Бас тақырыпРесми

Коронавирус: шұғыл шаралар қабылданды

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкіметке Қытайда таралған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Бұл жөнінде ол өзінің twitter желісіндегі парақшасында жазды. Осыған орай, Премьер-Министр Асқар МАМИН вирустың таралуына жол бермеу және алдын алуға қатысты шұғыл кеңес өткізді. Себебі, еліміз – жоғары қауіп-қатер аймағында.

 

Соңғы ресми деректерге сүйенсек, аталмыш вирусты Қытайда 1975 адам жұқтырса, 56-сы қайтыс болған. Елімізде жаңа коронавирусты инфекция жұқтырғандар тіркелген жоқ. Дегенмен, барлық қызметтер сақадай-сай.

Министрлер және Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы орын алған жағдай мен атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды. Енді, мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауы күшейтіледі. Сондай-ақ, Қытайдан келгендер тұрғылықты жері бойынша медициналық бақылауда болады. Қытайға қызметтік іс-сапарлар, елімізге 72 сағаттық визасыз келу режимі де тоқтатылады.

«Қорғас» ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысы да уақытша тоқтайтынын айту керек. Коронавирусқа қарсы жүргізілген іс-шаралар қатарында, қажет болса, Қазақстан студенттері мен басқа да азаматтарды шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету де бар.

Ал, Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құрылып, оған елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Бұрын да айтқанымыздай, вирусқа қарсы вакцина табылған жоқ. Мутацияға ұшырап, адам ағзасында өмір сүруге бейімделген инфекция бұған дейін жануарларда ғана болуы және зерттелмеуі қиындық тудыруда. Оған қарсы вакцинаны екі компания әзірлеуге кіріскенімен, бұл ұзақ уақытты талап етеді. Вакцина дайындау үшін ауру адамдардан вирустар жинап, олардың генетикалық материалын бөліп алу керек. Бұл – бірінші тәсілі. Ал, екінші тәсіл – ауру тудыруға қабілетсіз өлі вирустың көшірмесін жасау. Екі процеске де кемінде екі жыл қажет деп отыр ғалымдар.

Сондықтан, орны толмас өкінішке жол бермес үшін, дәрігерлер қолды сабынмен жуу немесе гигиеналық құралдармен сүрту, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызбен мұрынды қолмен немесе шынтақпен бүркемелеу, суық тиген немесе тұмаумен ауырған адамға мейлінше жақындамау, ет пен жұмыртқаны термиялық өңдеуден өткізу немесе тек әбден пісіріп қана жеу, жабайы аңдар мен үй жануарларын қолмен ұстамауға кеңес беруде.

 Бұған дейін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирустың өршуі шұғыл шараларды талап ететінін, бірақ жаһандық маңызы бар төтенше жағдай болып табылмайтынын мәлімдеген болатын.

Басқа материалдар

Back to top button