«Өлеңнің боз күлігін таң асырдым…»
ЖОҚ ІЗДЕУ
Желсе…
Жер танабын қуырған,
Шашасы терге жуылған.
Шоқтығы Алатаудай,
Қабырғасы Қаратаудай.
Қос көзі жұлдыздай,
Терісі құндыздай.
Бұтынан бұлан өтетін,
Қолтығынан құлан өтетін.
Қос құлағы ашасындай бақанның,
Қос танауы ауызындай апанның;
Сауырына Сарыарқа сиятын,
Бауырына Жаңаарқа сиятын;
Екпіні тас құлатқан,
Жанардан жас құлатқан.
Жортса…
Жотадан жотаға жоситын,
Кісінесе кісі шошитын,
Ту құйрығы бір тұтам
Қазанат іздеп келемін.
Тәнімді самалға сергітіп,
Ас орнына жел жұтып,
Алақаныма Бөрі бұршақ салғанымда,
Бүгіліп, бөрі құрсақтанғанымда,
Сүрінгенімді білдірмейтін,
Дұшпанымды күлдірмейтін,
Бармағын бүкпейтін,
Жауымды бүктейтін,
Қауіптің қара бұлты тұрса да,
Қабырғасы сынса да,
Қабағын шытпайтын,
Туымды жықпайтын,
Мұзға салсаң,
Табанына сыз батпайтын,
Шоққа салсаң,
Табандап міз бақпайтын,
Мен үшін қан қақырған,
Көз ілмей таңды атырған,
Жауырыныма қадалған жебені
Тісімен жұлатын,
Өлгенде тәнімді
Жиіркенбей жуатын,
Аузымды толтырып айтуға тұратын
Азамат іздеп келемін.
Қаладан далаға қонып,
Даладан қалаға қонып,
Қазанат іздеп, Азамат іздеп қаңғырып,
Күнді түнге, таңды, міне, таңға ұрып,
Таба алмай жүрмін, қарағым,
Таба алмай түбі қаламын,
Қиялдай-қиялдай мен осы
Қияли болып барамын.
ТҮСІМДЕ
Түсімде……
Күллі күріністердің ішінде…
Бақыт Беделхан
Түсімде,
Ішімнен емес, сыртымнан
Көсмесіп, жан-садақа деп ұлтымнан,
Арымды төмен түсіріп құлқыннан,
Не деймін, қамқоршысы боп халықтың,
Кедейдің балығын тартып алыппын,
Қылтандап… қан ағып жатыр ұртымнан.
Түсімде,
Өңімдегіндей түр-тұлғам,
Жағасы жейдемнің тозып, қырқылған.
Етігім тегісі кетіп, жыртылған.
Қоқыстан бөтелке теріп, табыстан,
Бас жазып, қан жүгіртіп, намыстан,
Айырылғам әдет-ғұрпымнан.
Түсімде,
Барымта қылып түнде мен,
Ұрлықтан жегенім – семіз кіл дөнен,
Байлардың тойын басқарып жүрмін күнде мен,
Қасқаға жағынып бас-басын,
Шақшасын мақтап әндетіп, ақшасын
Алмақ боп, сүйеніп жаққа, тілменен,
Дос болып, би билеп сайтан – жынменен,
Түсімде өзгеріп жүрмін мүлде мен.
Түсімде,
Терісін илеп жылқының,
Жейдемнің бүтіндеп жүрмін жыртығын,
Ұйқы жоқ, жүрекке бермей жыр тыным,
Оянсам, жанардан аққан жасыма
Суланып жығылып жатыр кірпігім,
Түс болып, тезегі болғай түлкінің.
ҚАРА ШАНА
Қара жерге қар түсіп қарашада,
Жауған қарға мәз болып бала-шаға.
Қырбық қардың үстімен сырғып барад,
Қара бала сүйреткен қара шана.
Ойнасам ба қосылып бала құсап,
Жаяр дейсің кім маған дара құшақ.
Уақыт сырғып, барады уақыт сырғып,
Қара бала сүйреген шана құсап.
Қара шана із салып бара жатыр,
Салған ізін қар көмер қара да тұр.
Әппақ қармен сырғыған сол шананы,
Қарсы алдынан күтіп тұр қара тақыр.
Қара тақыр дегенім қара жер ғой,
Қара жерге тіреліп қалады ақыр.
Тотығарсың, бозарып ағарасың,
Мейлі жаның шөліркеп қаталасын.
Табақтас боп жүргендер тарылса егер,
Кім бере қояр дейсің адал асын.
Бұл тірліктің ақ қары таусылғанда,
Қара жерге сен де ертең қадаласың.
Қара шілік қалтырап дала сұлық,
Қара суға мұз қатқан, қара суық.
Ойнап жүріп білмеді күн батқанын,
Қар мен терге су болып қара шұлық.
Қарасы үйдің көрінбей қалған кезде,
Қараша үйге жүгірді аласұрып.
Әлгі бала білмеді күн батқанын.
Ымырт жайлап, жапқанын түн қақпағын.
Аттамаған ешкімнің ала жібін,
Таптамаған бала ғой мұң батпағын.
Қалаға тұр тұмсығын тұн матырып,
Аспандағы ай сұлық, сырға тұнып.
Дүниенің шанасын сүйреп жүріп,
Біз де бір күн алармыз күн батырып.
КІСІ КИІК
«Сол кезден-ақ мұңлы кісікиік ем…»
Серік Сағынтай.
Ісі биік…
Ізетпен тұратұғын кішірейіп.
Түсінейік…
Өзегі өрт боп жатқан, іші күйік,
Сағымдар арасынан сені іздеймін,
Елден жырақ бөлінген кісікиік.
Елден жырақ бөлінген тұйық кісі,
Сен едің ғой бауырдың иықтысы.
Әлде қашан исінген жүрегімді
Иіткісі келеді, иіткісі,
Мен сені сағындым ғой Киік кісі.
Кісікиік боп барам мен де, бірақ,
Жүйткіп-жүйткіп шаршадым
желмен шұбап.
Көк аспанға киіктей шапшығанмен,
Кете алмаспыз ажырап жерден, бірақ.
Кісікиік – шаршадым қала жақтан,
Бір дүбір естіледі дала жақтан.
Алтуайттың бауырынан киік көрдім,
Есіл жаққа есілтіп бара жатқан.
Күйігін басамын деп қанша мына,
Киігін бауырындағы аңсады ма?
Жыланды жылап-жылап жатып қалды,
Өзіңді күте-күте шаршады да.
Қайран киік ойларым жамыраған,
Үркіп-қашып даңғаза дабырадан.
Түсіме қасқа киік кіреді ылғи,
Есілден елге қарап маңыраған.
ТАРЛАН КӨК
Ей, тарлан көк, тарлан көк!
Сені қайдам…
Менде әлі арман көп.
Терің сіңген терлігіңді иіскейін,
Одан басқа дәтке қуат қалған жоқ.
Ей, тарлан көк, тарлан көк!
Сені қайдам…
Менде әлі арман көп.
Сағағыңнан, сауырыңнан сипайын,
(Жәудіреген жырларымда жалған жоқ)
Әкем кеткен, еркелетер анам жоқ,
Кекілімнен сипайтұғын «Қарғам» деп.
Ей, тарлан көк, тарлан көк!
Сені қайдам…
Менде әлі арман көп,
Ауыздықты қаршылдатып шайнайсың,
Бармағымды мен де шайнап алғам көп.
Ей, тарлан көк, тарлан көк!
Сені қайдам…
Менде әлі арман көп.
Сенде – тұяқ, жырдан басқа
менде дәулет қалған жоқ,
Күлдір-күлдір кісінейсің күркіреп,
Ей, тарлан көк, тарлан көк.
