Рухани жаңғыру

Латынға көшу – жаһандану бастауы

   Қарағандыдағы «Достық үйінде» қазақ алфавитін кириллицадан латын жазуына көшіру туралы Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кездесуді Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерқара Аймағамбетов өткізді. Жиынға қоғам өкілдері, ардагерлер, ғалымдар, ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының және Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Жиында білім ардагері H.Көрекбаева, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті М.Тұрсынова баяндама жасады. Сондай-ақ, Қарағанды облысының құрылыс салушылар қауымдастығының вице-президенті, «Құрылыс және К» ЖШС директоры С.Ким, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі В.Молотов-Лучанский аталмыш реформалардың маңыздылығы мен қазіргі уақыттағы өзектілігін атап өтті. Латынға көшсек, алдымен, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады. Оған қоса,  халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге мүмкіндіктің зор екенін атады жиналғандар.

Сондай-ақ, Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейіт латынға көшудің тиімді тұстарын атады. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру елімізге саяси жағынан, ғылым-білім тұрғысынан да, заман талабына сай даму үшін де өте маңызды.

«Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембаев сөз алып, пікірталасқа араласты.

– Латын алфавиті – қазаққа жат қаріп емес. Біздің газет әу баста,  1931 жылы латын әріптерін пайдаланған. Мәскеудегі архивтен алдырған 1932 жылғы газет нөмірінің көшірмесі бар. Еш қиындықсыз оқи беруге болады. Солай болғанымен бірді-екілі ескертпеміз де бар. Сол латындағы «Ә» мен «Ө» әрпі кириллицаға енгізілген. Осы екі әріпті қалдыру керек болар. Әзірбайжан осы «Ә» таңбаланатын қаріпті пайдаланады. Көз үйренген. Ал, кириллица мен ағылшын тілінен бүгінгі латын алфавитіне қазақша аударатын бағдарлама болғанымен,  керісінше аударатын бағдарлама жоқ. Өз қандастарымыз көзі үйренген кириллицамен қазақша үйренбей жүргенде, мына латыннан ада-күде безіп шыға ма деген қауіп те бар. Негізі, көш жүре түзеледі деген үміттеміз, – деп атап өтті басылым басшысы.

Бұл жиынның қазақ тілінің дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты. Жаңа әліпбиге көшу мақсатында халықты, әсіресе, жастарды қоғамдағы өзгерістер туралы хабардар ету, жастардың алдында тұрған мәселелерді түсіндіру – міндет.

Кеңейтілген кеңестің қорытындысында облыстық Қоғамдық кеңес өкілдері елдің дамуымен тығыз байланысты латынға көшудің тиімді тұстарын атады.

Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button