Руханият

Әл-Фарабиден – Абайға

«Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да, дінде жоқ» дейді Махамбет. Қазақ арасы бүйтіп бүліне қоймаған сол заманның өзінде. Сол сияқты, Әбу Насыр әл-Фараби Қазақ даласында, Отырарда туып, Самарқан мен Бұқарада білім алған біздің бабамыз, әлемдегі екінші ұстаз дейміз ғой, бірақ… Оның бір де бір еңбегінің мән-мағынасын зердемізге тоқып, ақылын пайдаланып жатқанымыз көрінбейді. «Тілде бар да, ділде жоқ» демек Фараби еңбектері. Жалпы, мені кейінгі кезде Қазақстанда фарабитанушы бар ма деген сұрақ мазалап жүр.

Фарабиді ол баста оқып біліп, соның рухымен тыныстағанда, қазақ халқы бүйтіп өзінің төл сипаты мен тамырынан ажырап қалмас еді. Ғылымнан да кенжелеп қалмас еді. Себебі, бұрынғы медреселердің беретін білімі қазіргі университеттердің білімінен кем болмағаны жөнінде кейіндері ғана жазылып жүр. Біз ескіше сауатты, медреседе оқыған дегендердің бәрі Шығыстың ілімімен, Фарабидің ғылымымен қаруланып, жан-жағын таныған зиялылар. Орыстың отарлауы келген соң, әлгіндей мешіт, медреселер қиратылды. Олардың оқытқаны тұрпайы, анайы, ескі делініп көрсетілді. Ал, сол ілімдердің негізін қалаушы Әл-Фараби дегеніміз кім? Фараби деген – Аллатану, адамтану, жантану, жертану, жаһантану, жаратылыстану, тіршіліктану, табиғаттану, аспантану, әлемтану, әлеуметтану, ғылымтану, өнертану, қысқасы, адамзат баласына нендей игілік қажет – соның бәрі бар әл-Фараби еңбектерінде. Менің кітапханадан ұшыратқаным – қалың-қалың он томдық ғылыми трактаттары. Дамашық пен Каирде аударылмай қолжазба күйінде қалған еңбектері бар көрінеді. Ондағы кітапханаларда қалған кей еңбектері соғыс кезінде өртеліп кеткен деседі. Оларды есепке алмағанда, қолдағы барын түгендеп, игілігімізге жаратып алып жатсақ, қане?

Қазақ Фарабимен ауызданса, Құдайды, дінді анығырақ таниды. Азаматтық ашық қоғамның алғышарттарын да байыптар еді. Ғалым Жаратушы Иені Бірінші Тұлға деп қарастырады. Онсыз ештеңе болмайтынын түсіндіреді. Адамзат өміріне қатысты екінші себептерді аспан әлеміндегі рухтар мен періштелер деп атайды. Таза ғылыми тұрғыда бағамдайды. Соқыр сенімге жығып, қорқытып, үркіту жоқ. Сондықтан, исламға Фарабидің жолымен бару керек сияқты. Қазақ даласындағы медреседе жоғары білім алып, ғылымнан хабары болмаса, Шоқан, Ыбырай, Абай қайдан шықты дейсіз? Егер біздің даламызда әл-Фарабидей іргелі ғылым қалыптастырушылар болмаса, олардың ілімі медреселерде оқытылмағанда, сахарада Шоқан, Ыбырай, Абай, Әлихан да тумас еді. Басқасын білмеймін, Абай Фарабиді бүге-шігесіне шейін оқып, соны сіңіріп өскені шығармашылығынан байқалады.

«Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да, қуғанға» деді Абай. Ақыл мен қайрат демейді. Әуелі адам болу керек. Қайрат пен ақылдан кейін барып «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» депті Хакім. Абайдың қайратты пайымдауы өте жоғары, абсалютті деңгейде. Ақылды, қиялды жұмсайтын Тәңірінің берген қуаты деңгейінде қарастырғанын Фарабиді оқығанда түсінеміз. Ақылы да сондай – әрекетшіл ақылдың күші, саналы қуат және ол әділеті әрі мейірімді болуы тиіс. Әділетті ақылдың алдына қоймайды. Ақылсыз ақ пен қараны, ненің әділетті, ненің әділетсіз екенін айырып болмайды ғой. Ақылы жетпейді, демек. Мұны Әбу Насыр әл-Фараби жақсы түсіндіреді ғылыми трактаттарында. «Адам пайда болысымен оның бойына ең алдымен бітетін нәрсе – күш [яғни қабілет], ол осы күш арқылы қоректенеді. Сондықтан, бұл қоректендіргіш күш болады. Бұдан соң түйсінілетін нәрсені, мәселен, жылылық пен суықтықты аңдауға мүмкіндік беретін және дем, иіс, дыбыс, [ақырында], түр-түс сияқтыларды, сәуле тәрізді көзге көрінетін зат біткенді аңдатқызатын күш [пайда болады]. Сезімнің пайда болуымен бірге адамда сезімдік аппарат пайда болады, өзінің түйсінген нәрсесін ұнатуға немесе ұнатпауға мәжбүр ететін ишарат. Сонан соң, оның бойына екінші күш бітеді, осы күш арқылы ол түйсінген, әсер алған нәрсенің сезімдік байқау әсері [көзден] ғайып болғаннан кейінгі жерде жадында сақтайды; Бұл – қиялдау күші. Мұның өзі түйсік біткенді өзара біріктіреді немесе әр алуан үйлесімдер мен жіктерге бөледі, біреулері жалған, екінші біреулері ақиқат, сонымен қатар бұл күш қиялдағы нәрсеге ынтыққан талапты демеуші болады.

Ақырында, оның бойында ойлау күш болады, осы арқылы ол интеллекцияның пайымдағыш объектілерін аңғарады, сұлулықты сұмпайылықтан айырады, сөйтіп өнер мен ғылымға ие болады». Әбу Насыр әрекетшіл ақылды жаннан биік қояды. «Әуелі, адам болған соң мейірім керек емес пе?» деген оймен «Қайырымды қала тұрғындарын» олай бір, бұлай бір ақтарып оқи отыра, соңыра көзіміз жетті. Бәрі бір ақыл биік тұрады екен. Анығында, Абай – әл-Фарабидің барынша сығымдалып, қысылып берілген нұсқасы секілді оқып отырса. Ежіктеп түсіндіретін көлдей дүниені алды-артын бүріп әкеп, алақандай дүниеге сыйдырған. Ең алғашқы компьютер де бір бөлменің үлкендігіндей болған көлемі. Қазір қалтаңа салып алып жүре беруге болады. Даналық, кемеңгерлік ілімі Абаймен де шектелмейді деген сөз.

 

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button