Басты тақырып

Латыннан бастап, Қытайдан қайырды

      Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылау мақсатында «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, белгілі саясаттанушы Дос КӨШІМ келді Қарағандыға. Осыған орай ғалымдар мен тіл мамандары һәм белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Достық» үйінде дөңгелек үстел басында кездесіп, Қазақстан қоғамының көкейкесті мәселелері тақырыбында әңгіме-дүкен құрды.

 рух1

Латын қарпі – лайықты әліпби

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың қолдауымен «Ұлт тағдыры» қозғалысының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстел көңілден шықты. Дос Көшім мырза Елбасының мақаласын екіге бөліп қарауға болады дейді. Біріншісі – идеологиялық бағыт. Оны әркім өзінше түсініп жатыр. Екінші бөлім – атқарушы билікке берілген нақты тапсырмалар. Бұлар – жобалар. Мәселен, латын әліпбиіне көшу – бір жоба, туған жер – бір жоба, тағы басқалары. Соған байланысты үкіметте әрбір жобаға қатысты жұмысшы топтары құрылды. Біздің кейіпкер қазақ әріптерін латын әліпбиіне көшірумен айналысып жатқан жұмысшы тобының мүшесі екен. Осы уақытқа дейін бұл жұмысшы тобы 3 отырыс өткізіпті. «Қазақ әріптерін латын қаріптерімен былай белгілесек қайтеді?» деген сыңайдағы жүздеген әліпби нұсқасы келіп түсіпті. «Алғашқы отырыстан-ақ біздің бір ұққанымыз, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – аса қиын жұмыс емес екен. Себебі, ондағы көптеген әріптер бізге таныс. Тек өзімізге, яғни, қазақ тіліне ғана тән 5-6 дыбысымыз бар. Соларды қалай таңбалау жөніндегі пікір саналуан. Қазір қаріптің үстіңгі жағына бір немесе екі ноқат қою, болмаса, астыңғы жағын жылжытып жіберу мәселелерімен ғана отырмыз. Әрине, екі үлкен көзқарас бар: алғашқысы – қазіргі компьютерде қолданыста жүрген әріптерді ғана қолдансақ екен деген көзқарас. Ол да қолдан келеді. Керек десе, үш таңба бос қалады екен пернетақтада. Кейін бәрі оңай болу үшін компьютерден шықпайық деген ұсыныс та бар. Ал, біз мүмкіндігінше қарастырайық. Компьютерден шықпауға тырысайық. Бірақ, біздің дыбысымыз қалып бара жатса, пернетақтаға таңбасын салып, енгізуге мәжбүрміз. Жапондықтар өз пернетақтасын жасап алды. Арабтар да. Бізге де болады жасауға. Екінші көзқарас, бір дыбыс – бір таңба болуы керек. Оған бәріміз келісіп отырмыз. Мәселен, қазір «ш-ны» ағылшынша «s» пен «h» деп белгілеп жүр. Алла жазса, қараша айында әліпбиді елдің алдына тартамыз. Мұны кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Айналып келгенде бұл – қазақ қазақ болғалы өз әліпбиін жасауға талпынысы деп ұққан жөн.

Иә, қарсы уәж айтатындар да табылады. Бүгінге дейін жазылған мұраларымыз аударылмай қалып қоймай ма дейді біреулер. Керісінше, жаңа әліпбиге көшу – жақсы илеуіш болайын деп тұр. 40-шы жылдардан кейін коммунистік идеологияның негізінде жазылған шығармалар аударылмайды. Қазаққа керек дүниелер қалмайды, бірақ.

 

Ұлағатты жобаға – үш ұсыныс

Президент мақаласындағы екінші мәселе – «Туған жер» бағдарламасы. Бұл жобаға мен үш пікір қостым. Бірінші, аудандық, облыстық газеттердің әрқайсынан арнайы айдарлар ашса. «Жергілікті жер атаулары қайдан шықты, қалай аталды?» деген сияқты. Оның тарихи мәні қандай? Әр атаудың астарында ғибрат аларлық әңгіме немесе тарихи мән болуы мүмкін. Шалдар ертең кетеді. Ана төбе, мына таудың атын біз біле бермейміз. Осы тақырыпта үлкендер жарысып жазса. Жеріміздің байырғы атауларын сақтап қалу мақсатында.

