Коронавирус: қоғамдық жерлерде бетперде тағу ұсынылды
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Юрий Залыгин эпидемиологиялық жағдай туралы айтты. Аймақта маусымдық респираторлық инфекциялар, тұмау және коронавирустық инфекциялар өршуде. Жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 36 жағдайы тіркелген.
– Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 14,7 есеге төмендеуі байқалады. Бірақ ақпан айының 14 күнінде КВИ-дің 17 жағдайы тіркелді. Белгілі бір өсу жүріп жатыр. Басқа облыстарда да коронавирустық инфекцияның шамалы өсуі байқалады, – деді Юрий Залыгин.
Жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) екі есе өсті. 2023 жылғы 1 қазаннан бастап 2024 жылғы 14 ақпанға дейін облыста жіті респираторлық инфекцияларды жұқтырудың 72 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Науқастардың негізгі үлесі – 14 жасқа дейінгі балалар. Осы кезеңде өңірде тұмау ауруының 80 жағдайы анықталды. Олар Приозерск қаласын қоспағанда, облыстың барлық аумағында тіркелген.
Өңірдегі қызылша бойынша жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері 562 зертханалық расталған жағдай тіркелді. Облыстық көрсеткіштерден асып кеткен негізгі сырқаттанушылық Қарағанды, Балқаш, Шахтинск, сондай-ақ Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында байқалған. Науқастардың жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл ретте науқастардың 88%-ы екпе алмаған. Бұл аурудың таралуын болдырмау үшін аймақта қосымша иммундау ұйымдастырылды. 58 522 адам екпе алды, оның ішінде 6 айдан 11 айға дейінгі 4619 бала және 2 жастан 4 жасқа дейінгі 35 203 бала бар.
– Барлық аталған вирустық инфекциялардың алдын алудың ең тиімді жолы – адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағу. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 8 ақпандағы қаулысына сәйкес, адамдар көп жиналатын орындарда: әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, базарларда, СОО-да және т. б. театрлар мен кинотеатрларда, ХҚКО-лар мен банктерде медициналық немесе мата маскаларын қолдану ұсынылады. Бетперде тағу көліктің барлық түрлерінде де маңызды. Бұл ретте персонал мен келушілердің медициналық ұйымдарда маскаларды пайдалануы, антисептиктердің болуы міндетті, – деп атап өтті Юрий Залыгин.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz