Латынға оралу – қажеттілік

Теміртау қалалық Мәдениет үйінде ақпараттық-насихат тобы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады. Жиынды ашқан Теміртау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы  Динара Жүнісова Елбасының латын әліпбиіне бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфабиті де қолдана тұратынын атап өткенін тілге тиек етті. Ол жаңа әліпбиді қолдануда бұрынғы жазуды негізге ала отырып, латын әрпіне көшуді көздейді.

Оған қоса қазіргі коммуникацияның терең қарқын алуына орай латын әліпбиі қажет-ақ. Жиынға қатысқан теміртаулық кәсіпкерлер де латынға көшу – заманауи ғылым және білім беру процесінің дамуына кепіл болады дейді.

Меруерт АХМЕТЖАНОВА, Тілдерді оқыту орталығының басшысы:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі басты міндет ретінде қамтылған. Бүгінгі күні біз жаңа әліпбидің тіліміздің биік тұғырға көтерілуі үшін маңызы зор болатынын түсінуге және басқаларға түсіндіруге тиіспіз.

Мысалы, тілдері де діні ұқсас түркі тектес халықтар бүгінгі күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып, қолданып келеді. Ал, бұл бастаманы алға қойып барша түркі тілдес мемлекеттердің рухани жағынан біріктіріп, мемлекеттер арасында өзара ынтымақтастыққа бастайды.

Мамандардың айтуынша, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры болғандықтан, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал, ақпаратты алудың, таратудың басты құралы – жазу. Сондықтан, ғаламторда да үстемдік ететін ол латын графикасы.

Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге сеп. Тіл тазалығына келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбаланбайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Ал, №24 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржамал Бектасова латын әліпбиінің артықшылықтарына тоқталды. Мұғалімнің айтуынша, қазақ тілін оқытуда мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді. Бұл орайда, Елбасы ғалымдармен пікірлесе отырып, 2017 жылдың соңына дейін латын әліпбиінің бірыңғай стандарттық нұсқасын қабылдап, жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және мектептерде оқулықтарды дайындау мақсатында жоспарлар қойып отыр. Сондықтан, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет, – деп атап өтті. Оған қоса кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі сөздерді латынға ауыстырсақ, тіл үйренуші оқушылар  басқаша қабылдап, ой- өрісі кеңиді.

Кәсіпкерлер өнімін жарнамалау мақсатында көпшілік жазу нормасының ішінде орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтар бар, сондықтан нақты ұсыныстар жасалуы қажеттігін алға тартты. Өйткені, қазіргі таңда өнімнің, бұйымның жарнамасы ағылшынша жазылса, қоғам назарын аудартады. Ағылшын тілін меңгере отырып, латынға көшсек – ұтымды ұсыныс дейді.

Теміртау қаласы әкімдігі мамандары алдағы уақытта аймақтағы халық көп жиналатын мекемелерде латын әліпбиіне көшудің оңтайлы тұстарын түсіндіреді. Ақпараттандыру жұмыстары, дөңгелек үстелдер алдымен қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан басталады.

Аяулым СОВЕТ

 ТЕМІРТАУ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.