Сені қайдам…
Менде әлі арман көп…
АБАДАН
Жолақ-жолақ жолдары бар ақ шулан,
Азуынан от шығатын ашудан,
Арықтығын білдірмейтін бөрі едім,
Таутеке еді таңғы азық қорегім,
Қар астында қақпанға да қаптырмай,
Қар үстінде аңшыға да алдырмай,
Аман өткем талай-талай асудан.
Иә, иә, абадан ем түз қатып,
Май табанын шымға салып, сызға тік,
Шаптан қысып сары аязы даланың,
Ақпанда үсіп көрмеп еді табаным,
Сай жағалап кіл бөрілер кеткенде,
Айға қарап ұли берем, кектен бе?
Ұлығанда жанарыма жас келіп,
Құмығам ба?..
Тамағыма тас келіп,
Тырнағыма, бауырыма мұз қатып,
Сан бөрімен таласқан ем құзда тік,
Қабырғама көрмеп еді тіс батып.
Олар мені, мен оларды талағам,
Емес еді олар да осал абадан,
Қаншық қоғам титықтатты төзімді,
Жаншып содан, қан талаған көзімді,
Талайының қарға басын қадағам,
Талайынан тісім сынып қанаған,
Тұлдыр денем, сарқылғанын күшімнің,
Білдірмегем қанағанын тісімнің,
Мен…
Былшығы жоқ, жанардан от тараған,
Тыртығы көп, қылшығы көк абадан.
Денемді де тіп-тік ұстап, арымды,
Мен оларға көрсетпеймін қанымды,
Себебі –
Қанды көріп қуанады қастарым,
Мұз аралас таудың тарғыл тастарын,
Тәнді қарып жара аузына жастадым,
Күдірейген түсіргем жоқ жалымды,
Қар аралас қан ұйыған жерімді
Бауырыма басып жатам жасырып,
Өңкей қорқау жабылар деп басынып.
КӨКПАР
Тірліктің тұрмандарын түгендетіп,
Алаңдап айға қарап аласұрдым.
Жүректі жауһар жырға жүгендетіп,
Өлеңнің боз күлігін таң асырдым.
Боз күлік боз жусанға құлай шапты,
Қысқартып айылымды доғасынан.
Қамшым бар жылан бауыр шырғай сапты,
Өнердің мен де кірдім додасына.
Аттандап атағымен ат байлатып,
Қапталдап ақ серкені бастырмайды.
Шап беріп шаужайымнан қақпайлатып,
Адымын күлігімнің аштырмайды.
Бір көкем жетектесе жақын тартып,
Бір көкем қия берді тізгінімді.
Түсінбей күлігімнің жалын тартып,
Түсіндей тоты құстың жүз құбылды.
Бірінің мінгені әне, арабы көк,
Жіберген шындық іздеп күштің бәрін.
Қияли ішіп алған арағы көп,
Тұр әне тілмен татып тістің қанын.
Шөлдейсің, күн қақтайды маңдайыңды,
Алқынып өкпем талай қусырылды.
Абайдың жырларымен таңдайымды
Жібітіп, бір қандырам сусынымды.
Қалғам жоқ қарау айтқан сөзге кейіп,
Додаға қайта кірдім қызықтадым.
Қамшысы бір есердің көзге тиіп,
Қасымның жырларымен ұшықтадым.
Жанталас, жанкештілік жұлқыныста,
Жатамын жас үйіріп жанарыма.
Аламын кеудемді ашып бір тыныстап,
Мұқаңның жырларының самалына.
Тер тамған тоқымымнан, таралғымнан,
Сөйтем де күлігіме қайта мінем.
Жетелеп желдіреді ар алдымнан,
Өлеңнің көкпарына қайта кірем.
Оралып сүйіншілеп дәйім елге,
Жар болып жаратушы бір Құдайым,
Серкені өңгере сап қайың ерге,
Бозбелде боз күлікпен бұлдырайын.
Шыдаймын бұл көкпардың ақырына,
Шайырдың оятпаған жыры кімді.
Ақ серке сөзсіз тиер тақымыма,
Тәңірім, сүріндірме күлігімді!
Тілеген ӘДІЛОВ.