Бас тақырыпРуханият

Әлем таныған Кәріпбек

Бейсенбі күні шартарап Кәріпбек КҮЙІКОВ деп шулады. Қарағанды да қарап қалған жоқ, талантты ұлын төбесіне тұтып, құрмет құшағында тербетті. Дәл осы күні елу жасқа толған суретшіге «Ядросыз болашақ үшін» халықаралық сыйлығы табысталатыны туралы хабар шетелден келсе, облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ иығына шапан жауып, Қарағанды қаласынан жаңа пәтердің кілтін сыйлады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында суретшінің мерейтойлық көрмесі өтті.

 

Көп алдындағы көрме

Адамзат тағдырына зауал төндірген ядролық жарылысқа қарсы қойылған ізгіліктің жарылысы – Кәріпбек Күйіков ағамыз. Әлемге танымал суретші, «Атом» жобасының құрметті елшісі ол, ең бастысы – Алаштың аяулы ұлдарының бірі. Азаттықтың таңы атқанда алғаш ядролық атом бомбасына қарсы әрекет еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Олжас Сүлейменов болса, үшіншісі – жерлесіміз Кәріпбек Күйіков. Семей ядролық полигонына таяу Егіндібұлақ, Мыржықта атомның кесірінен екі қолсыз туған суретшінің алғашқыда аяқпен, одан кейін қылқаламды тісімен қысып ұстап салған туындыларын тарихта тұңғыш мойындап, жоғары бағалаған – Жапония болатын. Әлемдегі алдыңғы қатарлы өркениетті ел Жапония жұртшылығы көрмелерін әртүрлі қалаларында өткізген соң, туындыларының тұсауы Түркия, АҚШ, Германия, Норвегия сияқты елдерде кесіліп, көрмелері әлемдік деңгейде ұйымдастырылды. Туғалы қолсыз қалса да, зұлымдыққа ізгілікпен жауап қатқан Кәріпбек ағамызға халықаралық қазылар алқасы «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығын тегін беріп отырған жоқ, сондықтан. Алаш даласынан шыққан асылдың парқына жетіп отыр.

 Суретшінің облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы мерейтойлық көрмесіне қылқаламынан туған 57 туынды қойылды. Әрқайсы бір әлем. Абайша айтқанда, «Көзбен көр де ішін біл» тек. Автор өмірде қанша қасірет шексе де, бояуларынан торығу байқалмайды. Керісінше, ішкі азабының табы бетіне шыққан қасірет иесінің өмірге деген іңкәрлігі еседі…

 «Жарты ғасыр – пол века» атты мерейтойлық көрмеде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев сөз сөйлеп, суретшіні мерейтойымен құттықтаса, ақын Руслан Нұрбай Кәріпбек Күйіковке арнаған өлеңін оқыды.

Адамзаттың ұлына артық құрмет

 «Ядролық сынақ құрбандарының ең соңғысы мен болуға тиіспін» деді ол бір сөзінде. Сөз емес, суретшінің серті еді бұл. Кәріпбек ағаның шығармашылық жеңісі олимпиада жеңімпаздарының жеңісінен артық түспесе, кем түспейді. Себебі, бұл – атом жарылысы Алаш құрсағына түсірген удан өніп шығып, әлемге ізгіліктің «бомбасын» жарып отыр. Атам қазақтың «таспен атқанды аспен ат» дегенін ХХ-ХХІ ғасырда Кәріпбек ағамыз орындапты қолсыз қалса да. Оны пайымдау үшін салған суреттері мен сөйлеген сөздеріне үңіліңіз. Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде Елбасы АҚШ президенті Барак Обамаға сыйлаған «Жарылыс» туындысына мән беріңіз! Атом бомбасы астында қалған адам Аллаға алақан жайып тұр! Басқа дүниенің бәрін бояулары жеткізеді. Адамзат жаралғалы айқасып келе жатқан зұлымдық пен мейірбандықтың күресі жалын атады. Әлем таныған Алаш баласының арқалағаны ізгілік пен мейірім, ендеше. Осыны танып, Құрмет грамотасы мен пәтер кілтін табыстаған аймақ басшысы Ерлан Жақанұлының әрекеті – тарихи шешім емей не? Мен бұл пәтерді әлдеқандай спортшыға сыйласа, таң қалмас едім. Құптамағандықтан емес, үйреншікті үрдіске айналғандығынан. Ал, атом бомбасының азабын арқалай жүріп, жұдырықтай жүрегінен әлемге сурет арқылы сәуле таратқан Кәріпбектің жөні бөлек. Бүгінгінің батыры деп осыны айтса, әбден болады. Батыр болу үшін қазір қылыш ұстап жауға шауып керегі жоқ. Анығында, арқалап жүрген аманат жүгінің салмағын Кәріпбек ағаның өзі де білмеуі мүмкін… «Таспен атқанды аспен ату» Алаштың қолынан ғана келер еді. Ағамыз да қол дейтін қол да жоқ.

«Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім ғана бар» депті бірде. Бұл сөзді автор күйінішпен емес, сүйінішпен айтып тұр, меніңше. Соны пайымдаған әкім қабылдау барысындағы отырыстың алғашқы сөзін «Бүгінгі кездесу – ерекше мәні бар кездесу. Себебі, адамзаттың баласына айналып үлгерген жанның мерейтойында қауышып тұрмыз» деп бастады. Әкім иығына шапан жапқанда Кәріпбек аға «Осы күнге дейін шапан киіп көрмеппін» деді. Пәтер кілтін табыстағанда «Мынау тіптен күтпеген сый ғой» деп қайран қалды. Байқауымша, ойын бүкпесіз айтады. Суреттері де сондай! Баттасқан қасіреттің табын өмірге деген іңкәрліктің бояуы жеңіп тұр.

Суретшінің мерейін тасытқан отырыста сүбелі сөздің тиегін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай ағытты.

«Басқа ел Семей ядролық полигонын экраннан көрсе, біз алғашқы жарылысты дәл жанынан көзімізбен көрген елдің баласымыз. Сонда ойлаушы едік, «Осы кеселді жабатын бір адам баласы бар ма?» деп. Құдайға шүкір, бұл сынақты тоқтатушы ретінде Алла бізге Президент Нұрсұлтан Назарбаевты берді. Жаңа өзіңіз айтып отырғандай, Қарағандының ғана емес, адамзаттың баласы Кәріпбек бауырымыз Президентке шын мәнінде көмектесе алған тұлға. Жарылыстың зардаптарын дүние жүзіне суреттері арқылы танытты. Алла ғұмырлы етіп, елімізді енді мұндай кеселден аман сақтасын!», – деді Зарқын аға сөзінде. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, суретшіге сыйға тартылған жалпы ауданы 60 шаршы метрден асатын пәтер «Жайлы үй» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Жаңа мешіт маңында деседі.

 «Кәріпбек секілді адамдардың арқасында біз кез келген қиындықтар мен ауыртпалықты жеңіп шығуға болатынын түсінеміз. Оның туындылары – жарқын өмірге толы. Олар бақытқа қол созу керектігін дәлелдейді. Біздің Кәріпбекке деген алғысымыз зор және осындай батырымызды мақтан тұтамыз», – деді Рымбала Омарбекова. Мерейтой иесін досы, қарағандылық экомұражайдың жетекшісі Дмитрий Калмыков та құттықтады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button