Екінші, Америкада мынадай бір тамаша үлгі бар. Демалыс кезінде олар балаларымен солдан оңға, жоғарыдан төмен қарай күллі штаттарын аралайды. Әр штаттың тарихымен танысады. Шағын қалаларының музейлерін тамашалайды. Оларда музей көп. Біздің Қазақстанда қандай керемет жерлер бар десеңізші?! Бізге де сондай жобалар қажет-ақ. Осы «Туған жер» бағдарламасы арқылы балаларымызға Қазақстанның киелі де көрікті жерлерін аралатса қандай ғажап! Сонда балалардың көкірегінде бүкіл қазақ даласы менікі деген мақтаныш сезімі оянады.

Австралияның Виктория деген шөлі бар. Сол жерде жыл сайын әр елден адамдар жиналып, керемет жарыс ұйымдастырады. Адам аяғы баса қоймайтын біздің Бетпақдалада неге ұйымдастырмасқа соны? Елімізде экстремалды туризм тауда ғана қалыптасып келеді. Ал, тау дегеніңіз әлемнің барлық елдерінде болғанымен, Еуропа елдерінде шөл жоқ. Үшінші ұсынысым – осы.

 

Жайбарақат қарамау керек…

«Жүз жаңа есім» бағдарламасына мен екі топтағы адамдардың енгенін құптай алмаймын. Біріншісі – байлар (бизнесмендер). Қазіргі қоғамда бизнесмендерді көкке көтеріп, байлықты ақылдың көрсеткіші ретінде таныту модаға айналып кетті. Байлық ешуақытта ақылдың көрсеткіші болған емес. Әсіресе, біздің елде. Жер-жерлерде маңайындағыларға қарайласып жатқандар болса, ол – өзінің мұсылманшылығы, адамдығы. Еврейлер байлығының 10 пайызын береді садақаға. Біздің бизнесмендер 1-2 пайызын бергенге бола оларға атақ беріп, кітапқа енгізудің қажеті шамалы. Толстойша тарқатсақ, теңіз жағалауындағы бір балықшы суға кетіп, жалғыз қызы жетім қалады. Екінші балықшы баланы асырап алса, отбасында тұзға ақша жетпей қалады. Солай болса да, әйелі екеуі Машаны асырап алады. Дәл сол маңда Рочерд деген бай интернат ашып, 400 панасыз баланы асырап-бағып отырады. Бірақ, әлгі балықшы мен Рочердті салыстыруға келмейді. Себебі, Рочерд 400 балаға байлығының 1 пайызын ғана жұмсап отыруы мүмкін. Ал, әлгі балықшы Машаға соңғы ақшасын қиып, тұзсыз тамақ ішіп отыр дейді Толстой. Егер ол бизнесмен ақшасын қоғамға беріп, Джиптың орнына Жигули теуіп жүрсе, оның есімін тұлға ретінде кіргізейік.

Екінші ескеретін жай, қызмет істеп, ақша алып жүргендерді тұлға санайды. Президент көше аттарын кісі есіміне беруге неге мараторий жариялап тастады? Өйткені, 20 жыл сол ауылда райком болса, әркім ата-бабасының атына көше бере бастады. Айналайын-ау, қызметке орналастың екен, ерінбей еңбек ету – міндетің. Жақсы әкім, жақсы директор болу – басты борышың. Сол үшін үкіметтен ақша алып отыр ғой. Өзінің қызметі мен ақшасынан бөлек, азаматтық көзқарасының арқасында ерлік көрсетіп, жақсылық жасамағанды тұлға санау – қате. Осы екі топтағылар еніп кетпесе екен тұлғалар қатарына.

 

Қорқатындай не көрінді?   

«Жерімізге қытайлар қаптап жатыр. Бүйте берсе ертең қара қытай басып алады» деген мазмұндағы пікірлерді жиі естіп жүрмін кейінде. Басқа елдер инвестиция салса үрейленбей, Қытайдан неге мұнша қорқатынымызды білмеймін. Тарихқа үңілсек, Қазақ пен Қытай жаратылғалы көрші. Және содан бері Қазаққа Қытай қауіп тудырып, қырғынға ұшыратты деген кездер жоққа тән. Қауіптене берудің жөні жоқ, меніңше. Бастысы, олардан инвестиция тартып, келісім-шарт жасасқанда, мемлекеттік тұрғыда өз құқығымызды дұрыс қорғап, ұпайымызды түгендеп, бекем отырсақ болғаны. Шекаралас ел, көрші отырған соң қайда қашып құтыласың? Мәселен, өз басым Қытайдан инвестиция тартып, жұмыс жасауға қарсы емеспін.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button