Руханият

Өлең оның – «ішке жұтқан көз жасы…»

Кеше бір жас жазарман телефон шалып, «сіз, біздерден кімдерді мойындайсыз осы?» – дейді. «Менің көзіме ілігіп, көңілімді көншітіп жүрген Маралтай ғой?» – деймін шынымды айтып. «Мен оны мойындамаймын!» –дейді анау. «Ол сенің «мойындауыңа» қарап отырған жоқ қой?!» – деп, телефонды тастай салдым сасқанымнан… Содан ол маған қайта-қайта телефон шалсын. Көтергем жоқ… Бір кезде WhatsApp-қа: «Аға, Сізді жақсы көрем ғой! Артық кетсем, ғафу етіңіз?» – деп жазып жіберіпті, бұ да санасына Тәңірінің сәулесі түсейін деп тұрған бала болуы керек тәрізі? Іштегі сұп-суық өкпе, мұздай реніш сол сәтте-ақ еріп кетті…

Сол күні маған Дәурен Берікқажы бауырымның баспаға дайындап жатқан жаңа кітабының қолжазбасы электронды поштамен жеткен. Келген бетте оқи жөнелдім. Бір кезде ол «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорында (президенті Исламбек Салжанов) жұмыс істеген. Өзінің том-том дүниесін шығарам десе, қолынан ешкім қақпайды. Бес-алты талантты жас ақын-жазушының кітаптарын шығарып берді. Мені де қолқалап жүріп, 1984 жылы жалғанның жарығын көріп, ұмытылуға айналған «ХХ ғасырдың 20 сәтін» осы жігіт қайта шығарып беріп еді (2000 ж.). Көкжиегімізде қазақ руханиятының осындай қызғыш құстары көкке қарай қанат қаға берсе, қазақ мемлекетінің ғаламдағы орны елден ерекше болар еді! Әдебиетке қызмет ету – қасиетті іс. Егер жас қаламгердің жан дүниесін әдебиет маған қызмет етсін дейтін пенделік пасық ой жаулап алса, оның Алашқа айтар сөзі, ағытар сыры да болмайды! Халтурщиктер осындай типтерден күшіктейді!

Бұ жігітті сыртынан қарап жүруші едім, әдебиетке деген көзсіз адалдығы ұнаған. Жас жазарманның көбісі бізге өз өлеңін ғана оқып, мақтау дәметіп, онысы ойынан шықпаса, ағаларын «ата жау» көріп алады ғой?! Мына жігіттің жөні олардан, мүлде, бөлек, сарнап, Өтежан мен Есенқұлын оқиды да отырады…

Оның қолжазбасын сыдыра оқып шыққан соң… (Маралтайды ұмытып!), осы Дәурен Берікқажыны жанымдай жақсы көріп кеттім (ертең тағы кімге жан тартып, тағы кімді аспанға шығарып жіберетінімді қазір өзім де білмей отырмын… Оны бір Құдай біледі енді?..).
«Тиыны болмайтын ақырғы,s
Үйлері қып-қызыл шатырлы –
Бәрі – ақылды, бәрі – ақылды.
Ешқашан тоңбайтын қолдары,
Бола да беретін жолдары,
Сол тағы… сол тағы… сол тағы!
Ақпанда аты да – ақ, заты да – ақ,
Бар шашын ағартқан жатып ап,
Мен – жалғыз ақымақ…»

Бұл кітаптың алғашқы бетін ашып жібергенде көзге оттай басылған өлең. Есенғалидың өлеңі емес, менің де өлеңім емес, Дәуреннің өлеңі. Өз өлеңі! Қазіргі ақындарға қарасаң, Алаш түгілі, адамзаттан да әзер туатын Қадыр Мырза Әліден де «ақылды» ғой? Ал, мынау жұмыр басын ойға да, қырға да соғып, өзінің «ақымақ» екенін әбден түсінген Һәм соны өзінен де, өзгеден де жасырмай, айта алатын шәйір екен, – ішің жылып қоя береді. Ақыл-ойы соған жеткен екен (өзі емес, өмірдің өзі көзін соған жеткізіп!), нағыз Ақынға айналған екен!

«Ақын…» демекші… Қызыларайға менің жас кезімде келін боп түскен, Ғизатолла деген досымның Шолпан Башарова деген қылықты келіншегі бар еді, сол ФБ-дағы немереміз екеуіміздің суретімізді көріп; «Өзіңе тартқан ұлы жазушы, тіл жетпес дарын иесі болсын, құлыншақ!» – деп жазыпты. Бірге өскен құрбының игі тілеуі ғой? «Мен – қағаз, қаламнан қажыған адам, оның қызығы мен шыжығын, бейнетін де бір кісідей білетін кісімін ғой: «Бір тұқымға бір ақын жетеді! Жазушы болмағай! Жазушы болам деп… жазарман боп кетсе… елге не бетімді айтам, Шолпан?! Азамат болсын десеңші? Күйкі бір пенде болмай?! Гуд бай!» – деп жазып жібергем осының алдында.

