Жаңалықтар

Әлеуметтік кәсіпкерліктің өрісі кең

Былтыр аймақта мүгедектігі бар адамдар үшін 13 жұмыс орны ашылды. Соның арқасында он адам жұмыс тапты. Оның үшеуінің көру, қалғаны – есту қабілетінен айырылған. Лидия Гонкина – ІІІ топ мүгедегі. Оның есту қабілеті нашар. Алайда, соған қарамастан өз мамандығымен жұмыс тауып, адал еңбек етіп жүр.

Лидия Гонкина – тігінші. Бір жыл бұрын «Дедал» тігін цехына «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша орналасты.

– Бұған дейін де мен ательелердің бірінде тігінші болып жұмыс істедім. Тапсырыс біткенде, маған басқа орын іздеуге тура келді. Мансап орталығына бардым. Маған қалада немесе Майқұдықтан жұмыс ұсынды. Бірақ, мен өзім тұратын Пришахтинскіден табылғанын қаладым. Маған үйіме жақын жерден жұмыс ұсынды, – дейді Лидия Гонкина. Ол алғашқыда ұжыммен араласу қиындау болғанын жасырмайды. Бірақ, қазір барлығы жақсы екен.

– Біздің ұжымымыз керемет, – дейді ол. – Бәрі бір-біріне көмектеседі. Маған менің істейтін жұмысымның бәрін көрсетіп берді. Қазір қыздар маған сәлем беріп, шай ішуге шақыру үшін ымдап сөйлесуді де үйренді. Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйде отырып қалмаңдар дегім келеді. Қазір жұмыс істеуге жағдай бар. Қорықпай бастау керек. Иә, басында қиын болғанымен, үйреніп кетесіздер.

Қарағанды қаласындағы мылқаулар қоғамының сурдоаудармашысы Ирина Лидияның жанында болып, түсіндіріп берді. Әдетте ол ауруханаға бару, біреумен кездесу, жұмыста қандай да бір өтініш жазу керек болғанда бірге еріп жүреді. Оның айтуынша, есту кемістігі бар мүгедектерге жылына 60 сағат сурдоаудармашының көмегі беріледі екен. Олар бұл көмекті қажет кезінде пайдалана алады.

«Дедал» тігін цехы арнайы киім тігумен айналысады. Бұл кәсіпорындағы алғашқы арнайы жұмыс орны емес. 

Кәсіпорын директорының орынбасары Владимир Кимнің айтуынша, тігін цехы «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары» бағдарламасына былтырдан бастап қатысып жатыр. Кәсіпорын – түрлі мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты қатысушысы.

– Мүгедектігі бар қызметкерлердің қолайлылығы мен қауіпсіздігі үшін сыртқы және ішкі құлақтандыру жабдығы, соның ішінде, цифрлық табло орнатылып, «ақылды» қол сағаттар алынған. Олар есту қабілеті төмен адамдарды жұмыс орында туындаған қандай да бір жағдайда хабардар етеді. Қазір осындай екі орын жабдықталды. Аталған бағдарлама бойынша әрі қарай жұмыс жалғастырамыз, үшінші арнайы орнын дайындап жатырмыз, – деді ол.  

ІІ топтағы мүгедек Ардақ Ысқақова да – осы бағдарлама бойынша жұмыс тапқандардың бірі. Ол Еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы «Rakhat-Med» клиникасына әкімші болып жұмысқа орналасыпты. Ардақ Рысқалиқызының көзі нашар көреді. Медициналық ұйымның басшылығы арнайы пернетақтасы және қажетті бағдарламасы бар компьютер сатып алыпты.

– Мен он жылдан астам сатушы болып жұмыс істедім. Сосын көзіме бірнеше рет ота жасатып, мүгедектік рәсімдеп, 5-6 жылдай үйде отырып қалдым. Жұмысқа орналасуыма Мансап орталығы көмектесті. Жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі адамдарға Мансап орталығына жүгінуге кеңес беремін. Жұмыс табылады, бұл соншалықты қиын емес, – дейді Ардақ Ысқақова.

Қарағанды облысының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықовтың айтуынша, кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға ниетті. Бұған мемлекет тарапынан жұмыс берушілерге берілетін субсидия ықпал етеді.

– Өткен жылы Еңбек ұтқыр­лығы орталығы 13 арнайы жұмыс орнын құрды. Биыл мүгедектігі бар адамдарды үш санат бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Олар есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратында проблемалары бар адамдарға арналады. Жұмыс берушінің басты міндеті – ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау. Ал мемлекет өз тарапынан олардың ниеттерін қолдайды, – деп түсіндірді Нұржан Сыздықов.

Жұмыс берушінің арнайы жұмыс орындарын жабдықтау үшін құрылғылар сатып алу және орнату шығындары өтеледі. Сондай-ақ, мемлекет мүгедектігі бар адамдар жалақысының бір бөлігін өз жауапкершілігіне алады. Субсидиялар үш жыл бойы ай сайын төленеді. Бірінші жылы – жалақының 70%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспауы тиіс), екінші жылы – жалақының 65%-ы, үшінші жылы – 60%-ы субсидияланады.

Қазіргі уақытта кәсіпорындардан 11 жұмыс орнын ұйымдастыруға бес өтінім түсті. Олардың бір бөлігі мақұлданды.

– Қарағандыда пластикалық терезе жинаушылар үшін алты бос орын, Саранда бір түптеу­шінің жұмысы және Абай ауданында есту қабілеті нашар адамдар үшін буып-түю орны ашылды. Сондай-ақ, Қарағандыда қозғалуында проблемалары бар адамдарға арналған маркетинг жөніндегі менеджердің бос орны мақұлданды, – деп атап өтті Нұржан Хамитұлы.

Облыста 55 мың мүгедек адам тұрады. Олардың 32 мыңнан астамы – еңбекке жарамды жаста. 10 мыңнан астамы жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда Мансап орталықтарына жүгінген 1 200 мүмкіндігі шектеулі жанның 700-і түрлі бағдарламалар жұмыс тауып, істеп жатыр.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button