Ресми

Әлеуметке бағдарланған әріптестік

Қарағанды облысының әкімдігі, кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының басшылары арасында үшжақты келісім жасалды. Келісім 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестікті көздейді. Құжатта халықты жұмыспен қамтуға, лайықты еңбек жағдайын жасауға және еңбекақы төлеміне басымдық берілгенін айта кету керек.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биыл 2021-2023 жылдарға арналған келісімнің қолданылу мерзімі аяқталады. Бұл жолғы жаңартылған құжатта жұмыс тобы жеке міндеттемелерді нақтылады. Мәселен, ауылдық елдімекендерде және аудан орталықтарында тұрып жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, ветеринария, спорт ұйымдарының мамандарын әлеуметтік қолдау­ға қатысты қосымша пункттер қабылданды. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды қамтамасыз етуге және әлеуметтік еңбек дауларының, жанжалдар мен ереуілдердің алдын алу және шешу жөніндегі іс-шараларға қатысты толықтырулар енгізілді. 2021-2023 жылдары жұмыс комиссиясы 47 отырыс өткізіп, еңбек қатынастарының, дау-жанжалдардың алдын алу бойынша 82 мәселе қараған болатын.

– Өндірістік қауіпсіздікке назар аударғым келеді. Біздің ойымызша, ешкім өзін, бала-шағасын асыраймын деп жұмыс орнында өлмеуі керек. Еңбек адамның өліміне немесе мүгедек болып қалуына себеп болмауы тиіс, оның денсаулығына зиян тигізбеуі керек. Әрбір басшы мен қызметкердің санасына өндірістік жарақаттанудың өсуіне және соның салдарынан үлкен адами, сондай-ақ, қаржылық шығындарға ұшырағаннан гөрі төтенше және штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде өндірісті тоқтата тұру тиімдірек екенін жеткізуіміз керек, – деді Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабеков.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев келісім комиссиясына жұмысы үшін алғыс айтып, меморандумның маңыздылығын атап өтті.

– Қабылданатын келісім жұмыс берушілер мен қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға, денсаулығын сақтауға және сауықтыруға, өркениетті және әлеуметтік тұрғыда бағдарланған әріптестік қатынастарды құруға, тұрақты жұмысты, жалақыны, ертеңгі күнге деген сенімділікті және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге ортақ жауапкершілігін күшейтуге бағытталуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Тараптар назарын келісім міндеттемелерін қабылдау және оларды орындауға жауапкершілікті арттыру керектігіне аударғым келеді. Ең бастысы, бұл тек қағаз жүзінде қалмауы керек.

Келісімде тараптар әлеуметтік әріптестік, экономикалық және әлеуметтік саясат, халықты жұмыспен қамту, еңбекке қолайлы жағдайлар жасау және еңбекақы төлеу саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды. Өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімнің күші жергілікті атқарушы органдарға, жұмыс берушілерге, қызметкерлерге және олардың облыс аумағында жұмыс істейтін ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдеріне қатысты қолданылады. Облыстық деңгейдегі келісім Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, мүлік меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері шетелдік азаматтар немесе шетелдік заңды тұлғалар не шетел қатысатын заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға, сондай-ақ, облыс аумағында жұмыс істейтін шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне де қолданылады.

Еңбек заңнамасына сәйкес келісім құқықтық акт болып табылады. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, әлеуметтік әріптестер арасындағы осындай үшжақты келісімдер облыстың барлық қалалары мен аудандарында жасалатын болады.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button