Жаңалықтар

Латын – өркенді даму кепілі

    Бүгінде Қарағанды облысында тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілге 1688 адам, ағылшын тіліне 981 адам оқытылған. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған. Бұл жөнінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнәрайым ҚАҢТАРБЕКОВА аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген бірінші бағыт – мемлекеттік тілді меңгерту. Бүгінгі әңгіменің өзегі де үйлесімді тіл саясаты – рухани жаңғыру негізі болып отыр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде басқарма тарапынан облысымызда тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгерту курстары жылма-жыл ұйымдастырылады. Биыл 18 өңірде мемлекеттік тілді оқыту курстарының жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш курстарды оқу үшін өтініш білдірген адамдар саны аз емес. Сондай-ақ, 14 635 адам «Қазтест» тапсырды. А1, А2 деңгейлері бойынша «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені дайындалды. Сондай-ақ, облыс аумағында орналасқан көрнекі ақпараттың тілін реттеу және жүйелеу мақсатында кәсіпкерлік нысандарға бақылау рейдтері жүргізіліп, бүгінгі таңда жарнама және көрнекі ақпарат тілі бірізділеніп келеді. Мәселен, заң талаптарына сәйкес келмейтін анықталған қателердің ескертуден кейін бірден 50 пайызы түзетілді. 200-ден аса көше атуларын өзгерту туралы ұсыныстар жасалды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Қазақ жазуын латын графикасына көшіру» бағдарламасы туралы азаматтарды ақпараттандыру мақсатында облыс аудандарында өтетін кездесулердің кестесі жасақталып, көптеген шаралар ұйымдастырылды. Шығармашылыққа ден қойған  жастарды қолдау мақсатында Бұқар жырау, Абай, Қасым, Ақселеу атында байқаулар өтті,– деді Г.Қаңтарбекова.

Сонымен қоса, латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлесін қосатындығын брифинг барысында Қарағанды «Болашақ» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Құрманғазы Сембиев тілге тиек етті.

– Латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін маңызды қадам,– деді Қ.Сембиев.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button