Бас тақырып

Коменданттық сағаттағы Қарағанды

Сағат 22:30. Діттеген жеріме заулап келемін. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан ҚҰДИЯР күтіп тұр. Зырғақтап келе жатқан мен ғана ма десем, кездескендер де аптығы басылмай асығып барады. Иә, жарты сағаттан соң коменданттық сағат енеді. Үйлеріне жетіп үлгеруі керек. Жолға қараймын, көліктер де жылдам жүйткиді. Дегенмен, әдепкі күндегідей көлік қозғалысы жоқ. Әжептәуір саябырлап қалған. Әйтпесе, бізде де көлік саны күн өткен сайын өсіп келеді ғой…

…Біз құқық қорғау органы қызметкерлерінің қоғамдағы қазіргі имиджі жайлы өзара пікір алмаса келе, Қарағанды-Алматы тасжолындағы блокбекетке де жеттік.

Жол-патрульдік полиция инспекторлары Серік ЖАРҒАЙ мен Қайыржан АСҚАР

«ЖҰМАБЕКТІҢ БАЖАСЫМЫН» НЕМЕСЕ «КІМНІҢ КӨКЕСІ БОЛСАҢЫЗ ДА»…

Блокбекет жасақталған сарбаз құрамымен мықтап бекітілген. 5-10 минуттан соң блокбекеттің шлагбаумы жабылады. Тәртіпке сай қаладан не әрі, не бері өте алмайсыз. Санаулы минут қалғанын сезінген жолаушылар жылдамдықты асыра келіп тоқтап жатыр. Өйткені, амал жоқ, өтіп үлгеру керек.

22:59. Полицейлер сағатына қайта-қайта қарайды. Тәртіптің аты тәртіп. Заңды бұлжытпай орындау керек. Жарты минут қалғанда Алматы жақтан «Volkswagen Polo» көлігі блокбекеттен өтіп үлгерді. Жүргізушісі «уф» деп түсті құжаттарын алып. Көліктің іші және жүк салғышы тексерілді мұқият. Нұржан Тұрабеков есімді азамат жол бойы 10 шақты блокбекеттен өтіп, Нұр-Сұлтан қаласына уақытында жете алмай қалғанын айтып қынжылады. «Таңғы 7-де Алматыдан шыққанбыз. Жолдың жарты уақыты блокбекеттерге тоқтаумен өтті. Тәртіп қой. Қарағандыға қонамыз, басқа амалымыз жоқ» деп жақын маңнан қонақ үй іздеп кетті.

23:06. Қала ішінен жарық көрінді. Бағыты бізге қарай. Үміті бар өтуге. «Nissan Patrol» тоқтады.

– Жігіттер, Құрылыс ауылындағы үйіме жетуім керек. Көлікте үлкен кісі бар. Соны күтіп, кешігіп қалдым.

– Заң бәріне ортақ. Біз бұйрықты орындау керекпіз. Ертерек қимылдауыңыз керек еді, түсіністік танытып кері қайтуыңызды сұраймын. Жүргізуші амалы жоқ, ашуға мінді де ойқастатып кері қайтты.

23:17. Алматы бағытынан бір көлік келе жатыр. Нұр-Сұлтан қаласын бетке алыпты. Тәртіп сақшылары әуелі көлігін тексеріп, сөмкелерінің ішін де мұқият қарап шықты. Тексеріп алды да, өткізе алмайтындарын айтты. Мұнысын жүргізуші де сезіп, біліп тұр. Сөзге келмеді де, кері бұрылып, таңғы 7-ге дейін тосатындарын айтты. Блокбекеттегілердің жаны ашып тұрғанын жанарларынан-ақ байқап тұрмыз. Алайда, бұйрық бәріне ортақ.

23:20. «ВАЗ-2114» көлігі қала жақтан келеді. Құжаты тексерілді. Жол-патрульдік полиция қызметкері жағдайды түсіндіріп тұрса, көндігетін түрі жоқ. «Бәленшенің ағасымын ғой. Бәрібір өткізесіңдер ғой, жігіттер» дейді өктем дауыспен. Былтыр «Жұмабектің бажасымын» деген әңгіме трендке айналып кеткен еді ғой. Сол есіме түсіп кетті кенеттен. Бажасына әбден сенім артып алған түркістандық аза мат полицейлерге қарсы келген ғой. Кесірі сол, үлкен лауазым иесі Жұмабек жұмыстан қуылған. Әлеуметтік желіде әбден талқыланып, бұл жайлы ән де жазылған-тын. Абырой болғанда әлгі жүргізуші сенім артқанына қоңырау шалмады. Тәртіп сақшысына мұндай әңгіме қайдан ұнасын, «Кімнің көкесі болсаңыз да ренжімеңіз, өткізе алмаймыз» деп кері қайырды. Ол да тулап-тулап нәтиже жоғын ұқты. Блокбекетте жарты сағаттай аялдадық та қала орталығына беттедік…