Расул Ғамзатовтың айтқан бір сөзі бар, «ақын деген – екі түрлі болады, біреуі – жазатын ақындар, біреуі – жазбайтын ақындар»,– дейді ол. – Осы екеуінің қайсысы мықты? Меніңше, жазбайтын ақындар мықты! Өлең жазудың техникасын меңгеріп алып, ел-жұрттың миын ашытатын жазармандар емес, Періштеден сәл төмен, пенделерден мың есе биік, Тәңірінің тізесінен келетін Азаматқа ешкім жетпейді деген сөз ғой – бұл? Мына жігіттің санасына Тәңірінің сәулесі түсіп, жүрегіне көктен Қасиетті кітаптардағы періштелер ұшып келіп, қонып жүреді екен: «Атың мұндай болғанда, затың қандай?!» Деп айтуға сол кезде дәтім бармай, Қаншама жыл өзімді тұншықтырдым, Ішке жұтқан көз жасын ақындардай…» – дейді Дәурен Берікқажы. Кітаптың атына қараңыз: «Ішке жұтқан көз жасым…». Тағы бір таңғаларлығы, ол өзін ақынмын деп тұрған жоқ, – «ақындардай!» – дейді – өзін «Поэтка» дейтін Юнна Мориц сықылды!: «Поэтов делю на хорошеньких, Хороших и очень хороших… А я – совсем не хорошенькая И, вообще, Поэтка. Поэтка – и больше некому носить это имя, детка!.». Ал, керек болса?! Юнна Мориц пен мына Дәурен Берікқажыға дауа жоқ екен!
«Қажет кезде өп-өтірік надан боп,
Бұл қазақты алдамаған адам жоқ! – дейді ыза болып! Арқаң шымырлайды! Неге шымырлайды? Оны да қазақ білмейді әлі,– Құдай біледі!
…Осы мен не жазып кеттім? Дәуреннің өзі сөйлей берсінші, бұған орта жолдан қосылып алып, менікі – не?
«Адамнан гөрі әруақ жақын бұл күнде,
Зор шемен жатыр зорланып шыққан күлкімде.
Қар басып қалған қараша да бір, мен де бір –
Қап-қара шашы ағарып кеткен бір түнде
Өсімдік сынды хошы жоқ өскен дәрімен –
Көңілім қалған жақсы дегеннің бәрінен.
Тұрпатым мынау ызалы қасқыр сияқты,
Қорқау біткеннің зәресін алған зәрімен.
Таңғалып елге жақсы күндерден дәмелі,
Сәт сайын менің ішімде бір үн өледі.
Бүгінгі қыртпен өмірім өтті-ау алысып,
Ертеңгі құрт пен құмырсқалардың қорегі…».

Ибраһим Құнанбай Азия-Анасының ғана емес, сонымен қоса Еуропаның да емшегін тел еміп, Абай болып кетіп еді! Мына жігіт те сол Абай жолымен келе жатыр. Алла алдын жарық қылғай! Кеудесінде – Абай зары, көкірегінде – Абай шері! Меніңше, қазақ поэзиясы ғана емес, исі қазақ қайда барса да осы Абай жолымен жүруі керек-ті! Мына ақын да «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – деген хакім Абайдың темірқазығын маңдайға алып шығыпты:

«Құдай бәрін көрсетіп, жадымды өшіріп тастады:
Есімде жоқ Манхэттеннің аспаны,
Есімде жоқ қай метроны тосқаным,
Есімде тек көшелердің тастарын,
Бродскийді ойлап басқаным…
Бесін ауып кеткен кезде, бес терлеп,
жеткен Бродвей, Уолл-стрит та есте жоқ!
Есімде тек жынды ақынның өлеңін,
Лонг-Айлендте еске алғаным кешке кеп.
Авенюде табан тозып даңқы әйдік,
Атышулы скверлерде шалқайдық.
Үш-ақ күнде тозып кеттім елді ойлап,
Жиырма төрт жыл шыдады екен ол қайтіп?» – дейді «Нью-Йоркті еске алу» атты Иосиф Бродскийге арнаған өлеңінде. Бұ жақта өзі де оңып жүрген жоқ, енді қараңыз, Америкаға барып, Иосиф Бродскийді ойлап, сары уайымға салынып жүр, бұл ақын дегендерді адам түсінбейді, – Алла болмаса?!

ПІР
Ей, Дәурен-ай…
Ит-тіршілік талаған!
Атадан – алтау, бесеу едім – анадан;
Тыр-жалаңаш шешіндіріп, бір кезде,
Мені-дағы ол сабаған…

Қара өлең бұл – қара тағдыр, қыстаған,
Қасынан – шер, басынан – сор ұшпаған.
Мен де, жаным, Мұқағали дейтұғын,
Пірдің қолын ұстағам…

Халық қайда, тобыр неге құтырды?!
Құтырды да құртты-ау, күллі құтымды?!
Өксігіңді өлеңге төк, бауырым,
Мұқағали – пірің сықылды.

Жырқ-жырқ етіп көппен бірге күле алмай,
Сүйе алмай һәм қасында оның жүре алмай;
«А…» дегенде жалын шығып аузымнан,
Айхой, дәурен сүре алмай?!

Содан көктеп, өстім бе?
Өкінгенмен енді, әрине, кеш, мүлде.
Өксігіңді өлеңге төк, бауырым,
Керегі жоқ…
Одан басқа
Ешкімге…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері
12.04.2021 ж.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button