Covid-19Бас тақырыпКоронавирус

Коронавирус көбеюі мүмкін

Қазан басталғалы ел аумағында коронавирустың таралуы тежелгендей. Статистикалық мәліметтер республика көлемінде күнделікті 50-60 жағдай анықталатынын көрсетеді. Дегенмен, басталған тұмау маусымымен бірге коронавирустың өршіп кету қаупі де жоқ емес.

Мұндай ойға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисустің сөзі жетелейді. Ол қазіргі уақытта Еуропаның бірнеше елінде COVID-19 өршігенін айтқан.

«Бұл күтілген жағдай. Себебі, күн суыды, адамдар бір ғимарат ішінде көп уақыт бірге өткізетін болды, оның үстіне, кейбір елдер шектеу шараларын алып тастаған. Алдағы уақытта да КВИ жұқтырғандар арта бермек. Бірақ, өлім-жітім көп болмауы тиіс, себебі, бізде вакциналар мен терапевтік құралдар жеткілікті» – деген болатын Тедрос Аданом Гебреисус. Ол әлі күнге дейін әлем бойынша «омикрон» штамының басым екенін және ұйым оның 300-ден астам түрін бақылап отырғанын атап өтті. Коронавирусқа қарсы шектеулер тұмау вирустарының да таралмауы әсер еткені рас. Дегенмен, қазір ешқандай шектеу жоқ, тұмаудың да белең алуы әбден мүмкін. Мұны айтып отырғанымыз, коронавирус пен тұмаудың белгілері ұқсас. Адамның оның қайсымен ауырғанын тек клиникалық зерттеулер арқылы анықтауға болады. Ресейлік пульмонолог Андрей Малявин қазіргі коронавирус мұның алдыңғыларынан қарағанда өзгеше екенін айтады.

– Коронавирустың қазіргі штамы жоғары тыныс алу жолдарын зақымдайды. Ларингитке ұқсас. Дене температурасы да көтеріледі. Бірақ, бір «жағымды» жағы – өкпені зақымдамайды. Интоксикация қатты болса да, өкпе сау қалады. Мұның алдындағы штамдар өкпені құртып, соның себебінен өлім-жітім көп болғанын білеміз. Ендігі мәселе, 17 жасқа дейінгі балалардың ауыруы жиіледі. Өкінішке қарай ол өсе береді, – дейді дәрігер.

Қазіргі күні анықталып жатқан КВИ жағдайлары аз. 6 қазанда елде коронавирус инфекциясын жұқтырған 45 адам тіркелді, оның төртеуі – біздің облыстан. Пандемия басталғалы бері 1 393 884 адамның індет жұқтырғаны зертханалық тұрғыда дәлелденді. 161 163 адам аймақтың «үлесінде». Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі мәліметінше, 1102 адам коронавирустан ем алып жатыр. Ауыр жағдайда – 5, аса ауыр халде – 3 адам бар. Өкпені жасанды желдету аппаратына 1 адам қосылған.

Дәрігерлер коронавирусқа қарсы вакцинация мен ревакцинация жасатуға кеңес береді. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 10 836 334 адам, екіншісін 10 594 679 адам салдырды. Сонымен қатар, «Pfizer» вакцинасының бірінші дозасын – 1 239 683 адам, екінші дозасын 1 202 062 адам алды. Оның ішінде, жасөспірімдер, бала емізетін және жүкті әйелдер бар.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button