Жаңалықтар

Әлеуметтік желі жаңа медиа ма?

      Алақанында ақпарат құралы болуға әбден лайық гаджеттер мен смартфондары бар ХХІ ғасыр ұрпағы үшін, мәлімет тарату – дүкенге барып келуден де оңай. Әлбетте, бұған жады жылдам жұмыс жасайтын телефондар емес, байланыс құралындағы әлеуметтік желілер себеп болмақ. Технологиялардың төрге озған заманында бұлай болуы – заңды дүние. Дегенмен, кәсіби журналистер мен блогерлердің арасындағы таусылып бітпес дау – «Әлеуметтік желі ақпарат тарату медиасы ма?» деген сауалға әлі еш адам нақты жауап қата алған жоқ. Сонымен…

соцсети

Әлеуметтік желі һақында сөз қозғар болсақ, ғаламтор мәселесін айналып өту мүмкін емес. Жалпы, ғаламтор сөзінің өзі – бір мезгілде бүкіл әлемге ақпарат тарата білу ұғымынан пайда болса керек. Бүгінгі таңда ғаламтор кең көлемде танымал ақпараттық инфрақұрылым саналады. Газет, радио, телеарна – ақпарат таратудың классикалық үлгісі дейтін болсақ, қазіргі күні электронды БАҚ ұғымын да санамызға сіңіріп үлгердік. Бұл аз десеңіз, еліміздегі кез келген БАҚ-тың жеке сайты бар. Мұның өзі мемлекетіміздегі ақпараттық технологияның даму деңгейін топшылап бере алады. Алайда, бүгінгі айтпағымыз ол емес. Әу бастағы ойымыздан ажырап қалмас үшін, әлеуметтік желі тарихына көз жүгіртейік. Ғаламторға сенсек, әлеуметтік желі тарихы сонау өткен ғасырдың соңы – 1995 жылы пайда болған америкалық «Classmates.com» порталынан бастау алады екен. Жобаның сәтті шыққаны соншалық, кейінгі бірер жыл көлемінде бұған ұқсас ондаған порталдар пайда болыпты. Дегенмен, 2003-2004 жылдары тағы сол АҚШ-та іске қосылған «Linkedln», «MySpace» және «Facebook» сынды әлеуметтік желілер әлем назарын біржолата өзіне аударды. Ал, көршілес Ресейде «Mail.ru», «Одноклассники» және «ВКонтакте» әлеуметтік желілері 2006 жылдан бастап қолданысқа енген екен. Ал, бүгінгі таңда екінің бірі шұқшиып отыратын «Facebook-тің» орыс тілді нұсқасы 2008 жылы ғана іске қосылыпты.

Елімізде қазіргі уақытта әлеуметтік желінің алуан түрі бар. Соның ішінде, кең таралғаны – «Facebook», «Instagram», «Mail.ru», «Одноклассники» және «ВКонтакте» болса керек. Ауызға ілікпегені қаншама. Мәселе онда емес. Мәселе – әлеуметтік желілердің ақпарат құралы бола алуы мен бола алмауында.  «Facebook» пен «Instagram» желілерінде осыдан бірер жыл бұрын тікелей эфирге қосылу мүмкіндігі болмап еді. Қазір, қай жерде қандай оқиға болып жатқанын сол сәтте-ақ әлемге айдай ете аласыз. Мұның өзі ақпарат тарату жылдамдығы емей, немене? Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Цензураны тіптен айта көрмеңіз. Дегенмен, Солтүстік Корея, Қытай, Иран, Пәкстан, Вьетнам, Түркіменстан сынды елдерде әлеуметтік желі ұғымы мүлдем жоқ немесе, белгілі бір шектеу қойылған екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Тіпті, ғаламтордан бас тартқандары да бар. Бұған себеп – мемлекеттегі саяси жүйе. Ал, өткен жылы ақпарат ағымына ауыздық сала алмаған өкіметіміз ақыры ҚР Ақапарат және коммуникациялар министрлігін құрған еді. Соны ескерсек, кезінде «Казахская правда» газетіне жетекшілік еткен тәуелсіз журналист Алдан Айымбетовтің «Мен сөз бостандығы үшін өз бостандығымнан айырылуға әзірмін» деген сөз бостандығы жолындағы жанкешті арманы әлеуметтік желінің пайда болуымен ақыры орындалды ма дерсің. Бәлкім, солай да шығар. Табиғи, техногенді апаттар, жол-көлік оқиғалары, керек десеңіз, адамдардың не ішіп, не кигеніне дейін осы әлеуметтік желінің айналасында топтасқан. Лайықты телефоныңыз бен әлеуметтік желіде тіркелгеніңіз жетіп жатыр. Оқиғаның ортасынан табылған репортерге айналып шыға келесіз. Жақсы-ақ, ә? Алайда, таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған абзал. Ақпаратты аңдаусыз таратамыз деп, аузы күйген азаматтар да жетіп артылады. Бөгденің беделін түсірген былай тұрсын, адам өмірінің қиылуына да әкеп соққан жағдаяттар аз емес. Айтайық, осыдан бірер уақыт бұрын әлемді аяғынан тік тұрғызған «Синий кит» ойынынан хабардар боларсыз? «ВКонтакте» желісінің «жемісі» қанша баланың өмірін қиды? Қанша әлеуметтік желі діннің атын жамылған қара ниеттілердің қол шоқпары болды? Бұл – бір. Екіншіден, әлеуметтік желідегі екшелмеген, дәйексіз, дерексіз, сұрыпсыз, сараланбаған ақпараттан аяқ алып жүре алмайсың. Бұған – аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жататын дөрекі пікір қалдырушыларды қосыңыз. Жалпы, қазақ халқы ішкен-жегенін айтпаған. «Жаман – жегенін айтады» деген содан қалса керек. Қазақтың махаббаты да құпия. Екі адамның арасындағы сезімді, сыйлаған сый-сияпаттар мен барған кофе-мейрамханаларды төрткүл дүниеге паш ету – ұяттан бұрын, надандықтың белгісі. Әлеуметтік желіден соңғы рет қашан оңды ақпарат алып көрдіңіз? Қарапайым сауал. Бізге емес, өз-өзіңізге жауап беріп көріңіз. Балаңыздың, бауыр-қарындасыңыздың білім мен ақпаратты кітап пен газет бетінен алғанын қалайсыз ба, жоқ әлде әлеуметтік желіге шұқшиғанын құптайсыз ба? Әрине, кітап бетінен дерсіз. Бірақ, өзіңіздің әлеуметтік желіден бас тартқыңыз жоқ.

Бәлкім, әлеуметтік желіге әуестенген болсаңыз, бұл мақаланы оқымайтын да шығарсыз. Ұлтқа – ұйытқы, санаға – серпіліс, ойға – шуақ, бойға – қуат бола алатын, елдің ертеңгі жастарын тәрбиелейтін – әлеуметтік желі дегенге сенер ме едіңіз? Жоқ әлде, газет пен кітапқа ой тоқтатасыз ба? Сену мен сенбеу әркімнің өз таңдауы. Сіз, қайсысына сенесіз? Таңдау – өзіңізде…

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button