Жаңалықтар

Әлемде не әңгіме?

Азияның кіндік ортасы қай жерде?

Азияның дәл ортасы туралы әңгімелер жиі айтылып жүр. ХХІ ғасырда экономикалық белсенділік орталығы Азияға ауысты. Маңыздылығына байланысты жер шарының ең үлкен бөлігінің географиялық ортасы қай елде орналасқан деген сұрақ еріксіз туындайды. Азияның басым аумағын алып жатқан Кеңес Одағы тарағанша бұл мәселеге ешкім талас тудырмаған. Барлық елдер географиялық нүкте КСРО-да Тыва республикасының аумағында деп қабылдаған болатын. Шынын айтқанда бұл таңдауды қабылдаған кезде Тыва әлі Ресей империясының құрамына кірмеген. Ол 1914 жылы Ресейге Уранхай өлкесі деген атаумен қосылған еді, одан соң қайтадан тәуелсіз болды да, тек 1944 жылы ғана КСРО-ның құрамына түбегейлі енді. 1960 жылдың басында өлшем есептері жасалып, Азияның кіндік ортасы Тываның аумағында деп бекітілді.

Қызылдағы Азия кіндік ортасының алғашқы түрі

Бұл нүктенің дәл орталығы республика астанасы, Үлкен және кіші Енисей өзендерінің құйылысындағы Қызыл қаласының аумағында деп анықталды. 1964 жылы суретші Василий Деминнің эскизі бойынша монумент орнатылды. Ол тұғырға қойылған Азия бейнеленген глобус, жанында көкке бой созған стела түрінде бейнеленген. Бірақ, КСРО тарасымен Азияның ортасы кімге тиесілі деген мәселені Қытай өзіне алып алды. Бұл елдің ғалымдары өздерінің Азияның ортасы Қытайдың Синь Цзян-Ұйғыр автономиялы ауданының астанасы – Үрімшіден оңтүстікке қарай 30 шақырым жердегі Юнгфен қаласының аумағында орналасқан деген өтінімдерін негіздеп алды.

Юнгфендегі Азия кіндік ортасының ескерткіші

1992 жылы Юнгфенде Азияның дәл ортасын белгілейтін ескерткіш белгі орнатты. Оның биіктігі – 18 метр, сыртынан қарағанда әлемнің төрт бөлігіне бағытталған төрт болат бағанды мұнараны еске түсіреді. Төрт жағынан қарасаң да Asia сөзін меңзейтін «А» әрпін көруге болады. Ол бағандарды ерекше мәнердегі жер шары біріктіріп ұстап тұр. Шардан жерге қарай жүрек бейнесіндегі жүгі бар маятник ілінген. Бұл жердің ең үлкен бөлігінің кіндік ортасы дәл осы арада екендігін нұсқайды. Қытайдың «Орта Азия» белгісі мен бұрынғы ресейлік бауырласының арасы оңтүстікке қарай 700 шақырым. Ресей тарапынан бұған 2014 жылы жауап берілді. Ол Тываның Ресейге қосылуының 100 жылдық мерейтойына орайластырылды. Осы күнге орай бұрынғы Азия кіндік ортасының орнына жаңа ауқымды мемориалдық кешен орнатылды.

Қызылдағы Азия ортасының жаңа ескерткіш кешені

Кешеннің ортасында биік стела ол жер шарының үстіне орнатылған, жер шары үш арыстанның арқасында тұр. Скифтердің атақты «аңдар» стилімен кескінделген бұғы бейнесі стелаға тәж етіп орнатылған. Ескерткіштің айналасы будданың күнтізбесін құрайтын 12 мифологиялық жануармен безендірілген. Ансамбльдің авторы – ресейлік мүсінші Даши Намдаков. «Азияның кіндік ортасы» белгісінің маңы абаттандырылған. Мұнда жайлы және әсем саябақ қанат жайыпты. Осы мүсіншінің тывалықтардың халық эпосы бойынша жасаған «Патшаның аңшылығы» мүсіндік бейнесі саябаққа көрік беріп тұр. Негізінен Азияның кіндік ортасы туралы ресейліктердің «өтінімі» салмақтырақ көрінеді. Бұған қытайлар не дер екен?

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button