«ҮЙ ЖАТЫРҚАЙМЫН» ДЕП БӨЛІМШЕДЕ ТАҢЫН АТЫРДЫ

Республика даңғылымен келеміз. Қала тып-тыныш. Мұндай көріністі алғаш көруім. Күндіз де, түнде де көліктері әрлі-берлі сабылып жататын Қарағандыда өлі тыныштық. Көшеде тек көзге көрінетіні – қар тазалап жүрген техникалар мен арнайы автобустар. Иә, түнгі 23:00-ден кейін такси мүлдем тасымалдамайды. Ал, жергілікті билік арнайы автобустарды дайындап қойыпты. Түнде поездан, автобустан түскен жолаушыларды аялдамаға дейін жеткізеді. Біз қалаға жеткенше «Жеңіс» саябағының, Бұқар жырау даңғылы мен Дүйсембеков көшесінің қиылысында және «Грандстор» сауда үйінің жиегінде тоқтатып тұр екен жол-патрульдік полиция қызметкерлері. Сонымен, біз бүгін Михайлов ауданын қадағалаймыз. «Біссіміллә» деп жол-патрульдік полиция инспекторлары Серік Жарғай мен Қайыржан Асқардың қызметтік көлігіне жайғастым. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері үй көрмепті. Үш ауысымда алмасып қызмет ететін олар екі ауысыммен күшейтілген ре жимде қызмет етуде. Казармаға тек мызғып алуға барады. Кешкі 6-дан таңғы 9-ға дейін жұмыс. Бағамдай беріңіз еселі еңбектерін. Әрине, тәртіп пен елдің тыныштығы үшін.

Сағат 00:11. Чкалов көшесінен сұр «Mercedes-Benz» көлігін байқап қалып, дыбыс дабылын қосты. Облыстық клиникалық ауруханадан әйелін алып келе жатыр екен. Бұған дейін жедел-жәрдем көлігімен сонда түскенін мәлімдеді. Қолында – емхана берген құжаты. Инспектор ақжол тіледі. Аманжолов көшесін бойлап келеміз.

Сағат 00:17. Шұғыл қоңырау түсті. «Ермеков 62» мекенжайына 3-4 минуттың мұғдарында жеттік. Қыз бала көмек сұрауда. Қырсыққанда біз баратын пәтердің домофоны істен шығыпты. Күшпен ашып, 9-шы қабатқа зырғи жүгірдік. Түрлі ойлар келді. Әдетте шалт қимылдауға жоқ менің өзім шаршағанымды да сезбей қалдым. Есіктен енгеніміз сол, екі құрбы өзара жанжалдасып, біз келгенше сабырға келгендерін айтады. «Тәубе» деп жұмысымызды әрі қарай жалғадық.

01:21. Кеншілер мәдениет үйі алдынан «Газель» көлігін тоқтаттық. Жұмысынан берілген рұқсат қағазын көрсетті. Сөйтсек, өзіміздің «Арко» баспа үйінің жүк көлігі екен. Біздің газетті тасып жүр. «Сіздің әріптесіңіз екен» деп мәз болады инспектор мырза.

01:49. Ермеков көшесі. Аспай-саспай бағдаршамның жасыл жанғанын күтіп тұрған ағайды аңғарып қалдық. Тоқтатып, құжатын тексердік. Бәрі дұрыс. Қарағанды экономика университеті жақтан келеді жаяулатып. Қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданына беттеп барады. Қонақтан шығыпты. Полицей: «Тәртіпті білесіз, сонда қонғаныңыз дұрыс еді ғой» десе, ағамыз саспайды, «біреудің үйіне жата алмайды екенмін» деп жауап қайырды. Не керек ағамызды көлікке салып алғалы жатыр едік, тағы бір азамат бой көрсетті. Поезбен Петропавлға жол жүреді екен. Жол жүру құжатын көрсетті. «Ақжол» тіледік. Ал, қонақтан шыққан ағамызды Михайлов полиция бөліміне жеткіздік. Инспектор Серік Жарғайдың сөзінше, белгілі бір себеппен болса, түсіністік танытады екен. Мәселен, дәріханаға шықса деген секілді себептермен. Ал, бізде бір орында аялдау жоқ. Берілген аумақты әрлі-берлі кезіп жүрміз. Біреу-міреу кезігіп қалар деп. Жоқ. Түннің бел ортасы ғой. Ендігі қала мүлгіген.

02:30. Рация дабыл қақты. Ермеков көшесі 85 үйге жол тарттық. Тұрмыстық жанжал болған екен. Біз жеткенше тынышталыпты. Оған да «тәубе» дедік.

Өткен күнмен салыстырғанда тәртіпке бағынбағандардың саны әлдеқайда азайыпты. Алғашқы күні біз жүрген ауданның өзінен Төтенше жағдай ережесін бұзған 40-қа жуық тұрғын ұсталыпты.

Біз рейдке шыққан күні облыс бойынша 34 заң бұзушылық тіркелген екен…

P.S: Тағы бір дүние жаза кеткім келіп тұр. 11 қаңтар. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана тұсынан ит қауып алған қала тұрғынын ұстапты. Оның да ем-дом қабылдап шыққанын растайтын құжаты бар қолында. Түн жарымда такси жоқ. Ал, инспектор Серік Жарғай мен Қайыржан Асқар Кірпіш зауытындағы үйіне жеткізіп салыпты. Иә, ізгілікке әрқашан орын бар…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суреттерді түсірген АВТОР.

Басқа материалдар

Back to top button