдайындағы карантин талаптарын сақтай отырып, ұйымдастырылған шараға қатысушылардың барлығы (100 %) ұлы тұлғаны ұлықтау жөніндегі ұсынысты қолдап, тарихи хаттама толтырылды. Әлекең рухы оралды ортамызға! Ұрпағының шүлдірлеген шұбар тілін көрсе, аудан атын иемденуден өзі-ақ бас тартар еді… Өйткені, Әлихан бастаған ұлт зиялылары қазақ тілінің қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталуына қызмет етіп, ұлт қауіпсіздігі мәселесінде ең басты кепіл болар құндылық ретінде бағалады. Сөйтіп, олар өз тұғырнамаларын әзірлеу барысында қазақ тіліне ұлтты ұйыстырушы фактор ретінде тарихи маңыз беріп, оны дамытуға, қолдану аясын кеңейтуге, саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесін нақтылауға еңбек жасады. Ықылым заманнан билік пен шешендіктің, көсемдіктің қуатына өлшем болып келген қазақтың тілі отаршылдық жүйеде бар болғаны қарсылық білдіру мен сын айтудың құралына айналған-ды. Алаш автономиясы тұсында ғана қасиетті тіліміздің тарихи мәртебесі анықталып, тұңғыш рет қазақ тіліне қоғамдық жауапкершілік жүктелді. Ахмет Байтұрсынұлының: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген парасатты пайымы өзектілігін күні бүгінге жойған жоқ. Ал, Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын» деуінің өзінде Алаш қайраткерлерінің ұлттың тілінің тарихи мәртебесі үшін күресте қыруар іс тындырып тастағаны көрініп тұрған жоқ па?! Яғни, олардың патшалық Ресеймен тайталаса жүріп ұлттық басылым шығарып үлгергендігі айтылады. Ал, біз ше?

Біз, жарамсақтана жүріп жат тілде сайрауға, ұлттық құндылықтарға қатысты мәселені жалаң ұранмен ғана дәріптеуге дағдыланып алғанбыз. Науқаншылдық науқасымызға дауа боларын біліп отырсақ та, ұрандатуды қоймадық.

Діл мәселесі. Ұлттық ділдің ұнжырғасы түсіп тұр. «Өзгенің қаңсығын таңсық көру» тенденциясы белең алып барады. Кеше ғана, яғни, 8 наурыз күні теңдік сұрап тепсініп, алаңға шыққан «қыз-келіншектердің түпкі мақсаты не?» сауал қазақ қоғамының басын қатырып тұр. Меніңше, бұл жердегі талап – әлеуметтік теңдік емес, жаһанданудың жарылғыш пиғылына еліккендердің талабы. Ұлттық құндылықтарымыздың құнсыздану үрдісі үрейімізді үстемелеп тұр. Әйтпесе, бір жыныстылардың некелесуі, еркектің шаш бояп, сырға тағуы қай атамыздан қалған ғұрып еді? Ең сорақысы сол, қазір жыныс ауыстыру жұмыс ауыстырумен бірдей болып кетті. ЛГБТ-ның түрлі түсті туын алып, «Менің жатырым – менің ережем!» деген ұран іліп шыққан қыз-келіншектердің дәл осы жолғы жанайқайында елбұзар мақсатты көздеген әлдебір ұйымның мүддесі мен қаржысы айқын аңғарылып қалды.

Рас, заман өзгерді. Құндылықтар туралы көзқарас та құбылып тұр. Адам құқығы мәселесі өз елімізден тысқары Халықаралық деңгейдегі мәртебелі ұйымдар арқылы қорғалады. Моральдық құндылықтарға өзгеше тұрғыдан баға беріле бастады. Дегенмен, дамудың еуропалық жолын таңдаған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өзі: «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ», – деді емес пе?! Осы тұстан бір ойланып, ұлттық діліміздің діңгегіне бір назар аударсақ…

Жалпы, адамзат тарихында ең ұзақ жасайтын идея – Тәуелсіздік идеясы. Қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы арпалысқа толы күресі бірнеше ғасырға созылғаны тарихтан белгілі. Арман болды. Елеске айналды. Қан төгілді. Жан қиылды. ХХ ғасырдың басында ғана Алаш зиялыларының көрегендігімен ұлттық идеяға айналды. Тәуелсіздік игілігін көріп отырған бақытты ұрпақ өкілі ретінде мен «Тәуелсіздік идеясы мақсатына жетті, күрес тоқтады» деген пікірге түбегейлі қарсымын. Идея – тірі ағза. Тәуелсіздік идеясы әлі өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Өйткені, мемлекетіміз үшін баға жетпес құндылыққа баланатын киелі Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы күрес күн сайын күрделене бермек.

Біз кейде Тәуелсіздік туралы ой толғай қалсақ «Бұл – бабаларымыздың сан ғасырлық арманы» деп көсіле жөнелеміз. Ал, Тәуелсіздік – қастерлі аманат! Осы жолда қан төккен бабалардың аманаты. Кешегі Алаш зиялыларының аманаты. Аманатқа қиянат жүрмейді. Сондай-ақ, ұлттық ұпай ұранмен түгенделмейді. Алаш көсемдерінің аманатымен астасқан Ұлттық идея – ұлы мұраттың бағдары, ұлт ұландарының бақыты. Ендеше, сабырмен сабақтасып, ұлылықпен ұштасқан кешегі Алаш, бүгінгі Тәуелсіздік идеясының Мәңгілік Ел болу жолындағы миссиясы тоқтаған жоқ. Біз соған еңбек етуге тиіспіз!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button