Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Компьютерлік томография – озық технология жемісі

Адамзаттың игілігі үшін жасалып жатқан заманауи озық технология бүгінде өз жемісін беруде. Майқұдық кентіндегі Аймақтық акушер-гинекологиялық орталығында 6 желтоқсан күні компьютерлік томография орнатылды. 8 желтоқсанда аталған мекемеде пайдалануға берілген құрылғының таныстырылымы өтті. Бір қуантарлығы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай алғашқы тіркелген 30 адам КТ-дан тегін өте алады.

Қазіргі кезде ағзаның ішкі құрылысына үңіліп, ауруды табуға осындай заманауи құрылғылардың көмегі зор. Бұл диагнозды дұрыс қоюға және дұрыс ем жүргізуге көмек береді. Аталған медициналық орталықтың басшылығына алғыс айтқым келеді. Компьютерлік томографиядан тегін өтуге және басқа да анализдерді тапсыруыма мүмкіндік берді. Шындығында, мені жатыр мойыны бөлігі мазалайды. Үнемі басым ауырады. Сол бөлікте қандай да бір өзгерістер орын алып жатқанын білу үшін дәрігерге тексерілуді жөн көрдім. КТ-дан бүгін өттім, ал ертең қорытындысы шығады. КТ-дан тегін өтуге болатынын инстаграм парақшасынан білдім, – дейді пациент Гүлнар Каткеева.

Біздің ұйым озық технологияның көмегімен жасалған жаңа аппарат – компьютерлік томографияны орнатты. Мұның бір ерекшелігі – шудың жиілігі төмен және суреттегі дәлділік жоғары. Бұл аппарат Оңтүстік Кореядан әкелінді. Бізде компьютерлік аппаратпен жұмыс істейтін 3 лаборант бар. 1 ай бұл кабинетте күндізгі бөлімде ғана жұмыс жүргізіледі, ал одан кейін 24 сағат бойы жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 пациентке КТ-дан тегін өтуге мүмкіндік бердік. Кез келген жерде КТ-дан өтудің бағасы 15 мың теңге. Біз де алғашқы 30 адамнан соң ақылы түрде өткізуді бастаймыз. Қазіргі таңда қосалқы мердігерліктің көмегі арқылы емханалармен келіссөз жүргізуді жоспарлаудамыз. Емханалардан жолдамамен келген науқастарды біз КТ-дан тегін өткізетін боламыз, – деді аймақтық акушер-гинекологиялық орталығы директорының емдеу бөлімі бойынша орынбасары Ольга Гордейко.

Аталған орталық директорының орынбасары Андрей Буйненконың айтуынша, аталған аппарат Октябрь ауданы бойынша орнатылған үшінші аппарат. Сонымен қатар, КТ буын аурулары, құрсақ қуысы, бас миы және орталық жүйке жүйесін зерттеу, кіші жамбас ауруларын анықтауға мүмкіндік беретінін айтты. Лаборанттар аппарат қызып кетпеуі үшін 17С тұрақтылық сақталуы тиіс екенін айтады. «Контрастылы заттармен түсіргенде, әсіресе, кеуде қуысын түсіргенде өте анық көрсетеді. Аппаратпен түсіргенде сәулелену жиілігі төмен. Яғни, адамдар үшін аса қауіпсіз», – дейді лаборант Ақылжан Мұқатай.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button