Бас тақырыпМәселе

Курьяновка күдер үзе ме, шідер үзе ме?

Қалада нөмірі 33-ші шахта аумағындағы Курьяновка аталып кеткен шағын аудан бар. Мұнда 2 мыңға жуық адам тұрады. Маңайында көмір қоймалары мен қара алтынды қайта өңдейтін бірнеше өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметі қарқынды. Бірақ жергілікті ата-аналар қауымы кәсіпорын ошақтарының күнделікті тірлігіне наразы…

– Кәсіпорындар ортасындағы аудан тұрғындары бұл мәселені көп жылдан бері көтеріп келеді. Заңсыз қоқыс үйінділерінің жатқаны анау. Оған отыз жыл бойы арызданып әрең тазартудамыз. Ал, енді ауаның ластығынан балаларымыз сырқаттанатынды шығарды. Осындағы кез келген бала аузын ашса, күйе басқан көмекейі көрінеді. Әуе де күйе. Ақ бұлт көрмеген аудан бұл, – дейді тұрғын Райан Баталова.

Көмір тиеген көліктер жақын маңдағы жолдармен жиі қатынайды. Қоймалар күнара ашық күйінде. Кент шетіндегі қоқыс үйіндісі ондаған жылдар бойы жиналып қоқыстауға айналды. Әртүрлі себептермен көп жылдар бойы Қарағанды маңынан қоқыс шығаруды жолға қою мүмкін болмаған. Әйтеуір не керек, Президентке хат жіберіп, о жақтан пәрмен келген соң ғана екі жыл бұрын түйіні тарқады. Ендігіде қоқыс арнайы полигонға тасымалданады. Бірақ, отыз жыл бойы жерге сіңген, шіріген күлімсі иіс желемік тұрса болды, қолқаны қабады. Әлихан ауданы әкімдігінде рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінен полигонға 13 мың текше метр қоқыс шығарылды деген ақпарды алға тартты. Дегенмен, бар аумақты қоқыстан тазарту үшін бөлінген қаржыландыру жеткіліксіз болды.

– Қызым сабақтан келеді. Үстібасын жуындырып тазарту деген қияметке айналды. Шахтадан жаңа келген кенші құсап жүргені. Кәсіпорын қызметкерлері дала жолдарымен жүріңіздер деген өтінішімізге құлақ аспайды. Жоқ. Сүйінші сұрап келгендей, аудан орталығындағы күре жолдармен өтеді, – дейді тұрғын Евгений Медведев.

Мұндағы елдің мәселесін Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшылығының назарына жеткізгеніміз сол еді, едел-жедел жауап алдық. Олар хабардар екен. Тексеру амалдарын да жүргізіп үлгерген.

– Өндіріс компанияларының қызмет түріне қарай қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығаратыны жасырын емес. Яғни, технологиялық жабдықтың жұмысынан, көмір қоймасынан таралған шаң-тозаң былайғы жұрттың денсаулығына залал келтіруде. Кәсіпорын қызметкерлері шаң басатын технологияларды қолдану қажет. Тексеру барысында бұл амалдың атқарылмайтыны анықталды. Аталған кәсіпорындар басшылығына заң бұзушылықты жою турасында нұсқау жолданды, – деді департамент басшысының орынбасары Дархан Исжанов.

Майшаммен қарар мәселелері қордаланып қалған жұрт өздерін «тамұқта қалған таңдаулылардай» сезінеді. Үміттен күдік басым. Шыдамның да шегі бар. Зілмауыр техника әрі-бері қойма кезумен жол атаулысының түгін қалдырмаған. Жұртшылықтың мұндағы жүдеу тірлігіне көз жүгіртсеңіз, көңіліңіз қоса жүдейді. Іштей жол іздеген курьяновтықтар «бұл арадан шұғыл көшу керек» деген ойдың жетегінде жүргендей. Уәдесі көп, жылуы жоқ жергілікті құзыретті мекемелерде де қылар қайран кем. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері. Содан еріксіз, көзжұмбайлық қылмақ. Ол аздай балалар мектепке барар жолдағы көпір қираған күйі тұр. Жұрт көпірді қолдан жасап алған көрінеді. Жергілікті әкімдік бұл араға футбол мен балалар алаңын салған. Көңіл жұбататыны – осы. Ал, енді түнде жарығы, күндіз жолы жоқ бұл ықшам аудан – баяғы бәз қалпында…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button