Латын графикасына оралу – заман талабы
Қазіргі уақытта еліміздің рухани өміріндегі ең өзекті мәселенің бірі – әліпбиіміздің өзгеруі, яғни, кириллицадан латын әрпіне қайта оралу. Бұлай дейтін себебіміз, кирилицаға дейін латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі болған еді.
Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер жиі айтылып келеді. Кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит екені мәлім. Сонау сақ дәуірі, түркі дәуірі кезеңіндегі ата-бабалаларымыз өздері ойлап тауып, енгізген, құрастырған алфавиттен басқалары бодандықтың кебімен күштеп енгізілді.
Түркі заманынан мұра болып қалған осынау құндылық «руно» жазуы еді. Одан кейін араб шапқыншылығы кезеңінде елімізге араб жазуы (төте жазу) ислам дінімен қатар келді. Кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мұндағы мақсат – алфавитке көшу арқылы санамызды рухани есеңгіретіп, халықтық болмыс, ұстанымдарынан айырып, мәңгүрттік дәрежесіне түсіріп, өз дегендерін жүзеге асыру еді.
Латын әліпбиі – өркениет жолы. Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті, тағдыршешті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заман талабынан туындаған бұл бастама қызу талқыға түсті. Елбасы Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бас тысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деген еді. Елімізде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Зиялы қауым өкілдерінің, тіл майталмандарының, тарихшылардың, ғалымдардың, сарапшылардың, жалпы бұқараның ойпікірлері ортаға салынуда.
Қаламызда да латын әліпбиіне көшу мәселелері бойынша түрлі ісшаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, №76 орта мектепте «Латын әліпбиі – тіл тазалығының кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Ерсін Мұсабеков латын әліпбиін тілімізге қайта енгізудің маңыздылығын талқылап, өз баяндамасын оқыды. «Өрлеу» БАҰО АҚ аға оқытушысы Ғазиза Смағұлова «Латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары» тақырыбында өз пікірін ортаға салды.
№74 орта мектепте «Латын әліпбиі – мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты дөңгелек үстелде, тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхамедқали Баймұқанов «Таныс та, бейтаныс латын…» атты өз баяндамасында, латын әліпбиінің тарихын жан-жақты талқылап, түсіндіріп берді. Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандарының қатысуымен осы мәселе бойынша іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында, жаңа әліпбидің апробация жұмыстары туралы үлкен семинар өтті. Сондай-ақ, №17 орта мектепте бұл мәселе жөнінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсам, Гүлім Нұрмағанованың «Латын қарпі – дамудың жаңа сатысы», қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Сәуле Умарбаеваның «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лаура Мәліктің «Ұлт болашағы және латын әрпі» атты дөңгелек үстелдері өтті. Ісшаралар өз жалғасын табады деген сенімдемін.
Латын әліпбиіне көшу – кезеңкезеңмен жүзеге асырылатын, зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс. Латын әліпбиін қолдану – озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымыздың осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар қылады деген де пікірлер айтылуда. Десек те, бұл бастама, шынымен, еліміздің әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену жолына ашылар есік болар…
Гүлім НҰРМАҒАНОВА,
№17 орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі.