Руханият

Креативті оқушы – заман талабы

Егеменді еліміздің болашағы жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен өлшенеді. Қазіргі заманғы білім беру – әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Мемлекетті нығайту, көркейту үшін өмірге жаңаша көзқарастағы, білімді, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі туындады. Сондықтан, қандай халықтың даму стратегиясын алып қараса, онда өскелең жас ұрпақты елін сүйетін отаншыл, саналы, тәрбиелі етіп шығару — басты бағдарларының бірі.

Қазіргі жас – ертең халық тағдырын шешетін азамат. Білім беру ұйымдарының алдында күрделі міндет тұр. Ол саналы ойлайтын, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, креативті ойлайтын, ертеңгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару бүгінгі күнде аса маңызды мәселе.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз білім – ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен басталады» – деген болатын. Ал, қазақтың заңгер жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты теңеретін – білім» деп айтқандай, білім бәсекесіне бейім шәкірт тәрбиелеу – біздің мақсатымыз.

«Креативтілік» – тез ойлап табу, жаңалық ашу, аяқ астынан ақыл табу, терең сезім, толғаныс, интеллектуалдық биіктік, ұшқыр ойлылық деп анықтама беріледі. Креативтілік – өркендеуге, дамуға, нәтижеге жетуге бағытталған. Креативтік технология бойынша ізденушілік, зерттеушілік, эвристикалық әдістермен жұмыс жасалады, қиялдауға итермелейді, қысылмай өз ойын айтуға мүмкіндік береді. Аталған әдіс-тәсілді іс-жүзінде іске асыру мақсатында №102 мектеп-гимназиясы ұстаздарының арасында «Гуманитарлық пәндерді оқытудағы креативтік әдіс-тәсілдер» тақырыбына тренинг өтті. Шара барысында «Болжау әдісі», «Аяқталмаған сөйлем», «Доп лақтыру» жаттығуы, «Қабырғадағы роль» әдісі тәрізді креативтік әдіс-тәсілдер қолданылып, қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Іс-шара қызықты болу мақсатында презентация, қазақ әндері аудиожазбасы сияқты ресурстар қолданылып, залды түрлі түсті шарлармен безендіру, ерекше топқа бөлу, сабақты «От шашумен» аяқтауы да жаңаша көзқараспен ұйымдастырылды.

Осындай тренингтердің ұйымдастырылуы ұстаздардың жаңаша мазмұнды білімге деген көзқарастарын дамыта отырып, шығармашылықтарын шыңдайды.

Д.АМАНТАЕВА,

102 мектеп-гимназияcының қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button